Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Балаңыз қандай мультфильм көріп жүр?

Балаңыз қандай мультфильм көріп жүр?

Қазір немерелерімізбен отырып мультфильм көретін болдық. Бұлар біздің балалық шағымыздағы көрген «Ну, погоди!», «Чебурашка», «Маугли», «Виний пух» т.б. мультфильмдермен салыстыруға да келмейді. Бала кезімізде қазақ мультфильмдері өте аз болатын. Соның ішінде 1966 жылы шыққан «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты қазақтың тұңғыш мультфильмінен басқаға көңілім толмайды. Ол дүниежүзінің 40-тан астам елдерінде көрсетілді.
1968 жылы Ленинградта өткен Бүкілодақтық кинофестивальде 3 орын, 1975 жылы Нью-Йорктағы мультфильмдер фестивалінде «Қола Праксиноскоп» жүлдесіне ие болды. Авторы қазақ анимация фильмінің негізін қалаған, Мемлекеттік және «Тарлан» сыйлығының иегері, соғыс ардагері 2015 жылы тоқсан деген торқалы жасында қайтыс болған Әмен Қайдар еді.
Қазіргі қазақ балалары «Алдар көсе», «Қаңбақ шал», «Қырық өтірік», «Құйыршық», «Құрылысшы Қожанасыр», «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр» т.б. мультфильмдерді қарамайды, қызықпайды. Себебі оқиға желісін автор түсіндіріп айтып, кейіпкерлерін арасында сөйлетіп қояды. Екіншіден жәй қозғаласа, қимылдары ебедейсіз. Ертеректе түсірген «Алдар көсе» мультфильміндегі кейіпкердің басындағы бөрікі денесінен екі есе үлкен, құбыжыққа ұқсайды. Соңғы уақытта шыққан «Алдар көсе» мультфильмінің сорпасы қазаққа келіңкіремейді. Себебі режиссер Артур Клаус түсірген. Ал Алдар көсе халыққа жақын кейіпкер емес, суайт әрі озбыр болып шыққан сияқты, бұл әрине менің жеке пікірім.
2010 жылы ашылған «Балапан» телеканалы жүз процент қазақ тілінде, бағдарламаларының да сапасы жылдан жылға артып келеді. «Мики Макс клубын» көрген 4-5 жастағы бала оқиға желісіне қызығып онға дейін санауды үйренеді. Ал қазақша мультфильмге қызықпай, басқа арналардағы шетелдік мультфильмді көреді. Балалар мен немерелердің көретіні бір-бірін қуып, жолына кездескеннің бәрін қирататын «Том мен Джерри», әркіммен қақтығысып, ұрысып жүретін «Спанч Боб», барлығын қырып жүретін «Кунг фу Панда», аюдың тілін алмайтын қаршадай қырсық қыз «Маша».
Қазір кез келген мектеп оқушысынан сұрасаңыз Шрек пен Спанч боб, Дора мен Диего, Бэтмен мен Кайланы өзінің туысқанындай танып, оқиға желісінің барлығын аузының суы құрып айтып береді. Бұл мультфильмдерден немерелеріміз теріс тәрбие алып, оқиғалары ұр да жық, құтырынған бір бәле. Мысалы «Өрмекші адам» мультфильмінің киносы да бар. Базарға барсаңыз «Өрмекші адам» дискісі мен киімдерінен көз сүрінеді. Оны көрген бала «керек» деп жылайды. Алып бересің. Сол киімді жаңа жыл шыршасына киіп барған бала, үйінде шкафтан диванға, диваннан еденге секріп, жын ұрғандай ойнайды.
Анимация демесеңіз үлкендер де қызығып көріп жатады. Кейбір мультикті көргенде ұяттан жерге қарайсың. Мәселен «Эльдарадоға сапар» мультфильміндегі кейіпкер қыз қыздың үстінгі жағындағы лыпасы сегізге, төменгі жағындағы лыпасы үшбұрышқа ұқсап, төсі томпиып, бөксесі бұлтиып тұр. Кішкене қыздардың бүгінгі піріне айналған «Феясы» да жалаңаштанған ұятты жерлерін әдейі томпитып және торситып түсірген. Бұндай мультиктерді көрген баланың көзі үйренгендіктен, ұяты келмеске кетеді. Қыз бала бойжеткесін ашық-шашық киінуден жасқанбайды. Бұл мультиктер ұрпағымызды ұяттан жұрдай қылуға тәрбиелесе, балалар қанша көрсе де жалықпайтын «Шректегі» еркек шора қыз Фиона әрекеті қатыгездікке бағыттайды. Қарақшыларды бір өзі қырып салатын Фиона құс ұясындағы жұмыртқаны орман құбыжығына қуырып беріп, қалғанын бұзып тастайды. Ол қазақтың «көкті жұлма көктей соласың, ұяны бұзба үйіне зияны тиеді» деген сөзін жоққа шығарып тұр.
Менің айтқым келгені бала мультик қөрмесін демеймін, тек қарайтын мультигін ата-ана өзі таңдағаны дұрыс болар еді. Алайда мұны таңдайтын ата-әжелердің түрік, үнді, қытай сериалдарын қараудан қолдар босамай жүргені өкінішті.
Қазіргі кезде СССР-ді «тоқырау жылдары» деп мектеп оқулығына дейін енгізді. Бірақ сол уақытта кітап дүкендерінде жақсы безендірілген бір ертегі жазылған кітап 3-5 тиын тұратын. Сол кезеңдерде қазақ мультфильмдерін қарамасақ та, қазақ радиосынан күнделікті кешкі дастархан басында ата-анамызбен «Ерден атайдың ертегісін» тыңдап, ізінше сол ертегіні талқылап өстік.
Қазақ халқының батыры Бауыржан Момышұлы: «Ертегісіз өскен бала-рухани мүгедек бала. Біздің қазіргі балаларымызға не әжелері, не шешелері ертегі айта білмейді. Содан қорқамын» деген сөзі бүгінгімізді болжап кеткендей-ақ.

Бақытжан АБДУЛ-ТҮМЕНБАЕВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
13 қаңтар 2021 ж. 3 041 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031