Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жайлаудағы жүгермек

Жайлаудағы жүгермек

Күнделікті сабақтан басы салбырап келетін Асау бүгін үйге ентелей кіріп келді. Көңіл-күйі көтеріңкі. Есептен екі бірдей үш алғанына қамығып тұрғаны байқалмайды. Құрылысы жақында ғана аяқталған жаңа үйдің ортаңғы бөлмесінде үлкендер шай ішіп отырған. Арасында Аралдан келген рулас ағасы бар. Оны көрген баланың төбесі көкке сәл ғана жетпей қалған. Мектептегі оқу аяқталып, жаз жақындағанда бір жағы амандық-саулық сұраса, екіншіден, Асауды ауылға алып кетуді ойлап, жыл сайын қарасы көрінетіні әдетке айналған. Бала көңілдің қуанатыны сол. Бұған жайлауда ағарған ішіп, ат үстінде қой баққаннан асқан бақыт жоқ. Бұл жолы әжесі де бірге баратын ­болыпты.
Түс ауа ел арасында «ешек пойыз» атанып кеткен екі вагондық көлікке Асау, әжесі мен Бақытжан ақсақал мініп үлгерді. Орнынан қозғалуы тез болғанмен, шіркінің діттеген жеріңе жеткізіп болмайды. Бұрынғы қазақ есек малын неге кемсіте беретенін осындайда аңғарасың. Қол көтергенге тоқтап, екі өкпесін қолына алса да, есектің жылдамдығынан аса алмайды. Есесіне жолақысы – арзан, орыны – жайлы. Тек мұнда билетте көрсетілген орында отырған жолаушы көрмейсің. Біреу орын босатса, сол сәтте келесі адам меншіктеп алады. Бірақ үлкенге құрмет көрсетуден жаңылмаған қазақтың Толған әжеге ілтипат көрсететіні анық. Ал Асауға әжесінің алдынан әркез орын табылады. Қызығы сол, бала пойызға отырған сайын қарны ашады. Мұның әуселесі бәріне белгілі. Терезеден жазық даланы тамашалап отырып, әжесінің тәттісімен шай ішкенді ес білгелі қызық көреді. Бұл жолы да үлкендер әңгімесінің әуенімен ұйқыға кеткен. Тек барар жерге жеткенде ғана әжесінің айналайынымен көзін ашып, ұйықтап кеткеніне ызаланды. Жанарына жиналған жасты әрең ұстап қалды. Әрі-беріден соң пойызға күнде мініп жатқан жоқ қой.
Жауын астында қалған жануардай «Тоқылдақ» Арал вокзалына кірген бойда денесін сілки әзер тоқтады. Сыртқа шығатын дәлізде адамдар бірінің артынан бірі итеріп, құдды бір сонда қалып қоятындай асығуы Асауды қорқытты. Бойы бір тұтам балаға ентелей тақалған сақалды жігітке Толған әжей жекіп тастады.
– Басып өтейін дедің бе? О несі, әй?! Ауаны тарылтпай әрі тұр, – деп еді, әлгің аузын буған бұқадай қабақ шытты. Сүт пісірім уақыттан кейін вагон есігінің алдына да жетті-ау, әйтеуір. Сыртта көзімен таныс адамды аңдып тұрған жуан қарын, зор дауысты жігіт ағасы: «Жеңеше-ау, сәлембердік! Қорбаңдамай, болсаңшы тез», – деп әзілмен қағытып алды. Бұл Күнтілес деген Толған әжейдің қайнысы болатын. Былтыр Асаудың басынан ат теуіп, қанға бояғанда алдыңғы жетегі қосылмайтын «көк уазды» аңыратып, қалаға ала жүгірген. Асаужан ойын баласы ғой, кеше ғана бас бүлдірген атқа мініп, шауып қайтқысы келген. Көкжал жылқы мұның әлі кішкентай екенін сезді ме, шауып келе жатып, кілт тоқтаған. Көзді ашып-жұмғанша өңкіп жіберіп, Асауды алдына түсіреді де, алдыңғы тұяғымен қақ төбеден теуіп жіберді. Бала-батыр жер-дүниені басына көтеріп, ұзай қоймаған ауылға қарай жүгірген. Беті-аузын қанға боялғанын көрген Күнтілес шошып кеткен еді. Асаудың маңдайынан иіскеп жатып, жарты ай пішіндес тұяқ ізін көріп, көкесі осы оқиғаны ойға оралтты. Вокзал алдындағы «көк уаздың» жанына келді де: «Әй Толған, былтыр балаңның басы жарылғанда осы көлікпен жолда қалғанымызды білетін бе едің? Абысының айтқан болар», – деді.
– Иә, айтты. Құлыншағымның жанын қинапсыңдар ғой. Сәулештің өзі қайда? Аман-сау отыр ма?
– Әй, жүр ғой. Қарағанды, Қызылорда, одан әрісі Астанадағы балаларына кезек-кезек қонақтап қайтады. Шешем қала көрген кемпір ғой. Ауылда көп бола бермейді. Екі-үш күн бұрын немересін үйлендіруге келген. Жөн-жоралғысын жасап болғасын қайта кетеді де, – деп Асауды ­келекелеуге кірісті.
– Сен былтыр басын маса шағып алып, содан қоймай жылайтын бала емессің бе? – деп еді, «Қойшы ей, балама тиісе бермей», – деп кемпір бетін қайтарып тастады.
Бас сүйегі толық қата қоймаған бала үшін жылқының оңдырмай бастан тебуі жеңіл жарақат емес. Мұны өзі де іштей біледі. Сосын емес пе, жан ұшырып, жолға жарамсыз көлікке баланы өңкеріп алып, қала жаққа қарай тартып отырғаны. Ауылдың керегіне жарап тұрған ақ уаз сол күні ғана аудан орталығынан азық-түлік алып келуге кеткен. Бүгін келмейтіні анық еді. Теңізді жағалай ондаған жылдар бойы көліктен қалған ізбен жүйіткіп келеді. Сәл селкілдесе Асаудың дауысы жаныңды жейді. Көлікте балақайды жұбатып, Сәулеш отырған. Әлсін-әлі: «Қорлық көрдің-ау, жаның қиналды-ау, ботам» деп бірге қиналып келеді. Осындай арпалыста қанша уақыт өткені белгісіз, көк уаз күшеніп келді де, бір орында тұра қалды. Күнтілестің қорыққаны да осы еді. Артқы жетекпен құмды жолдан өту – ертегі екенін біледі. Бірақ басқа амал бар ма? Көп мөлшерде қан жоғалтқан баланы дәрігердің қарауына апармаса болмайды. Одан ат арбамен шығу керек еді ғой деген ой тыным бермеді. Бірақ бәрі кеш. Енді бұл көк жетпегір қадалған орнынан қозғала қоймайды. Әрлі-берлі өтетін көлік табылар деп үміттену де орынсыз. Бұл жол тек осындағылар тіршілік ететін Жанәбіл шалдың ауылына ғана апарады емес пе?!
Сағаттан аса уақыт өтті. Асаудың демі ­баяулап барады. Сәулеш кемпір орамалмен оралған баланың басын сүйіп қояды. Бұлай отыра берсе, жағдай насырға шабайын деп тұр. Кенет Күнтілес жүргізуші есігінен секіріп түсті де: «Шешей, сен осында қал. Ұлы жолға жеткенше шаршап қаласың. Оның үстіне жай жүрісің жолды ұзартады. Жаяу кеткеннен басқа амал қайсы?», – деді де тыңдаушының жауабына құлақ түрместен ыңырсыған баланы көтеріп, қалаға қарай бет алды. Сүт пісірім уақыттан соң қасқырдың ұлыған дауысы естілді. Бірте-бірте жыртқыштың жақындап келе жатқаны сезіле ме, қалай? Бір кезде алыстан ойнақы жарық көрінді. Күнтілес мұны «шөлдегенге көл елестейдінің» кері ме деп ойлаған. Рас. Ойлы-қырлы жолмен жүйіткіп келе жатқан көлікке ұқсайды. Соңғы рет бұлай қашан қуанғаны есінде жоқ. Жарық жақындағанда ғана ауылдың ақ «Уазы» екенін аңғарды. Баласы Жәкеңнің ауылына кезекті туыстарды алып келе жатыр екен. Асау бала осылай бір өлімнен аман қалған.
Өткен жылдағыдай емес, көк көліктің біраз бөлігі жөндеу көргені көзге түсіп тұр. Дөңгелектері жаңаланып, қайта боялған секілді. Жайлаудағы мыңғырған малдың ірісін сатып, осыған салмаса қайтсін?! Шетелдік джиптерден кем түспейді. Қарқылдай күліп, ананы-мынаны әңгімелеп келе жатқан Күнтілестің дауысы ғана сұлулыққа сәйкес келмейді. Ермегі – Асау.
– Таңертең 6-да тұрып, өрістеп кеткен жылқыны алып келесің, күннің астында мал бағасың. Қаладағы еркелігіңді ұмыт, – деді. Бұған өкініп отырған Асау қынжылмады. Керісінше, жылқының жалын тартып мініп, желге қарсы жүйіткуді ойлап отыр. Мейлі қой бақсын, мейлі бота қайырсын, мұның ауылдағы аңсары атпен шабу емес пе? Былтыр күзде сабаққа бинт таңулы баспен барғанын ұмытқан. Сабазың қорықпайды ғой.
Әне-міне дегенше, өздері «сиыршыауыл» деп атайтын мекенге де жетті. Кіреберісте көне-жұтаң қос, сәл әріректе қаз-қатар үш киіз үй орналасқан. Ортасындағысын мұндағылар «үлкен үй» деп атайды. Көбіне меймандар келгенде қой сойылып, осында жайғарылады. Қалғандары шал ұлдарының отауы. Жанәбіл ақсақалдың өзі шеткерідегі көне сарайда тұрады. Мұндағылар ауылбасын тек ауқат ішуге жиналғанда ғана көреді. Басқа уақытын терезелері тұмшаланған сарайда өткізеді. Ішіне енсеңіз, «Қазақстан» деп аталатын темекі түтіні алқымыңа жабысады. Мұндағы барлық тіршілік, төрт-түліктің сатылымы, қыстаудың қайда орналасатыны, отын мен азықтың қашан әкелінетіндігі, бәрі-бәрі ақсақалдың пәрменімен орындалатын. Көк «Уаздан» түскен Асаудың тура осы сарайға қарай тұра жүгіруінің себебі де сонда.
– Ассалаумағалейкүм ата, – деді Асау есіктен кіре сала.
– Молда бол, бұ қай бала? – деді ақсақал. Балақайдың кіммен, қашан келетінін о бастан біліп отырған.
– Әбекеңнің баласымын ғой, ата! Толған әжеммен келдім, – деп тақ ете қалды.
Асаудың атасы мен Жанәбіл ақсақал туған ­бауыр. Ертеректе дүниеден озған. Содан кейін жылда Жәкең мұның ауылға келіп, ағарған ішіп, демалып кетуін балаларына тапсырып отырады. Немере арасынан жанына сүйкімдісін таңдап, бауырына басқанымен, Асауды ерекше жақсы көреді. Інісінен қалған тұяқ қой. Оның үстіне бауырына берген серті бар.
Жанәбіл мен Әбіш қойшы отбасында дүниеге келген. Ашаршылық басталған заманда бұлар енді ғана есін білген ойын баласы еді. Үкімет қорадағы малды кәмпескелегенде әкелері қора ішінен қойма қазып, бірнеше қошқардың етін ешкім сезіктенбейтіндей етіп жасырған. Соның өзінде үйдегі бес адам күніне бір тілім етті құр суға қайнатып, сорпа қылып ішетін. Қос қойдың еті екі жылдық аштықтан аман алып қалды. Далалықта асқазаны жабысып, еріндері тасқа айналған мәйіттерді көргенде бауырлар естен алжасардай күйге түсетін. Сондай күннің бірінде Әбіш ағасына:
– Ағатай, әке-шешеміз де осылардай өліп кетсе не істейміз? Күніміз не болады? – деп жылап қоя беретін. Алты жасқа енді толатын Жанәбіл мұндайда бойын тіктей қалып: «Мен барда ештеңеден қорықпа, өзім қорған боламын», – дейтін. Өмір ерте есейткенін көрген адам бірден ұғатын. Кейін тоқшылық заман оралып, бауырлар тіршіліктің ізімен екі бөлек қоныс аударды. Құдайдың жазуымен Әбіштің дәм-тұзы ерте аяқталды. Туған-туысқа «ертерек қамданыңдар» деген хабар жеткенде, ағасы дереу жанына жетті. Інінің соңғы тілегі де сол ашаршылық кезіндегі әңгімеден алыс емес еді.
– Балаларыма бас-көз бол! Қош, бауырым!
Жеті жасар Асауға ауылда қарап тұрған тірлік жоқ. Жанәбіл мұнда алдыртқаны баланың шаруашылыққа үйреніп, табиғи тамақтан қомпайып қайтса деген ойынан туған ғой. Өйткені «сиыршыауылда» күнделікті түс мезгілінде ет асу әдетке айналған. Дастарқанның төменгі жағында қаз-қатар тізіліп отырған балалар түйе өркешіне, қазы-қартаға тыңқия тойып алады да сыртқа асығады. Мұндайда ақсақал киіз үйдің есігінің алдына жайғасады да, балаларының біріне бөшке шұбат алып келуді тапсырады. Ағарғанды сапар кесеге шүмпілдетіп құяды да: «Осыны тауыспағандарың сыртқа шықпайсыңдар», – деп отыра береді. Аш құрсақты етпен толтырған жүгермектер мұны қалай тауыссын? Қиыны ақсақалға айла өтпейді. Амалы таусылған балалар бірінен-соң бірі «тиесілі» сусынын көзді жұмып тұрып сіміреді де, үй артына қарай жүгіретін. Жан-жақтағы бір рудың балалары көктемде құр сілдері келіп, күзге жақын қоңмен қалаға қайтатын. Содан кейін де әке-шешелері жылда жайлауға жібереді.
