Баспанамен қамтамасыз ету орталығы құрылады
Әкімдікте баспана кезегінде тұрғандардың базасы Отбасы банкіне беріледі. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының заң жобасының тұжырымдамасы аясында әкімдіктердің тұрғын үйді есепке алу және бөлу жөніндегі функцияларын жаңадан құрылған Отбасы банкіне беруді көздейтін жаңа тұрғын үй реформасының құралдарын енгізу жөніндегі тәсілдер мақұлданды. Әкімдіктерде кезекте тұрғандардың ағымдағы базасы (шамамен 556 мың адам) Отбасы банкіне беріледі. Отбасы банкі базасында «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» құрылады. Ол кезекте тұрғандардың бірыңғай республикалық электрондық базасын жүргізуді, мониторингтеуді, өзектендіруді, тұрғын үйге мұқтаждарды есепке қоюды және есепке алуды, сондай-ақ тұрғын үйдің қолжетімділік сатысына сәйкес қою күні бойынша азаматтарға тұрғын үйді бөлу орталықтандырып жүзеге асыратын болады», - деді Асқар Мамин. Үкімет басшысының атап өтуінше, заң жобасы Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралды және мақұлданды. Әзірленген заң жобасы жария талқылау үшін ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталына орналастырылды және осы жылғы 22 ақпанда сараптамалар алуға (ғылыми-құқықтық, экономикалық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы, лингвистикалық), сондай-ақ жұмыс тобының мүшелеріне қарау және алдын ала келісу үшін жіберілді. «Одан әрі жұмыс Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарында заң жобалау жұмысын ұйымдастыру қағидаларына сәйкес белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Осыған байланысты тұрғын үйге ашық электрондық кезекті іске асыру құрылатын Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі орталықты ескере отырып, Отбасы банкі базасында жүргізіледі. Сонымен қатар, әкімдіктер кезекте тұрғандар бойынша түгендеуді аяқтағаннан кейін осы жылдың екінші тоқсанында Отбасы банкі базасында тұрғын үйлерді бөлу функционалын автоматтандыру көзделеді», - деді Премьер-Министр.