Еңсесі биік елорда
Тәуелсіз қазақ елінің сан ғасырлық тарихында астана болған әр қаланың экономикалық, рухани, мәдени тұрғыдан алар орны биікте. 1997 жылы 10 желтоқсан күні тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен және Парламенттің қаулысымен Ақмола қаласы Қазақстан Республикасының астанасы болып жарияланды. Сол кезге дейін тұтас ұлттың ұйытқысы мен орасан оқиғалардың орталығына айналған Алматының статусынан ажырап, жаңа астананың Сарыарқаның төріне көшетінін ешкім болжаған жоқ. Астананың оңтүстіктен солтүстікке ауысуына не себеп? Жиырма үш жасқа толған жас әрі бас қаланың бүгінгі жайы қандай? Мерейлі мерекесінде маңызды қала жайлы сөз қозғаймыз.
Астана Ақмолаға неге көшірілді?
Егемендік алып, ел есін жиғаннан кейінгі кезеңде 1997 жылы астана Ақмолаға көшірілді. Ал 1998 жылы маусымда салтанатты тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл жаңа бастамаға мүлдем сенбегендер қатары аз емес. Көпшілік жұрт жаңа астананың аязынан, жұмыс көзі жоқтығынан қорықты. Алайда 1997 жылғы 8 қарашада елордаға мемлекеттік биліктің ерекшелік белгілері – Ту, Елтаңба және Президент штандарты әкелініп, Парламенттің мәжілісінде Н.Ә.Назарбаев: «Бүгін біз, Қазақстан Республикасының жоғарғы өкіметі, 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Ақмола біздің мемлекетіміздің астанасы болып табылады деп салтанатты түрде мәлімдейміз» деп атап көрсетті. 1998 жылдың алтыншы мамырында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша Ақмола атауы Астана болып өзгертілді.
Халықты шулатқан шешімнің өте салмақты экономикалық, демографиялық, саяси себептері болды. Сарапшылардың пікірінше, ең алдымен астананы ауыстыру Қазақстанды геосаяси жағынан күшейтудің қажеттігінен туындаған. Бүгінгі күнгі Астана өзіне еуропалық және азиялық озық дәстүрлерді сіңіріп отырған Еуразия құрлығының орталығы болып үлгерді. Қауіпсіздік мәселесі – екінші орында. Яғни, тәуелсіз мемлекеттің астанасы мүмкіндігінше сыртқы шекаралардан жырақта және елдің орталығында орналасуы тиіс. Сонымен қатар Ақмола еліміздің географиялық орталығында, тоғыз жолдың торабында орналасуымен экономиканы басқаруға да, коммуникациялық байланыстарды жүзеге асыруға тиімді. Халық пен өндірістің республика бойынша тек оңтүстікте орналасуын біртіндеп түзеу, солтүстік пен орталық өңірде тың жаңалықтарды, өндірістерді, озық ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды әрі өңдеуші ауыл өнеркәсібінің кең желісін қауырт өркендету іс жүзінде шындыққа айналды. Бұл – мемлекеттің өнеркәсіптік даму деңгейін арттырып, еңбек ресурстарын тиімді пайдалануға және халықты жұмыспен қамтамасыз етуге жақсы мүмкіндік. Төртіншіден ел астанасын ауыстыру солтүстіктегі демографиялық ахуалды ұлт мүддесі тұрғысынан оңды бағытта өзгерту мақсатына нақты қадам болды.
Астананы Ақмолаға көшірудің өзіндік алғышарттары болды. Бұл қала сол кезеңде халық¬аралық стандарт бойынша қойылатын әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, климат, ландшафт, сейсмикалық шарттар, қоршаған орта, инженерлік және транспорттық инфрақұрылым, құрылыс компаниясы, еңбек ресурстары, геосаяси аспектілер сынды барлық 32 талапқа сай келіп, таңдалынатын бірнеше қаланың қатарында болған.
Жаңа Қазақстанды жаңа елордада қалыптастыру мақсаты біртіндеп іске асқан шақта экономикалық, саяси жаңалықтың барлығы осында орын алып, 90-шы жылдары мұндағы жалпы халықтың бар жоғы 10 пайызды құрайтын қазақ ұлты жыл санап арта түсті.
Ақмолаға шыққан алғашқы көш кімдер еді? 24 желтоқсанда бас қаладан болашақ астанаға алғашқылар болып Көлік және коммуника¬циялар министрлігі жолға шығып, 25 желтоқсанда ресми көштің басы Ақмолаға келіп жетті. Алғашқы лекпен Ақмолаға келген қызметкерлер саны 20 адам болған. Олар ұжымның негізгі ұйытқысы, жаңа өлкедегі жанданған тірліктің бастаушылары болды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Автокөлікшілер одағының басқарма төрағасы Серік Әліғожа: «Арқаның алғашқы қысы бәрімізге үлкен сынақ болды. Қызылшұнақ аяз, алай-дүлей боран, уақытша пәтерлер, жұпыны дүкен сөрелері, тамақтанатын орындардың тапшылығы біраз адамның сағын сындырардай әсер етіп, кейбіреулер тіпті Алматыға қайта оралып жатты.
