Қарақұм, қайда барасың?
Қарақұм беткейінің біраз бөлігі құмды, көгі аласа болса да төрт-түлікке ерекше жайлы екенін көнекөз қариялар жиі айтатын. Күндіз бірін-бірі көлеңкелей жайылған мал, түнгі қоңыр салқынмен қоңдана түседі. Көңіл ауған кез келген жерге күрек қадап, құдық қазсаң кермек дәмі бар тіршілік көзі үйір-үйір ірі қараның шөлін қандыратын. Көктемнің алғашқы күндері жарыса өскен қырдағы көк қарақұмдық шаруалардың көңіліне демеу болған еді. Көп ұзамай өскіндер көк аспанға қол жайып, жауын жаумағасын жапатармағай жайпалып қалды. Көршілес Арал ауданындағы қуаңшылық Қазалыны да айналып өтпесі анық. Бүгіннің өзінде төрт-түлік құрғақшылық салдарынан өле бастады. Бүйткен мал қысқа қалай кіреді? Шаруалар шет облыстарға неге үдере көшіп жатыр? Ал жергілікті атқарушы биліктің мал қырғынынан хабары бар ма? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
Далаға шөп «шашу» мәселені шешпейді
Бүгінде өңір басшысының тапсырмасымен жедел жиын шақырылып, қиындықты еңсеру жолдары талқыланып жатыр. Атқарушы билік ірі шаруа қожалық иелерінің пікірін тыңдап, мал азығын жеткілікті ету үшін бюджеттен көмек алып берер ниеті бар. Әзірге қуаңшылықты еңсерудің нақты формуласы болмаса да, жауаптылар басқа аймақтар мен көрші аудандардан асарлатып мал азығын тасып беруге тоқталған. Аралмен тағдыры егіз Қазалы ауданында да шөп таппаған мал Ақтөбе аумағына жылжып барады. Жергілікті шенеуніктер бұл мәселеге көршісіне қол ұшын бергеннен кейін кірісетінге ұқсайды.
– Биыл қыста қар, көктемде жауын жаумағандықтан Арал шаруаларының ірі-қарасы өлім-жітімге ұшырауда. Осыған байланысты біз бүгін көрші ауданға көмек ретінде 10 тонна жем мен бір машина жоңышқа шөбін жөнелтетін боламыз. Мұндай шешім облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жахановтың селекторлық мәжілісінде қабылданды. Өңір басшысының орынбасары Аралдағы жағдай Қазалыда қайталануы мүмкін екенін ескертіп, ауылдағы ағайынға жем-шөп қорын даярлауды ескертуді тапсырды, – деді аудандық ауылшаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Сапарбек Қуатов.
Сырдың арнасы бүгін-ертең суға толғанымен жайылымдағы жағдай аса өзгермейтіні түсінікті. Демек жергілікті аша тұяқтылардың да аштық көруі әбден ықтимал. Десек те далалыққа шөп шашу «мәселені шешу үшін қол қусырып қарап отырған жоқпыз» деген әңгіме айтуға жарамаса, төрт-түлікті семіртпейтіні анық. «Аян» шаруа қожалығының иесі Ибайдулла Тілеп солай деп отыр.
– Далалық пен жайылым Сырға су құйылғанша осы күйінде қалады. Көлдер жүйесі мен теңізге қалай болғанда да су әкелу керек. Биыл үй жануарлары бағына қарай қыстан өтер. Келер жылы да осындай қуаңшылық болса мал шаруашылығының тақыры таяды дей беріңіз. Жақында әлеуметтік желіден көрші елдермен меморандумға қол жеткізілгені туралы оқыдым. Бірақ екі ай көлемінде болмашы текше метр ресурс бізге аяқсу мен ауызсу ретінде ғана көмек бере алады. Жайылымға емес. Шекараның арғы бетінен аққан 350 миллион текше метр тіршілік көзінің Қазалыға жеткенше тамшысы да қалмайды. Қазір теңізге секундына 9 текше метр су құйылуда. Оның 5-7 текше метрі бір секундта буға айналып кетеді. Сондықтан су мәселесін шешудің ауқымды амалын табуымыз керек, – дейді қожалық иесі.
Құдықтан су қашты
Дария нәрлендіріп отырған көлдер жағалауының шегінгені туралы талай айтылып жүр. Балық шаруашылығы мен жағажай демалушылары есебінен күн көріп отырған кәсіпкерлердің де жағдайы мәз емес. Сырдың қуаты сыр берген тұста жер асты суын да таязданып барады. Осыдан бірер апта бұрын Қызыләскер, Нарөлген деген атпен белгілі аумақтардағы құдықтардың қуатын бақылап қайтқан едік. Өзеннен қашық орналасқан құдықтар оған тәуелді емес деп қателесіппіз. Өйткені түбі ондаған метр тереңде жатқан артизан суы одан әрі шөге түскен. Қарақұмдағы құдықтардың күйі тіптен аянышты.
– Көктемде Сыр құшағы суға толды. Бұған дейінгі жылдары өзенде өмір барда құдықтан су қашқан емес. Қанша жыл осы салада еңбек етіп келе жатқасын сеніммен айтуыма болады: дария сол құдықтарға дренаж ретінде қызмет етіп келді. Шынында да жер астынан шығатын су мен дарияның арасы 50 шақырымнан асып жығылады. Әсер етпеуі керек деп ойлау заңды. Алайда осыған дейін таңертең үш текше метр тіршілік көзі оңай шығатын құдық қазір үш есе аз су береді. Ғылыми дәлелденбеген дүние екені рас, бірақ құдықтағы ресурс Сырдың суы болмағасын қашты дегенге сенемін, – дейді И.Тілеп.
Қазалыдағы қуаңшылық
Әзірге малдың жаппай қырылуы туралы хабар жоқ. Оған дүйім жұрт шүкіршілік етеді. Бірақ аштық салдарынан мертігіп жатқан мал саны аз емес. Мұның салмағы шаруа қалтасына түскесін олар аман малын сатып құтылуды көздеп отыр. Жұрт Қарақұм беткейіндегі бір малшының 17 үйір жылқысын сатылымға шығарғанын айтуда. Басқа малшылар құлынды биесін 200-250 мыңға бағалағаны да осындағы алыпсатарлардың қызығушылығын оятты.
Шөлқұм, Орысбай, Шәкен далалығында осы кезде жұдырықтай жусаннан басқа шөп жоқ. Оған жайылған малдың жағдайын айтып отыру да артық. Жақында ғана Қарақұмды шолып, бордақыға мал іздеп қайтқан Жұмабек есімді кәсіпкердің: «Үйір жылқы ішінен сойысқа мал таппадым», – деген хабары көптің ұнжырғасын түсіруге жетіп жатыр. Жақында құм беткейден үйір жылқы сатып алған азаматтың да базынасы ел аузында. Діттеген жеріне жеткенше арып-ашқан ондаған жылқының айғыры ғана аман қалған көрінеді. Себебі, жұдырықтай шөпке ауыз салған жылқы тапал шөпті тамырымен, құм-топырағымен қоса жеген. Ол малдың қырыққатында қатып, арам өлтірген. Сол сияқты Шөмішкөл, Бекарыстан би, Ү.Түктібаев ауылдарына қарасты қайтқан көлдің суына, көкқұраққа жетемін деп батпаққа батып өлген мал қаншама?! Жауапты сала мамандары мал өлімі тіркелмегенін айтады. Сөйте тұра бұқара неге үнсіз?
Малшылардың ашынып, шағым айтпауының жалғыз себебі – малын мемлекеттік тіркеуге қоймағанында. Шаруа қожалықтарын есепке алмағанда, жеке тұлғалар арасында төрт-түліктің бір бөлігі ғана салық басқармасына белгілі болуы мүмкін. Қазіргі өлген малдар тіркеуде жоқтың есебінен кетіп жатыр. Ал биліктің хабары бар түліктерге кезек келгенде жеке адамдар шу шығаруы бек мүмкін. Мұндай заңбұзушылық жеке шаруаларға мемлекеттік субсидия таратқанда да, қолдау ретінде мал азығы үлестірілгенде де таяқ болып тигелі тұр.
Ашыққан мал алысқа қарайды
Ендігі жауын жайылымға қиындық әкеледі. Даладағы мал талғажу етіп отырған «қараотты» құртады. Қарабарқын, сексеуіл, түзгін көктеп тұрғанда оған су тисе күн күйдіріп жібереді. Бірақ бұл азық та көпке жетпейтінін түсінікті.
Қарақұмдағы ағайын енді шама-шарқынша тірлік істеп жатыр. Қысқа дайындықты қазірден бастап кетті. Бұдан бөлек әрі қарай тереңдей көшіп жатыр. Әсіресе Шәкен, Шилі аумағындағы шаруалар Ақтөбе, Жезқазғанның даласына аяңдап барады. Ол жақта көк жеткілікті. Күз жақындағанда қалған малшылар да үйірін алдына салып, сонда қарай жайылады. Малға қалай болғанда да қоң жинату керек. Әйтпесе қыста көк шығынға ұшырауы мүмкін.
Құм беткейде төрт-түлікке жұт келмегенімен бірталай ірі қараның ажал құшқанынан аудандық ветеринариялық станция хабарсыз. Бөлімнің бас маманы Ғани Махмутов: «Қарақұм беткейдегі мал өліміне байланысты ресми хабар түскен жоқ. Осы кезде ауылдық округтердегі ветеринарлармен хабарласып, зерттеп, зерделеу жұмысын жүргізудеміз», – деп қысқа қайырды. Бұл да шаруа малдарының барлығын мемлекеттік тіркеуге қоймағанын көрсетеді.
