Аудан әкімі Қазалы қаласының тіршілігімен танысты
Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев сәрсенбі күнгі жұмысын Қазалы қаласын аралаудан бастап, мұндағы жол жөндеу, газдандыру жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ, кәсіпкерлік нысандар, білім беру, емдеу мекемелеріне де арнайы ат басын бұрып, тұрғындармен тілдесті.
Тарихы тереңнен сыр шертетін Қазалы қаласында 3 мектеп, 2 балабақша, «Шағала» лагері, Қазалы аграрлы-техникалық колледжі, қалалық мәдениет үйі, қалалық кітапхана орналасқан. Сонымен қатар, бірнеше республикалық маңызы тарихи ескерткіштер орналасқан.
Аудан басшысы аялдаған алғашқы нысан Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің аралығындағы жолды кеңейту жұмыстары болды. Жоба бойынша 7 шақырым автомобиль жолын 4 жолаққа дейін кеңейту, 2 темірбетон көпірін, 2 су өткізгіш құбырын қайта жаңғырту, жарық шамдар мен аялдамалар орнатылатын болады. Сондай-ақ, жүру жолағы 3,5 метр және автобус аялдамасына арналған алаң, жол қиылысы да салынады деп күтілуде.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Қазалы қаласын газдандыру жұмысымен де танысты. Мердігер мекеме «МБК құрылыс» серіктестігі құрылыс жұмыстарының жартысын аяқтады. Қазіргі таңда құрылысқа қажетті заттарды қоймаға жеткізіп қойған. Құрылыс жұмыстары келісім-шарт бойынша 2022 жылдың ақпан айында аяқталады.
Аудан басшысы мердігер мекеменің жауапты қызметкері Жәдігер Оразалыға құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізіп, тұрғындар жылу беру маусымына дейін көгілдір отынды пайдалану қажеттігін айтты. Биылғы жылдың қаржысы толығымен бөлінген. Енді қаржыны уақытылы әрі сапалы игеріп, құрылыс жұмыстарын жыл аяғына дейін аяқтауды тапсырды.
Осы арада Қазалы қаласының әкімі Рахметулла Ізтілеуге тұрғын үйлерге газ кіргізу мәселесіне байланысты дәл қазіргі кезден бастап түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты.
– Амандық болса, мердігер мекеме газ құбырларын тартып болған соң оны үйге кіргізу мәселесі туындайды. Сол кезде бұл жұмыстарды өз ісінің мамандары, сенімді мекемелер жүргізгені дұрыс. Себебі ертеңгі күні «ҚазТрансГаз» мекемесінің талаптарына сәйкес келмей, көптеген қиындықтар тудыруы мүмкін. Осының алдын осы уақыттан бастап алуымыз қажет, – деді Мұхтар Әуесұлы.
Қазалы қаласын аралау кезінде «Қазсушар» Қазалы өндірістік учаскесі, «Қызылорда газ» ЖШС-ның газ құю бекеті, №16 мектеп-лицей, №17 мектеп мен «Ақерке», «Өрімтал» балабақшалары, қалалық мәдениет үйі мен емхана, Ғани Мұратбаев атындағы мемориалдық музейіне арнайы ат басын бұрып, жұмыстарымен танысты.
Қалалық мәдениет үйінің жанында тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Тұрғындар өз кезегінде қалада атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта да ауқымды жұмыстар жалғасын таба берсе деген тілектерін жеткізді.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ауданның өсіп-өркендеуі үшін бірлесіп жұмыс істеп, әрдайым халықтың ұсыныс-пікірлері ескерілетінін жеткізді.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат