Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жалған ақпарат жарға жығады

Жалған ақпарат жарға жығады

Өткен жылдың өзінде 83 адам жалған ақпараттың кесірінен құрбан болған. Бұл ресми дерек. Ал анықталмай, қалғаны қаншама?! Өкінішке қарай 83 адамның артында тұрған осыншама отбасының қара жамылып қалғаны еске түссе, жүрегің қақ айырылғандай күй кешесің.
Бұл күнде аңқау елге арамзалық ету екінің бірінің қолынан келеді. Ине көзінен өтетін алаяқтар смартфонға сүңгіп, интернетте өріп жүр. Бірі жұмыс тауып берем десе, екіншісі оңай ақшаға қарық боласың деп алдайды.
«Алтын көрсе періште жолдан таяды» дегендей осыған сенетіндер, батпан құйрыққа елітетіндер шаш-етектен. Әрине көкейдегісі аяқ астынан байып кету.
Адамнан айла артылған ба, бір кездері жалпақ жұрт жарғанаттың ұясын іздеп шарқ ұрғанын білеміз. Мұнымен қатар гір тасын жиып, «Зилл» атты тоңазытқыш іздеп, тентіреп кеткендер де бар.
Жарқанаттың ұясы демекші, кейін биолог ғалымдар бұл мақұлық ұя салмайтынын, оның кәдімгі тышқан екенін айтып, сенгіштердің ентігіп әрең басты.
Осыған байланысты сол тұста ҚР Білім және ғылым министрлігі зоология институтының ғылыми қызметкері Марина Чирикова:
– Жарқанаттың ұясын көрсетсе ол кісіні бірден Нобель сыйлығына ұсынар едік. Себебі, жарқанат ұя салмайды. Ол кәдімгі тышқан секілді ағаштың қуысына, шатыр астына, үңгірлерде өмір сүреді. Ол баласын кәдімгі тышқан секілді тірі туады. Төлі анасына жармасып алады. Бір айдан соң, өзі де ұшады. Түрлі видеодағы кокон бұл тропикалық араның ұясы. Ал енді бір видеодағы кокондарды аферистер лай-саздан жасап алған. Алданып қалмаңыздар. Жарқанатта ұя болмайды, – деген.
Қанша жоғары оқу орнын бітіріп, қос-қостан диплом алсақ та кейде шындыққа жанаспайтын өтірікке сеніп қалатынымыз рас. Көп уақытымыз әлеуметтік желіде өтетіндіктен ағын судай тасыған ақпараттар легіне төтеп бере алмай жатамыз. Әлеуметтік желінің тіліне салып айтсақ, оларды «Фейк» деп атайды. Ол адам мен адамды, қоғам мен қоғамды араздастырып, бір-біріне өшіктіріп қою үшін керек. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз осы жалған ақпарат тарату үшін арнайы қаржы бөлетін әлемдегі үлкен инвесторлар мен арнайы компаниялар жұмыс істейді.
Жалпы жалған ақпарат Орталық Азиядағы біздің мемлекет сынды әлемнің алдыңғы санатындағы алпауыт мемлекеттерде де үлкен мәселеге айналған.
Оны СРАС телеарнасының президенті, Канададағы беделді медиа тұлғалардың бірі Кэтрин Каноның: «Біз ақпараттың анықтығы мен шынайылығын қадағалауды қолдан жіберіп алдық. Жуырда сауалнама кезінде канадалықтардың 80% жаңалықтың фейк екенін бірден анықтай алатынын айтты. Бірақ солардың 63 проценті тест кезінде шындықты ажырата алмады. Бұл оңайға соқпайды. Өйткені шын сияқты көрінеді. Бүгін не болып жатыр? Адамдар мәтінді түгел оқымауы да мүмкін. Тек тақырыбын ғана оқып, ары қарай өзінше топшылайды», – деген пікірінен байқауға болады. Кэтрин Каноның айтуынша, айналадағы жаңалықтар мен ақпараттар ағыны бұрын-соңды болмаған көрсеткішке көбейген.
Мынаны қараңыз, интернеттегі фейк-ақпараттың 99 процентін жай ғана қолданушы жасайды-мыс. Қалған үлесі – маркетингтік шабуылдың еншісінде.
Енді қолдағы деректерге зер салсақ, бір кездері Kantar ақпарат агентігі АҚШ, Франция, Ұлыбритания және Бразилия тұрғындарына зерттеу жүргізген. «Ақпаратқа деген сенім» атауымен өткен акцияға 8 мың адам қатысқан. Нәтижесінде, халық баспасөз құралдарының ішінде журналға сенім артатыны белгілі болды. 72 проценті журналдан оқыған ақпараттың шынайлығына сенімді. Сауалнамаға қатысқандардың 69% телеарнаға, 68% радиоға, 67% дәстүрлі БАҚ таратқан ақпаратқа сенеді. 50% интернет портал мен сайтқа құлақ асады. 37 проценті мессенджерде таралған ақпараттың дұрыс екеніне көзі жетеді. Қалған 33% ғана әлеуметтік желідегі ақпараттың ақ-қарасын айыруға тырысады екен.
Жалған ақпаратпен күресу жолында түрлі Google, Facebook cекілді ірі компания қыруар қаражат бөліп келеді. Германия, Индонезия, Ресей, Ұлыбритания секілді елдер арнайы заң қабылдаған.
Бұл игі дәстүр елде Ата заң бойынша бекіген. Оған байланысты арнайы бірнеше бап бар. Оның ішінде әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдіктен бастап, діни алауыздықты өршітуге дейінгі баптар қарастырылған. Таратқан жандарға түрлі мөлшердегі айыппұлмен қатар 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған. Ел ішінде Шәкәрім айтты деген:
«Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады,
Әдетің – мінезіңе айналады.
Мінезің – сенің тағдырың» деген ғибрат бар. Ісіміз ілкімді, апқаратымыз анық, ойымыз орнықты болғанға не жетсін?! Жалған ақпараттың жарға жығатынын біліп жүру, баршамыз үшін қайырлы болатыны сөзсіз.

Е.АЙДАРБЕК
20 наурыз 2021 ж. 2 990 0

ҰБТ: қам қалай?

18 мамыр 2024 ж. 28

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031