Көрші елден су сұраудың керегі жоқ
Негізі әлемдік тәжірибеде суға байланысты саяси амал жеткілікті. Осындайда қазақтың қойдай жуас мінезіне қамығып қаласың. Бірер жыл бұрын шекарадағы өзбек су қоймасы жарылғанда көңілдің кеншілігіне салдық. Сол кезде-ақ өңештен өткенін жұтып, сыймағанын ұртына толтырған өзбек билігінің сараңдығын байқадық. Бұдан бөлек тәжік, қырғыздар кескестеген суға да мұқтаждығымыз бары белгілі.
Орта Азиядағы қуатты мемлекеттің бірі саналатын Қазақстанның қолында көптеген экономикалық қару бар. Территориясы әлемде тоғызыншы орынды алатын көшпенділер елін көк аспанда айналып өту қай мемлекетке де оңай соқпасы анық. Жібек жолын жаңғыртып, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистралы қазақ даласын кесіп өтетінін де осындайда ескермейміз. Шойын жолдағы қаншама сауда мен жолаушы қатынасынан көрші елдер айырылып қалғысы келмес еді. Сонда трансшекаралық аймақтағы елдерге лимитті толыққанды үлестірмей отыр. Экономикалық қысым жасауға сәл тентектік жетпей тұр. Бұдан кейін көрші мемлекеттер келіссөзге келуге өздері-ақ ұмтылар еді. Бұл үшін халықаралық ұйымдар қабақ шытары анық. Десек те «бейбітшілік сақшыларының» көңілін табу аса қиын емесін тарих көрсетіп келеді. Есесіне елдегі су мәселесіне байланысты барлық мәселені түпкілікті шешуге болар ма еді?!
Шабындықтағы баға шарықтап тұр
Аудан әкімдігі осы сәтте ауылдық округ басшыларымен қыста тұрғындарға қажетті жем-шөп көлемін есептеуден қолдары босамай жатыр. Онымен қоса жауаптылар шаруа қожалықтарының да сұранысын қанағаттандыруға жәрдемдесіп жатқанын білдік. Мәселен, «Қоғалы», «ҚазАгро», «Құлагер» шаруа қожалықтары бір, «Руслан» 3, «Бақыт» шаруашылығы 40 тоннаға тапсырыс беріп қойған. Сәйкесінше облыстық ауылшаруашылық басқармасы «Байқоңыр «ӘКК» АҚ арқылы жеткізу жолдарын қарастыруда. Бұдан бөлек Арықбалық, Сарыкөл сияқты басқа да ауылдық округтерде шабындық жұмыстары ұйымдастырылған. Алайда кейбір жоңышқа еккендер жем-шөптің бағасын шарықтатып жіберіпті. Қазірдің өзінде бір құшақ жоңышқа 1200 теңгеден сатылуда. Базардағы баға тіптен жоғары. Шаруа адамдары қалтасына салмақ болса да одан әрі қымбаттаудан қорқып, тапсырыс беріп тастаған. Тіпті көрші аудандардың малшылары осындағы дала еңбеккерлеріне алдын ала төлем жасап қойғаны белгілі болды.
– Сырттан сұраныс бары рас. Биыл 2648 гектарға жаңа жоңышқа, 110 га мақсары, 570 га жаздық бидай, жалпы 8 мың гектардан астам аумаққа мал азығы отырғызылды. Алайда осы аумақтарға тіршілік нәрін жеткізу де мәселенің төресі болып отыр. Қазір аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай аталған қиындықтарды шешумен айналысуда. Мал шаруашылығымен күн көрген азаматтарға қыстың қамына осы бастан кірісуге шақырамын. Өйткені қыс қатты болуы күтілуде, – дейді ауылшаруашылық бөлімі басшысының орынбасары.
Дәл осындай қуаңшылық Қазалы ауданында соңғы рет өткен ғасырдың 80-90 жылдары болғанын айтады көзкөргендер. Бірақ ол тұста елдің түкпір-түкіпірінен жем-шөп әкеліп, мал жанын сауғалай тұрған. Кеңес дәуірі деп мұрын шүйіргенімізбен сол тұста адам күші мен техниканың жеткілікті мөлшері толыққанды ұйымдастырылып, Қазалыға қарай шөпке толы жүк көліктері ағылыпты-мыс. Өкініштісі сол, техника ғасыры саналатын бүгінгі күні көрші аудандармен жем-шөп алысу мұң болып отыр. Бұл елдегі ауылшаруашылық саласының техникалық жағдайы жүдеп бара жатқанын да көрсетіп қойғанын жасыруға болмас.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