Қазалыда мал азығын қымбаттатпау және мал шаруашылығының өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жөніндегі штаб отырысы өтті
Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен «Аудан аумағында мал азығын қымбаттатпау және мал шаруашылығы өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жөніндегі» штаб отырысы өтті.
Штаб отырысына егін және мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер, қала, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Штаб отырысы басталмас бұрын аудан әкімі Мұхтар Оразбаев 9 шілде – су шаруашылығы қызметкерлері күні мерекесімен құттықтап, игі тілегін жеткізді. Қажырлы еңбек етіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген сала мамандарына алғысын айтты.
Мұнан соң күн тәртібіндегі негізгі мәселе қаралды. Алғашқы сөзді аудан басшысы өзі бастап, өңірдегі ахуал әңгіме қозғады.
– Биылғы жыл шаруалар үшін қиын жыл болып тұр. Қыста қардың аз түсуі, көктемде жауын-шашын болмауынан Сырдария өзеніндегі су көлемі төмен деңгейде. Салдарынан еліміздің бірқатар аймақтарында, оның ішінде біздің өңірімізде де қуаңшылық орын алып отыр. Бұл негізгі кәсібі егін және мал шаруашылығы болып табылатын аудан шаруалары үшін үлкен қиыншылық тудыруда, – деген Мұхтар Әуесұлы қуаңшылық мәселесіне байланысты кеше ауданға Мәжіліс депутаттары арнайы келгенін айтты.
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттарымен кездескен аудан тұрғындары жеке шаруашылықтар тарапынан субсидия алудағы туындаған қиыншылықтар, Сырдария өзеніндегі судың жетіспеушілігі, мемлекеттік қолдау шаралары туралы мәселе көтерді.
– Алдын ала жүргізілген есепке сәйкес мал қыстату науқанына аудан бойынша 140 мың тонна шөп, 30 мың тонна шөп қажет. Ауданымызға қажетті шөптің 65 пайызын, ал жемнің 20 пайызын өздігімізден қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Жем-шөптің жетіспейтін бөлігін өзге аудандар және солтүстік өңірлерден тасымалдау жұмыстарын ұйымдастыруымыз қажет, – деді аудан басшысы.
Күн тәртібіндегі «Мал қыстату науқанына дайындық іс-шара жоспарының орындалу барысы» туралы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай баяндама жасап, бірқатар ұсыныстарын айтты.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бөлім басшысына жеке шаруашылықтардан қысқа қажетті жем-шөптің мөлшері жөнінде мәліметтерді күнделікті алып отыруды тапсырды. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлермен меморандумға отырып, еліміздің солтүстік өңірінен делдалдарсыз операторлар арқылы тікелей жем тасымалдау мүмкіндіктерін қарастыру қажеттігін айтты.
Штаб отырысында аудандық ветеринариялық станция директорының міндетін атқарушы Темірлан Мұратов мал басының сақталуы жөнінде баяндама жасады.
Басқосуда Алимуса Қожағұл, Алғашбай Байкөбеков бастаған кәсіпкерлер жем-шөп дайындауға қатысты өздерін толғандырған мәселелерін айтты.
Аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков шабындықтардың болмауына байланысты мал азығын дайындауға мүмкіндігі жоқ Қазалы қаласы, Әйтеке би кенті және Майлыбас, Шәкен, Құмжиек, Басықара, Сарыкөл ауылдық округтеріне аудандағы өзге елді мекендерден шөп оруға мүмкіндік жасау, қажет болған жағдайда мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер мен шаруалардың жайылымдылық жерлерін оты бар Қызылқұм жеріне ауыстыру және тағы басқа да ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев егін шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарының басшыларына егістік алқабындағы өздерінен ауысқан шөпті тұрғындарға тегін орып алуға мүмкіндік жасау туралы ұсыныс айтты.
Өз кезегінде «Рза – Агро» ЖШС директоры Нұрлан Имандосов, «Жалаңтөс батыр» ЖШС директоры Абзал Сәрсенов халыққа көмек қолын созуға дайын екендіктерін жеткізді.
Аудан басшысы алдағы уақытта ауылдық округ әкімдері ауыл тұрғындарын ортақ іске жұмылдырып, арнайы топ дайындаулары қажеттігін тілге тиек етті.
– Қазіргі таңда жем-шөпті үйімізге әкеліп береді деп қарап отыруға болмайды. Қуаңшылық тек қана біздің өңірімізде орын алып отырған жоқ. Сондықтан әркім осы бастан әрекет жасауы керек. Біз шаруашылық басшыларымен егістік басындағы шөпті орып алуға, күріш орағынан кейін қалатын сабанды жинауға келісіп отырмыз. Енді әр ауылдан бригадалар дайындап, осы шөпті ору қажет. Өзіне қажеттісін алып, ауысқанын ауылдағы ағайындарға сатса да болады. Бұл бір жағынан уақытша кәсіп деп айтсақ артық емес. Бірақ бағасы халыққа қолжетімді болуы қажет.
Бұдан бөлек біз қуаңшылыққа байланысты өз тарапымыздан қолдан келген жұмыстарды атқарып жатырмыз. Кеше ауданға келген Мәжіліс депутаттары мен ауыл шаруашылығы министрлігінен келген өкілдің назарына елдегі жағдайды көрсеттік. Олар енді біздің аудандағы жағдайды Үкіметке жеткізіп, шаруаларды қолдау шараларын қарастырады, – деген Мұхтар Оразбаев күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Штаб отырысы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюмен аяқталды. Осы меморандум арқылы аудандағы «Сыр маржаны», «Рза – Агро» ЖШС, «Жалаңтөс батыр» ЖШС, «Агро – Өркен» ЖШС, «Алшын» ЖШС және «Мерей», «Ақмаржан» шаруа қожалықтары ауданда мал азығының (жем-шөп) тапшылығын болдырмау және жем-шөп бағасының негізсіз өсуіне жол бермейді.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат