«5-10-20»: Жаңа бағдарламаға кімдер қатыса алады?
Баспанаға мұқтаж азаматтар енді «5-10-20» пилоттық жобасы аясында тұрғын үйге қол жеткізе аладыды. Иә, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағыты ретінде «5-10-20» пилоттық жобасын іске қоспақ. Ипотекалық бағдарламаға тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар қатыса алады.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында тұрғын үй мәселесін шешу үшін жаңа «5-10-20» ипотекалық несие беру бағдарламасын іске асыруды тапсырған болатын. Іске қосылатын жобаның шарттары әлі де талқылану үстінде, десе де ұсыныстар тұрғындар үшін айтарлықтай қолайлы.
Бағдарлама талаптарына келсек, ең бастысы үй алғысы келетін адамның атында баспана болмауы керек. Сондай-ақ, баспанаға мұқтаж ретінде жергілікті атқарушы органдарда есепте тұруы қажет. Несие мөлшерлемесі 5 процентті, бастапқы төленетін жарна 10 процентті құрайтын, несиелендіру, яғни қарызды өтеу мерзімі 20 жылға арналған ипотекалық бағдарлама бойынша баспананы «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында салынған жаңа тұрғын үй кешендерінен де, жеке құрылыс салушылардан да сатып алуға болады.
Бүгінде жобаның шарттары талқылану үстінде. Қазіргі мәліметтерге сүйенсек, ең жоғары заем сомасы жеке құрылыс салушылар ұсынған жаңа үйлер бойынша облыс тұрғындары үшін 12 млн теңгеден аспайды. Сондай-ақ әкімдік тарапынан салынған баспаналар 1 шаршы метр үшін бағасы 160 мың теңгеге дейін болады деп жоспарлануда.
Президент бағдарламадан бөлек «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» негізінде «Отбасы банкін» құруды тапсырған болатын. Енді тұрғын үйге кезекте тұрғандардың тізімі бұған дейін әкімдіктерде болса, енді бұл құзыретті жаңадан құрылатын «Отбасы банкіне» беру жоспарланған.
– Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі базасында жыл соңына дейін даму және қолдаудың «Отбасы банкі» атты толыққанды институты құрылады. Ол есепке алу, тіркеу және тұрғын үйді бөлуді бір орталықтан атқаратын болады. Аталған міндетті орындау үшін қазіргі кезек жүйесін әкімдіктерден «Отбасы банкке» беру жоспарланып отыр. Өз кезегінде «Отбасы банкі» баспанасы жоқ жанұялар үшін «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет ұсынады, – деді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі облыстық филиалының директоры Әділжан Саулебаев.
Айта кету керек, Қызылорда облысы республика бойынша тұрғын үйді салу, пайдалануға беру көрсеткішінде алдыңғы қатарда. Деректерге сүйенсек, соңғы 5 жылда тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші екі есеге артқан. Облыс орталығы – Қызылордада 14 шағын аудан бой көтерсе, 8 мыңнан астам қызылордалық баспаналы болып, 3 млн шаршы метр тұрғын үй құрылысы жүргізілген.
Алдағы уақытта да құрылыс саласындағы қарқын бәсеңдемейтіні анық. қазіргі уақытта облыста әлеуметтік жағынан осал топтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету басты мақсат болып отыр.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «5-10-20» қолжетімді несиелік баспанасымен қамтамасыз ету бойынша жаңа жобаны іске асыру үшін облыс әкімі өңірге барынша көбірек қаржы тарту мәселесі министрліктермен пысықталатынын айтқан болатын.
«Біз 1630 пәтерлік 20 жалға берілетін үй салуды бастаймыз, оның ішінде 698 пәтерлік 15 үйді ағымдағы жылы пайдалануға береміз. Нәтижесінде, 431 көпбалалы және 267 осал топтағы отбасы жаңа пәтерге қол жеткізеді. Тағы 910 отбасы ипотекалық баспана ала алады. Белгілі болғандай, жақында елімізде экономикалық өсімді қалпына келтіру бойынша кешенді жоспар бекітіледі. Осындай жоспар бізде де жасалады» деген болатын облыс басшысы.