Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғамдық қызметке халық назалы

Қоғамдық қызметке халық назалы

Аялдамада күтуден жалығып, дегбірі кете бастағандар бас қамдарын жасап қозғала бастағанда қоғамдық көліктің тұмсығы көрінді-ау. Тоқтар-тоқтамастан жапырлай мінгендердің ішінде қуанғандар да, ренжігендер де болды. Іштегілерді аздық қылды ма, әлде аялдау уақытын сақтады ма, әйтеуір біраз кідірді. Отырғандардың кейбіреуі қозғалақтап, енді бірі күңкілдей бастады. Әлгі көлік бір кезде жүрді-ау.

Орталық базар аялдамасына келіп тоқтағанда, түскен адамдардың орнын толтырғысы келді ме тағы тұрып алды. Орта жастағы әйел көлік жүргізушісінен:
– Аялдамаларда қанша уақыт тұрушы едіңдер, әлі ұзақ тұрамыз ба? – деді.
Ол сұраққа жүргізуші:
– Ол менің шаруам. Ұнамай ма, түсіп жүре беріңіз. Сізге міне ғой деп жалынған ешкім жоқ, – деп біраз сөздер айтты.
– Айналайын-ау, мен тұратын уақыттарыңды ғана сұрадым ғой, – деген жолаушы жанындағы жігіт ағасы:
– Үнемі осы. Жұмыстарының сиқы мынау. Бірдеңе десең жағаңнан ала кетеді. Осыларды қадағалайтын орын бар ма өзі? – деді.
– Шамасы ондай орын да, адам да жоқ-ау. Өткенде «Бұларды тәртіпке шақыратындар бар шығар, айту керек екен» дегенімде, ақша жинайтын бала: «Бар, Құдайыңа айт» деп шап ете қалды. Сүйенерлері мықты болып тұр ғой шамасы, – деген орта жастағы әйел әңгімеге араласты.
– Астапыралла, не дейді? Құдайда несі бар-ей, мыналардың. Тойынайын дегені ме? – деген кейуананың сөзін жанында отырған орта жастағы ер адамның:
– Ондай орын да, адамдар да бар. Осылардың жұмыстарын реттеп, тендер жасап, шартқа отырып, – дей бергенде жанындағысы: «олар сенің сөзіңді не қылсын «долясын» алғандықтан осылардың сөзін сөйлейді. Сосын «Құдайыңа бар» демей, не дейді?! Олардың Құдайы ақша болып отыр», – деп сөзін бөлді.
Әлгі жүргізушінің астамшылық сөзі артық әңгімелердің арқауы болып шыға келді. Шындығына келсек, кентішілік қоғамдық көліктің жүріс-тұрысы, жолаушылармен қарым-қатынасы туралы сөз көп. Желіде өріп, баспасөзде жазып жүр. Оған себеп өзінің міндетін атқаруға салақ қарап, міндетсінетін жоғарыдағыдай жүргізушілердің әрекеті. Көпке топырық шашудан аулақпын. Өзінің міндетін қалтқысыз атқарып әрі жұма күндері тегін қызмет жасайтын жүргізушілердің бар екенінен де хабарым бар. Амал жоқ. Көрген көзде жазық, естіген құлақта айып жоқ. Арасында осындай жандардың кездесуі келеңсіз көрініс пен артық әңгімелердің арқауы болып жүргені тағы шындық.
Ондай жүргізушілерді түсінгім келетінін айтқым келеді. Қазіргі мына «Covid-19» кәсіпкерлердің кәсібін тұралатып, мейрамханалардың табысын тоқтатып, қара шаруаның шаруасын шатқаяқтатып, сіздердің де тапқан табыстарыңыздың жанармайдан ауыспайтынын сеземін.
Тек мына нәрсені естеріңізден шығармасаңыздар! Қоғамдық көлікке мінетін кімдер? Өздеріңіз сияқты күнделікті шаруасын күйттеп, бала-шағасын жалақымен жарылқап жүргендер. Таксимен жүруді қалтасы көтермейді. Жоғарыдағыдай ашынған сөздер де сондықтан айтылады.
Олар сіздерге төлейтін ақшаны маңдай термен тапқандықтан сол ақшаға көрсетілетін қызметтің адал, сапалы, болғанын қалайды. Сондықтан өздеріне жасалатын қызметтің орнықты орындалуын талап еткен жандардың жағасынан алуды қойыңдар! Жөнді жауап беріңдер! Осы кәсіпті халыққа қызмет жасап бала-шағаларыңды асырау үшін қалап алдыңдар. Халық – Құдайдың бір аты. Көпшілік болмаса сіздердің қызметтеріңізді кім пайдаланады?! Үнемі жолда жүресіздер. Істеген кәсіптің де, көпшілік жүретін жолдың да киесі болады. Ал халықтың назасы қалт кетпейтінін басынан өткендер біледі. Әлгі «газельдегілердің» кімге шағынатынын білмеймін. Ал мен халықтың ақ-адал еңбекақысына қызмет жасайтын болғасын сіздерді қадағалауды азаматтық арларыңызға тапсырғым келеді.

Құдайберген ЕСЕКЕЙ,
Әйтеке би кенті


20 ақпан 2021 ж. 2 588 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031