Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақпын...

Қазақпын...

Байқоңырлық Саша
(Екінші оқиға)
Кешке қарай купе салқындағандай болды ма, жігіттер әңгіме тыңдағасын ба, малшынып терлемеді. Ас батпай жүрген олар тамақта алдырды. Тағы да сораптап шәйін ішіп бола берген ағасына қайта қолқа салды.
Ағасы да мына таусылмастай көрінген жолдың қысқара түскенін мақұл көрді ма, сөз тыңдайтын адам табылғанына риза болды ма:
– Бас механиктің тапсырмасы бойынша бұл жолы өзбекпен емес, Шымкенттің қазағымен сапарға шығатын болдым, – деп әңгімесін ары қарай сабақтады.
– Ол кісі діндар адам екен. Есімі Сабыр. Қолынан тәсбиғы түспейді. Машинаны аулаға кіргізгеннен кейін қарбыз тиелген тіркемені көрсетіп «мынаны алып жүре аласың ғой», – деп сұрады.
Менің жауабымды естігеннен кейін «Машинаны осында қалдыр. Жігіттер затты тиеп қояды. Өзің моншаға түсіп ал. Жолаушылап шығарда тазаланып шыққан дұрыс. Қызылордадан бірге жүретін жігіттер бұл жолы бара алмайтын болыпты. Сондықтан Қызылордаға соғу керек болып тұр», – деді.
Ертеңіне ерте шығып, түнде Қызылордаға жеттік. Сондағы жігіттердің үйіне қондық. Өздері сөйлесті. Бір жігітті менің қасыма қосып Сабырдың қарсылығына қарамай бір дүкеннен «Байқоңыр» деген арақтан бір жәшік алдырып, кабинаға қойды. Сонымен не керек, Ресей қайдасың деп жолға шықтық. Сол кәсіп. Бұл жолы Сабыр ағам тоқтатқан гаи бекетіне кіріп шығады. Ресейге кіргесін ара-тұра менен шыққан есігіне шөлмек беріп жібереді. Сол кездің өзінде өзбек ағайындардың жүрмейтін жері жоқ екен, қалаға кіре берісте бір өзбек күтіп алды. Шамасы Қызылордалық жігіттермен хабарласып тұрған-ау.
Тіркемедегі қарбыздарды бір екі қоймаға өткіздік. Машина қорабындағы қарбыздарды қаланың базарына алып келдік. Маусым айы болғанмен күн салқындау. Әлгі кісі базар жанындағы ұзын қара плащты жігіттермен сөйлесіп жүр. Байқаймын, базарға кіріп сауда жасау оңай емес сияқты. Бір кезде біреуі мұрны пістедей, ұзын тұра, екіншісі тәпелтек көк көз сары орысты ертіп келді. Түсінгенім базарда қарбыз сататын орын бос емес. Екі күннен кейін ғана босайды. Оған уақыт қайда, қарбыздардың да жағдайы кетуі мүмкін. Күтіп алушымыз қайта сөйлесіп екі шөлмек арақ ұсынды. «Байқоңыр» деген арақты көрген тәпелтек:
– Дима, бұларды Сашаға жіберейік. Өткенде ол да бізге көмектесті ғой, – деді. Дима дегені:
– Қазақстаннансыңдар ма? Байқоңыр Қазақстанда ғой. Осы арадан 70-80 шақырымда Саша Байконурскийдің қарамағында сауда орны бар. Соған барыңдар. Жолы жаман емес. Бағасы да бізден көтеріңкі. Ол жігіт Қазақстандықтарды қатты сыйлайды. Бекерден бекер «Байконурский» аталып жүрген жоқ. Тимоха, өзің жеткізіп сал. Туысқандар еңбегіңді жемеу керек. Сашаның да көңілін аулайсың.
– Димон, «базар жоқ». Айтсаң болды, – деген Тимоха машинаға мінді. Тимоханың айтуынша, баратын жеріміз орманның іші. Жолы жақсы дегенмен ауырлау екен. Не деседе орманды жердің жолы ғой. Жол ұзаған сайын спидометрге қарап қоямын. Алпыс, жетпіс шақырым жүрдік-ау дегенде жанымызда отырған Тимоха алдымыздағы жол жиегінде тұрған үлкен еменді көрсетіп:
– Осы жерге тоқта, – деді де машинадан секіріп түсті. Сол-ақ екен жер астынан шыққандай қолдарында бес атарлары бар екі жігіт пайда бола кетті:
– Тимоха, бұл сен бе? Қай тағдыр айдап келді? Мыналарың кімдер?, – деп сұрақтың астына алып жатыр.
– «Байконурскийде» шаруа бар.
Екі жігіт Тимоханы ертіп анандай жердегі ағаштың түбіне барып бір аппаратты қосты да Тимохаға берді.
Жәй сөйлесіп жатыр ма, сөздері анық емес. Біз туралы айтып жатырғанын сезіп тұрмыз. Бір кезде «өзіңе тосын сыйы бар», – дегенін анық есіттік. Шамасы дауысын көтеріңкіреп айтты-ау деймін.
Сөйлескен аппаратты ағаш түбіне қайта жасырды. «Мына Саша Байконурскийің тегін болмады» деп ойлап қоямын. Мұндай байланыс құралын әскерде қолданатынын білетінмін. Көп ұзамай орыстардың үлкен бір деревнясына кірдік. Қанша үлкен дегенмен деравня екені білініп тұр. Қасымдағы Сабыр ағамның дегбірі кете бастады. Ол түгілі менде «мына жерде қандай сауда болмақ», – деп ойлап қоямын.
«Базар» деген үлкен жазуы бар шарбақтың жанына келіп тоқтадық. Машинадан түскен Тимоха «Асхана» деген жазуы бар бөренеден салынған үйге кіріп кетті. Үйден шыққан ұзын плащты жігіт бізді ішке бастады. Асхананың ортасымен жүріп төрдегі бөлмеге кірдік. Онша үлкен емес, жақсы жабдықталған бөлменің төріндегі биік орындықта отырған жас жігіт онынан тұрып «О, туыстар, қош келдіңіздер», – деп, азғантай акцентпен қазақ тілінде амандасып қолын созды. Ресейдің орманының түкпірінен қазақша амандасуды күтпеген біз абдырап қалдық.
– Кешіріңіздер, ұмытпаған қазақшам осы. Жайғасыңыздар, – деп әрі қарай орысша тілдесті:
– Қазақстаннан, Байқоңырдың өзіненсіздер ме? Жігіттер «тосын сый» деп жатыр еді.
Сөйтсек темір жәшікті көтеріп Тимоха да келе жатыр екен. Машинаның есігін құлыптамағаным есіме түсіп тұра беріп едім, бірден сезген бөлме иесі «Отыра беріңіз, машинаға ешкім тиіспейді» деді де жәшіктегі шөлмекті қолына алып:
– Шындығында мынау күтпеген нағыз тосын сый болды. Байқоныр, – деп дауыстап оқыды да, есік жақта тұрған жігітке:
– Сауда орнын дайындап, таразыларды реттеңдер. Сауда нүктелері мен цехтарға хабарлап па едіңдер, машинаны кіргізіп, іске кірісіңдер, – деді.
– Бауырлар, асханадан дәм татыңыздар. Жеңілдеп тағам дайындағанбыз. Сабыр ағаға қарап:
– Бауырым, таразыда өзіңіз боласыз. Басқа жұмысқа жігіттер көмектеседі, – деп орнынан тұрды.
Мен машинаны кіргізіп бердім. Біз тамақтанып шықсақ машинаның жанында біраз адам, ат арбалар жиналып қалыпты. Олар жұмыстарына кірісті. Мен бөлме иесінің айтуымен демалдым.
