Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Аурудың алдын алған абзал

Аурудың алдын алған абзал

Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі елде коронавирус инфекциясына шалдыққандар туралы 24 желтоқсандағы ақпарат жариялады.
Сондағы мәлімет бойынша, 24 126 адам коронавирус инфекциясының түрлі деңгейінен ем қабылдауда екен.
Әлемді шарпыған індет қазақстандықтарды алқымнан алып жатқаны жайлы күнделікті жаңа мәліметтер уақытылы жарияланып тұр. Әзірге біздің аудан бұл дерттен дін аман. Дегенмен сақтықта қорлық жоқ. Індеттің алдын алу шараларын тоқтатпау қажет. Яғни маскалық режимді бұлжытпай орындаған абзал. Сөйтсе де арагідік тұрғындар тұмауға шалдығатыны заңдылық.
– Біз қандай да сырқатқа уақытылы көмек беруге әркез дайынбыз. Барлық сақтық шараларын ұстанып отырмыз. Қазір тұмаудың өршитін кезі болғанымен күніге ересек пен балалар арасынан 1-2 адам ғана дене қызуымен жатқызылуда.
Жалпы әрбір тұрғын тұмаудың алдын алу үшін жылы киініп, өз денсаулығына немқұрайлы қарамауы тиіс. С витамині, аскорбинка, ревит сынды поливитаминдерді қабылдағаны жақсы. Ал өз тарапымыздан медицина қызметкерлері мен диспансерлік есептегілерге жоспарлы тұмауға қарсы екпе салдық, – дейді Сейілхан Артықбаев теміржол ауруханасының бас дәрігері.
Ал Қазалы ауданының жедел жәрдем бөлімінің диспечері Гүлнәр Мұстафаның айтуына сенсек, ауданда әзірге бәрі қалыпты, дәрі-дәрмек жеткілікті. Бөлімдегі мәлімет бойынша тұмаумен күніге 1-3 жас аралығындағы 2-3 бала түседі екен. Дәрігер кеңесі бойынша сәбиді салқын күні далаға шығармаған дұрыс. Шыға қалған жағдайда қалың киіндіргені тиімді. Сондай-ақ уақытылы екпе жасатқаны жөн. Сонда ғана аурудың алдын алатыны белгілі. Тұмау ұстаған кезде қызыл лимон мен бал салынған қызыл шай қабылдау қажет. Жеткілікті мөлшерде жылы су да ішу керек. Ол ағзадағы вирусты айдап шығаруға бірден-бір көмек.
Әр адам уақытында денсаулығына мән беріп, нақты ережелерді сақтаса, тұмау ауруларының алдын алуға болатындығын аудандық салауатты өмір салтын сақтау бөлімінің жауапты маманы Айман Құлмұратова да растап отыр. Ол үшін түрлі әдістер қолдануға болады екен.
Оның айтуынша, медицина ғылымында тұмауды алдын алудың ережелері бар. Яғни онымен ауырмаудың ең дұрыс жолы – вирустан алшақ болу. Ауыратын адамдармен кездеспеуге тырысу және олар жиналатын орындарға бармау керек.
Ауыратын адамды оқшаулау. Ауыратын адам үйде отыруы қажет. Ол жөтелгенде түкірігі шашырап, ауаға инфекция тарайды. Сондықтан ауыратын адамға маска кигізу керек. Маска сау адамды қорғамайды. Сол себепті бетпердені ауыратын адам киюі керек.
Шырышты қабықтарды қорғау. Вирусты қанша жуып тастасақ та, шырышты қабық құрғап кетпей, ылғал болып тұруы керек. Әйтпесе, ол дұрыс жұмыс жасамайды. Жергілікті иммунитетті қамтамасыз етуге тыныс алатын ауа тікелей әсер етеді. Егер ауа құрғақ әрі жылы болса, жергілікті иммунитет болмайды. Жылу қосатын мерзімде ауа қатты құрғайтындықтан, адамдар жиі ауырады. Сондықтан әр үйде ауа ылғалдандырғыш болуы тиіс.
Екпе алу. Дәрігерлер ЖРВИ-ге қарсы екпе алуды ұсынады. Бірақ екпе тек бір вирусқа қарсы ғана болады. Барлық вирусқа қарсы тұратын бір екпе жоқ.
Айта кетейік, Сoronavirus2020.kz сайты 2020 жылғы 24 желтоқсанда тіркелген коронавирустық инфекция белгілері бар пневмония бойынша ақпарат жариялады. Өткен тәулікте коронавирустық инфекция белгілері бар пневмонияның 156 жағдайы және 2 өлім жағдайы тіркелді. Оған қоса 83 адам емделіп шықты.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
29 желтоқсан 2020 ж. 2 304 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031