1997 жылдың шілде айында министрлік толықтай көшіп, кадрлармен қамтамасыз етілгеннен кейін тамыз айынан бастап өзінің жұмысына толыққанды кірісіп кетті. Сол жылдың өзінде аталған құрылым зор жұмыс атқарды деп айтуға болады. Қысқа мерзімде аэровокзал ғимаратының күрделі жөндеуден өтуі, ұшып-қону жолағы заманауи жарық белгі жүйесімен қамтылып, оның 3000 метрі іске қосылуы, жаңа ұшу жолақтары аралық бұрылыс жолдарының соғылуы, VIP зал ғимараты көлемінің ұлғайтылуы сынды елеулі жұмыстар атқарылды. Ең бастысы қалааралық жолдың кеңейтілу жұмыстары аяқталып, алғашқы айналмалы жол салынған болатын», – дейді.
Жаңалықтар жаршысы
Сонымен, жаңа 1998 жылды республикамыз жаңа елордамен қарсы алды. Бұл естіген адамды елең еткізерлік бұрын ел тарихында болмаған қысқа мерзімде іске асырылған мегажобаның бастамасы сынды болды. Екі жылдан да аз уақыттың ішінде қолданыстағы әкімшілік ғимараттар реконструкцияланып, көшірілген мемлекеттік қызметкерлер үшін жедел түрде жаңа үйлер тұрғызылып, 3200 пәтер пайдалануға берілген. Осылайша қалаға жоғарыдай айтылғандай мемлекеттік аппараттың қызметкерлері, сәулетшілер, еліміздің күллі өңірлерінен экономикалық сала мамандары көшіп келді.
Елордамыз Алматыдан Ақмолаға көшкен соң қала көшелерінің атауын өзгерту үдерісі қарқын алды. Республика қалалары, соның ішінде жаңа елорда көшелерінің басым бөлігі қалаға, қазаққа ешқандай қатысы жоқ коммунистердің атымен аталған еді. Бұл тәуелсіз Қазақстанның мүддесіне қайшы. Жер аудару, депортация, бірнеше ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін, Қазақстанды ядролық қару-жарақ сынағы полигонына айналдыру секілді баяғы коммунистік жүйе көпэтносты республиканың халқына қаншама қайғы-қасірет әкелгенінен хабардармыз. Осылайша, тек 1997-1999 жылдар аралығында қаланың ондаған көшелерінің атауы өзгертілді: Катченко көшесі Манас көшесі болып өзгертілді, К. Маркс – Кенесары, Октябрьская – М.Әуезов, Комсомольская – Желтоқсан, Ленин – Абай, Орджоникидзе – Отырар, Буденный – Қорқыт, Куйбышев – Баянауыл, Микоян – Сырдария, Монин – Ақжайық, Тельман – С.Торайғыров, Шмидт – М.Дулатов, Социалистическая – М.Х.Дулати, Крупская – Ш.Бөкеев, Кравцов – Л.Н.Гумилев, Красноармейская – Т.Рысқұлов, Первоймайская – Қарасай батыр, Авдеев – Ш.Уәлиханов, Литейная – Иманжүсіп.
Астананы көшірудің демографиялық дамуға да зор ықпалы болды. 2000-2013 жылдар аралығында Астана тұрғындарының саны 300 мыңнан 800 мыңға жетіпті. 2016 жылы еліміздегі екінші миллионер қала атанса, бүгінде халық саны 1 200 000 шамаласып отыр.
Елорданы әлемнің жиырмадан астам қаласымен достық және бауырластық қатынастар байланыстырады. Астана 1999 жылы шілдеде ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік қаласы» деген сыйлығына ие болды. 2000 жылдан бері Қазақстанның бас қаласы Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі болып саналады.
Астана бүгінде айрықша сәулетімен ғана ерекшеленіп қоймай, сондай-ақ бау-бақшалы қалаға айналып келеді. Елорданың «жасыл белдеуі» кеңеюде, қала орасан далалық өңір орталығының жасыл алқабына – экологиялық таза мегаполис үлгісіне айналды. Мемлекет Астанаға «жасыл қорған» қоя отырып, жел күшін басуды өз алдына міндет етті. Ол үшін астананы ауыстырудың алғашқы жылдарында-ақ Астананың айналасында «жасыл белдеу» ағаштары отырғызылды, олардың биіктігі бүгінде10 метрге жеткен. Астананың өзінде жаңа саябақтар мен гүлзарлар салынып, көгалдардың жалпы көлемі миллиондаған шаршы метрге жетіп отыр.
Астана – Қазақстанның жаңа тарихы жасалған орын. Жиырма үш жасқа қадам басқан жас қала тәуелсіздікпен бірге дамуға бағыт алып, жиырма үштегі жас жігіттей батыл қадамдарымен мақсатқа ұмтылудан жалыққан емес. Бала шақтан болашаққа басталған жолмен ұрпақтар жүріп, Қазақстанның жаңа дәуірін жасай берсін.
Дайындаған Дина БӨКЕБАЙ