Бөлмеге кірген адамдардың дыбысынан ояндым. Сашаның қасындағы Сабыр ағамның портфелі сықиып тұр. Өзі көңілді. Орындыққа жайғаса беріп:
– Саша, көп рахмет. Өзіңнің үлесіңді айт, – деді. Саша күліп:
– Мен білетінде қазақтар көмегін сатпаушы еді, бауырым. Ештеңе керек емес. Төретам деген жерде әскерде болдым. Әскери сауда базасында, қоймада қарапайым жандар да жұмыс істеді. Үлкен апалар «темекі аласың» деп ақша ұсынатын. «Қажет емес десең ал, меніңде балам әскерде» деп өтінетін. Ауыр жұмыстар солдаттардың мойнында болды. Қойма меңгерушісі Гриша деген кісі болды. Оны генералдарға дейін сыйлайтын. Полковниктерге дейін айтқанын тыңдайтын. Сол маған көп көмектесті. Менің көлік айдай алатынымды біліп қойманың жүк машинасына шофер етіп қойғызды. Кейін үлкен басшының шоферы дембелге кеткенде сол кісінің көмегімен бастықтың шофері болдым. Өйткені екеуі өте жақсы тұрды. Контрактімен қалуға дайындалып жүргенімде әкемнің қатты науқастанып жатқан хабары келіп әскерден босадым. Гриша аға басқа да бірге қызмет жасаған қазақ жігіттері жолыма ақша жинап беріп, шығарып салды. Келсем әкем хәл үстінде екен. Көп ұзамай қайтыс болды. Деревняның хәлі мүшкіл. Орманның ағашымен күн көріп отырған халық босып кеткен. Ағаш дайындайтын, тақтай тілетін үлкен цехтар сырттан келген «бандалар» үшін жұмыс істейтін болған. Өндіріс тұралап қалған. Әскерден келген жігіттерді, ауған соғысына қатысқан жігіттерді ұйымдастырып өзіміздің тобымызды құрып сырттан келгендерді ығыстырдық. Өндірістің бұрынғы бастығын тауып алып, өндірісті жолға қоюды реттедік. Заңды да, заңсыз да көмектесіп жүрміз. Әдепкі кезде Байқоңырда қызмет еткен кездерді жиі еске алсам керек аты жөніме «Саша Байконурский» деген лақап жамалды. Қазір менің аты-жөнімді айтса кейбіреулер танымауы мүмкін. Бірақ өзіме ұнайды. Бауырым, маған ештеңе керек емес. Тек жаңа өзіңізге көмектескен жігіттермен есептесерсіз. Өздері айтар.
Сосын бауырым, асықпайсыз. Қазір тағы да жеңіл тамақ ішесіздер. Монша дайын. Орыстың моншасына түспей қалай кетесіздер. Менің тосын сыйым «бешбармак» жейсіздер. Аспаздар менің айтуыммен дайындайды. Қорықпаңыздар шошқаның еті емес. Жас бұзаудыкі.
Тағы айтарым, қазір бос көлікпен, ақшамен жүру өте қауіпті. Сіздердің сауда жасап келе жатырғандарыңыз көзге ұрып тұрады. Сондықтан жақын маңдағы тақтай тілетін цехқа тапсырма беріп қойдым. Арзандау етіп тақтай тиетіп беремін. Сіздер жақта тақтай пұл болатынын білемін. Ал құжаттарына осындағы бағаны жаздырамын. Себебі шекарадан ағаштың белгілі мөлшерін ғана шығаруы мүмкін. Ондай жағдайда құжаттағы бағамен өткізіп кетесіздер. Зиян шекпейсіздер.
Тимохаға тапсырып жібергенмін. Тіркемелеріңізге қаладан қашық емес цехтардың бірінен тақтай тиетіп қояды. Әрі қарай ала кетесіздер.
Солай болды да. Бізбен қоштасып тұрып:
– Бауырлар, рахмет. Дәм-тұзын татқан Қазақстан маған өте ыстық. Қазір де маған көмектесіп бара жатырсыздар. Қолма-қол ақшаның аз уақыты ғой. Сіздерге сатқан ағаштың ақшасына екі цехтың жұмысшыларының жалақысын төледік, – деп құшақтасып қоштасты.
Шекарада Саша айтқандай болды. Тіркемедегі тақтайларды құжаттағы бағамен өздеріне саттық. Орнына біраздан бері жатып қалған Алматыға баратын жүкті тиеп, оның да ақшасын алдық.
Сабыр ағамның жағасы жайлауда. Қайын жұртынан қайтқандай көңілді. Менде жаман болғаным жоқ.
Ең бастысы осы сапарларымның қай-қайсысында да қазақ болғаныма қуандым. Ұлтымыздың жатты жабырқатпаған, мейірім шапағатының жылуын сездім. Жақсылықты білмейтіндері де бар шығар, ал ескеретіндердің көп екеніне осылай куә болдым.
Осы ұлы жолға қарай бергім келетіні сондықтан. Ағасы ойлы жүзбен әңгімесін аяқтады.

Құдайберген ЕСЕКЕЙ,
Әйтеке би кенті
(Соңы. Басы өткен санда)
30 қаңтар 2021 ж. 2 389 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031