Жайлаудағы Асау үшін ең ауыр жұмыс – күн шықпай тұрып қораны түйенің құмалағынан тазалау. Ұйқыдан оянбаған бес-алты баланы жеңгелері еркелете оятып, сыммен қоршалған алаңға кіргізіп жібереді. Алғашында Асау бұдан жиіркенетін. Кейін көз үйреністі ме, әлде жарты сағаттық жұмыс біткен соң жеңгелердің сыйы қызықтырды ма, өзіне тиесілі алаңды бәрінен бұрын тазалап тастайтын. Киіз үй жанындағы құманға жуынғандай болады да, көне қостағы ошақтың жанына жайғасып алады. Өйткені сиыр сауып келген жеңгелер үлкен қара қазанға сүт, келесісіне бауырсақ қуырады. Көп ұзамай үлкен кеседе қаймағы қалқыған сүт пен түрлі тәтті алдына келеді. Тамшысын қалдырмай тойып алған соң, қосқа байланған аттың бірін мініп, қайда тартып отырса да бұған ешкім «қой» демейді. Бірақ бұл босқа жүргенше төбе төңірегінде жайылып жүрген қойды шөбі шүйгін жерге қарай айдай кетеді. Жүгірмектің тыныш қайтатын кезі жоқ. Бірде бірнеше қойды отардан жоғалтып алса, кейде бота мен түйені «жамыратып» алады. Анау күні мінерге жануар таппаған Асау арбаға жегіп жүрген атанды босатып алып, қой бағуға кеткен. Сол күні тарпақтай шапқан түйенің бауырына дейін ауып, тапталып қала жаздаған. Қайта үстіндегі бала екенін жануар сезгендей райынан қайтқан. Әйтпесе бір жерін майып қылары анық еді. Мұны да өзінен басқа ешкім білмейді.
Асаудың жайлаудағы бұл демалысы да шытырман оқиғасыз аяқталмады. Әлгінде үй арасында анда-мында ат үстінде шауып жүрген. Есік алдындағы ағаның бірі: «Ана ауылға жақындап келе жатқан боталарды әрі қарай айдап жібер», – деп тапсырған. Бұл пайдасы тиетініне қуанып, батысқа қарай шаба жөнелді. Қамшыны жиі-жиі басып қояды. Сол-ақ екен таяқтан қажыған жылқы құйрығымен қамшыны қысып қалды. Асау әрлі-берлі тартып көріп еді, әлі келмеді. Санаулы сәт ішінде абдырып қалған балақай жүйіткіп келе жатқан жылқы үстінен секірді де кетті. Қорыққан ғой. Жерге жайлы түскен сияқты еді, бірақ үсті-басын қағып жатып сол қолының қисық тұрғанын көрді де, былтырғы аңыраған даусына қайта басты. Тағы да сол Күнтілес пен Сәулеш баланы көлікке отырғызып, қалаға тартып отырды. Бірақ бұл жолы оңай жетті. Орнынан тайқып кеткен шынтағын салдырып, жайлауға алып келді.
Үлкендер мұны ендігіде атқа мінгізбеу керек екенін даулап, шуласып кететін. Жанәбіл ақсақал бұлардың сөзін пысқырмай, ең жуас деген жылқыны Асауға ерттеп берді. «Бала осылай жүріп үйренеді. Кейін шабандоз болады», – дейтін. Жаз аяқталғанша көк шолақтың үстінде асыр салып, талай қызықты бастан өткерді. Бастысы, басы жарылып, аяғы сынған жоқ. Тек орнынан тайып кеткен шынтағының дұрыс салынбағаны болмаса...
Күздің салқыны байқалып, сабақ басталар күн таяғанда әжесі мен немересі үйге қайтуға қамданды. Жанәбіл ақсақал баланы сарайына шақыртып алды да: «Балам, жақсы демалыс болды ма? Мал бағуға көп көмегің тиді. Мынау сенің айлығың», – деді де бір жылқының құнын қолына ұстатты. Қайбір шаруаға көмегі тиді дейсің?! Бұл ақсақалдың ­Асауды еңбекке баулыған түрі болса керек.
Жылға жетпей ақсақал мәңгілік өмірге аттанды. Бұдан кейін Асаудың да жайлауға жолы түспеді. Кімді іздеп барады? Шалдың балалары еншілерін алып, бірі теңіз жағасына, екіншісі қалаға, енді бірінің қайда кеткенінен хабары жоқ. Әсілі мұны жайлауда Жәкеңдей күтетін адам табыла қоймайды-ау.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
20 наурыз 2021 ж. 2 478 0

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 47

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 59

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031