Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Талайды жылатқан жүйе

Талайды жылатқан жүйе

Ел тəуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік мұрағатында арнайы комиссия қатысуымен маңызды үкіметтік қорлардың: Халық Комиссарлар Кеңесі, Қазақ ССР Министрлер Кеңесі мен Жоғарғы Кеңесі Президиумы құжаттарының құпиясын ашу жүргізілді. Жұртшылық назарынан жасырын ұсталған деректер 1930-1955 жылдар аралығын қамтыған. Бұл уақытта жаппай саяси репрессия, халық елден қуылуы басталған. Мұнда басынан-ақ тоталитарлық жүйенің адамдар үстінен жаппай қылмыстық эксперимент жасауда біршама тəжірибе жүргізілген. Күштеп ұжымдастыру мен бай-шонжарларды жою және “қарақшылық қозғалыс” деп аталатын халықтық қарсылықты басып тастау көзделді. Еркіндікке үйренген жұртқа қарсы зұлмат, зияткер жəне басқа да зиялы қауымды іріктеп көзін құрту негізгі жоспар болатын. Тоталитаризмнің мұнымен қоса аса ауыр қылмыстың бірі – халықты өз елі мен жерінен қуу, олардың əлеуметтік жəне аумақтық бірлігін күш көрсетумен қирату еді.
Салдарынан 1930-1950 жылдарда 3 миллионнан астам адам елден қуылды, оның ішінде 1 миллионы Қазақстанға қоныс аударылды. Бұл жылдары он беске жуық этнос жаппай қуғындауға ұшырады. Олардың қатарында поляк, грек, болгар, қырым татарлары, қабарладық, балқар, шешен, ингуш, қарашайлық, черкес, қалмақ, неміс, кəрістер жəне тағы басқалары болды. Осылайша тағдырдың тауқыметімен жер аударылғандардың миллионнан көбі Қазақстаннан екінші отанын тапқан.

Қазақ жеріне қоныстанғандар
Бәлкім қазақтың кең байтақ жеріне көп келгендер қатарында кәріс ұлты. Дерек бойынша, 1938 жылы Қазақстандағы кəрістердің саны – 98454 адамға жетті. 1959 жылы – 74 мың адам болса, 1999 жылы – 99657-ні құрады. Кəрістерге орыс шенеуніктерінің сенімсіздік көрсетуін алғаш рет 1905 жылы Унтербергер білдірді. Ол кəрістерге қарсы сенімсіздіктің тұтастай дəлелдер жинағын келтірді.
Атап айтқанда, біріншіден, кəрістер діни нанымдылық, дəстүр, əдет-ғұрып, әлеуметтік-экономикалық жағдайындағы дүниеге көзқарасы бойынша орыстардан бөтен Ресей бодандығына өткен жəне православие дінін қабылдағанның өзінде де орыс халқымен сіңісіп кете алмайды. Жапония немесе Қытаймен соғыс бола қалған жағдайда олардың адалдығына сенуге болмайды. Олар тыңшылық əрекеттің жасалуына қолайлы жағдай тудырады. Екіншіден, кəрістерге жерді жалға беру жолы арқылы ауыл шаруашылығын жүргізу жолдары орыс қожайындарын азғындыққа ұшыратады. Үшіншіден, олар қоныстанып орыстарға арналған жерлерді басып алады. Бұл Тынық мұхиты жағалауындағы олардың жағдайын əлсіретумен тең сияқты.
1937 жылы Қиыр Шығыстағы кəріс қауымы 200 мың адамды құрады. Олардың ішінде қиыр шығыстық кəрістер – 110280, орыс-бодандары 27,2 мың, жапон бодандары 67,8 мың адамға жетті.
1937 жылдың тамызында Сталин елдің қоныс аудандарының НКВД жетекшісі генерал Г.С.Люшковпен болған əңгімесінде: “Кəрістердің көші-қон мəселесін күшейту жөніндегі” ұсынысын айтты. Кеңес мемлекетінің басшысы құжаттарда белгіленгендей “кəрістерге” күмәнді қарайтынын сөз етті. Олармен бірге жіберілетін жапон тыңшыларының арасындағы байланыс болуы мүмкін деп есептеп, кәрістер шекаралық аймақта тұрғандықтан да сенімсіздік білдірді”.

Татулық – ел дамуының басты кепілі
Қаз дауысты Қазыбек бидің: “Біз қазақ достықты жақтаған елміз, дәм-тұзды ақтаған елміз” дегені бар. Ұлан асыр даламызда кезінде әділетсіздікпен қудаланған ұлттар тіршілік етуде. Біз олармен татумыз, доспыз және бір-бірімізбен қойын-қолтық аралас күн кешудеміз. Қиын-қыстау заманда қазақ елін паналап, қамқорлығы мен жақсылыққа толы адамгершілігін көрген өзге этнос өкілдері қазақ халқын жоғары бағалайды.
1937 жылы елге Қиыр Шығыстан 100 мыңға жуық кәріс отбасы көшірілген. Олардың қатарында Анатолий Цой мен Маня Лемнің де отбасы бар еді. Тоталитарлық жүйенің күшіне мінген шағында, бірі Аралға қарасты “Авань” аралында орнықса, екіншісі Қаратереңге тоқтаған. Жергілікті тұрғындар әл үстіндегі оларды жау ретінде емес, бастарына іс түскендер ретінде қарсы алды. Аталарымыз өздері аштықтың зардабын шексе де сырттан келген өзгелерге бар ықыласымен көмектесіп бақты. Өмірлеріне қауіп төніп тұрғанына қарамастан өз астарымен бөлісті. Бұл жақсылықты Қазақстан корейлері ешқашан ұмытпайды. Еңбекқор халық елді екінші Отаным деп санады. Баспаналарын тұрғызып, тұрмыстарын түзеді. Саяси қуғындау кезеңінде мәжбүрлі түрде жер аударылғандарды шеттетпей бауырына басқан қазақтардың кеңпейілділігіне шексіз алғыс білдіруде.
– Киеге тұнған Қазалы өңірі – өткен ғасырдан сан ұлт өкілі бас қосқан, бақыт тапқан мекен. Бүгінгі күні мұнда аудан бойынша 33 қандасым бар. Әрқайсысы өз салт-дәстүрлерін сақтап, ауданның дамуына сүбелі үлесін қосып келеді. Соның ішінде, кәрістер 80 жылдан астам қазақ өлкесінде өмір сүруде. Бұл жай ғана күндердің тізбегі емес, ол –бірлесіп өткізілген өмір. Анатолий екеуміз өңірдегі этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға, корей этносының мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін және тарихын дамытуға және сақтауға атсалысуға жалықпаймыз. Қазалылықтарға жанашырлығы мен сүйіспеншілігі үшін зор алғысымды білдіремін, – деді Маня Хонбеевна.
Ол Анатолий Валентиновичпен 1964 жылы шаңырақ көтеріп, ұл мен қыз сүйген бақытты ана. Маня апа Қазақстанды Отаным, Қазалыны атамекенім деп санайды. Қазақтарды бауырындай қабылдап, мемлекеттік тілде әңгіме-дүкен құру оның бойына сіңген үрдіс.
Анатолий Цой 40 жылдай Қазалы аудандық әуез мектебінде қызмет еткен. Зұлматты кезеңді ерекше тебірене еске алады.
– Қазақтар бізді құтқарды. Өздеріне қауіп төнсе де үйлерінен орын берді. Ол шақта қайбір молшылық болсын, азықтың қат кезі. Соған қарамастан барларымен бөлісті. Әрбір мемлекетте ынтымақтастық пен бірлік болса, сонда ғана қарқынды дамиды. Ұлттар арасындағы татулық – ел дамуының басты кепілі деп ойлаймын, – дейді ол.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
13 наурыз 2021 ж. 3 037 0

Табиғаттың тілі жоқ

05 мамыр 2024 ж. 22

Шаттық ұялаған шаңырақ

04 мамыр 2024 ж. 79

Сақтық – саулық кепілі

04 мамыр 2024 ж. 89

Маңызды мәжіліс

04 мамыр 2024 ж. 60

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 95

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 102

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031