Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Басты мақсат: Қуатты ел және кемел халық болу

Басты мақсат: Қуатты ел және кемел халық болу

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы халқымыздың болашаққа деген үміті мен зор сенімін оятып, рухтандырып, сөнбес сәулесін жағып отыр.
Шынтуайтында, әрбір саналы азамат жауапкершілікті сезініп, мен Отан үшін не істедім деген сұрақты қоя отырып, алға ұмтылуы керек-ақ. Жеке адам мен қоғамның арман мақсаттарын тоғыстыра отырып, ұмтылыс жасаса мемлекеттің кемелденуіне бірден-бір септігі тиетіні анық.
Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің отыз жылын үш онжылдыққа бөліп қарастырған екен. Азаттықтың алғашқы онжылдығы жаңа дәуірдегі Қазақстанның, оның мемлекеттілігінің іргетасын мықтап қалау кезеңі болды. Нышандары белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты. 1993 жылдың 15 қарашасында Ұлттық валютамыз – теңге айналымға енгендегі халқымыздың қуанышын көрсеңіз. Өз алдымызға Армия – Қарулы Күштердің құрылуы халқымыздың тәуелсіздікке деген сенімін нығайтты.
Әлем бойынша ядролық сынақты тоқтатып, Семей полигонының жабылуы дүниежүзі халықтарының Қазақстанға деген бейбітшілікті сүйгіш халық ретінде құрметпен, сеніммен қарайтын көзқарас деңгейін ұлғайтты.
Ғасырлар бойы сыртта жүрген қандастар үшін шекара ашылып, Ұлы көш басталды. Бұл көш тарыдай шашылған қазақ баласының атажұртқа қайтып оралғанша тоқтаусыз жүретіні анық. Мұның бәрі қазаққа тән отты рухты көтерді.
Екінші онжылдықта құрлық бойынша шекарамызды шегендеп, халықаралық заң аясында бекітіп алдық. Тағдыр-тарихымызды түгендеуге көштік. Әлі де нақтыланатын дүние көп. Кіші Арал теңізін құтқардық. Қазір бұл теңізде отызға жуық су маржаны ауланады. Онда балық шаруашылықтары құрылды. Балық және балық өнімдері экспортқа шығарылуда. Арал балығын білмейтін шетелдіктер кемде-кем.
Мемлекеттің барлық саласы бойынша цифрландыру, интернет жүйесін жетілдіру, оның қолжетімді болуы үшін көптеген жұмыстар атқарылды. Мұның айқын мысалын алыстан іздемей-ақ қояйық. Жақында ғана Тасарық және Сарбұлақ ауылдық округтеріне интернет желісі тартылды. Көп ұзамай округке қарасты Аранды ауылына жоғары жылдамтықтағы интернет желісі жеткізіледі.
Ұлттық құндылығымыз тіліміз, діліміз бен дініміз қайта оралды. Осының бәрі Тәуелсіздіктің арқасында. Бірақ ұлт болып қаламыз десек, бүгінгі және болашақ ұрпақ қандай да бір қауіп, сын-қатерге дайын болуы керектігін Мемлекет басшысы мақаласында анық көрсетіп отыр. Мұның бәрі жаһандану кезінде тағы басқа жағдайда ұлт ретінде ұлттық болмыстан айрылып қалмаудың бірден-бір кепілі ретінде көрсетіліп отыр.
«Мәдени мұра» бағдарламасы жоғымызды түгендеуге даңғыл жол ашты. Мәселен “Шыңғыс хан түркі (қазақ) перзенті ме?” деген сұрақтың төңірегінде дау-дамай көп. Кезінде алып империяны құрған тұлғаны жан-жақты зерттеу күн тәртібінен түспейтін өткір де өзекті мәселе.
Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей жастар Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде тәуелсіздігімізді жариялаудың символдық мәні зор. Бұл орайда азаттықтың алғашқы қарлығаштары – желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек.
Сонымен қатар 1986 жылдың 17, 18 және 19 желтоқсаны күндері Алматы қаласында өткен қазақ жастарының ұлт-азаттық көтерілісінде жала жабылып, жазықсыз қуғын көріп, сотталған азаматтарды былтыр құрылған саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы комиссия анықтап, істерін қайта қараса халық, ұрпақ үшін бірден-бір дұрыс шешім болар еді.
Қазақ тарихы нақтыланып, қайта жазылуы керек деп ойлаймыз. Бабалардан мұра болып қалған осынау ұлан-ғайыр Ұлы даланы шынымен де сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бұл құдайдың қазақ халқына берген иелігі. Мұраға қалған жерді, сақтап, ұрпаққа аманат ету – сіз бен біздің басты парызымыз. Ол үшін қазақ баласына ауызбіршілік пен ынтымақ керек-ақ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Отанымыздың шын мәнінде қалыптасып, оның дамуы жолында, адамдардың берекелі, бақытты өмір сүруі жайында арнап жазған мемлекет бағдаршамы деп атауға тұрарлық осы мақаланы іске асыруға сіз бен біздің қолдауымыз қажет.
Олай болса, ендігі қазақтың мақсаты – мемлекетті қуатты елге айналдырып, азаттықты асқақтату екені баршаға түсінікті.

Әбілғазы ТОМАЕВ,
Аранды ауылдық округінің әкімі
16 қаңтар 2021 ж. 2 499 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031