Сақтыққа салғырт қарамайық
Қазіргі уақытта ауданда коронавирус белгілері бар адам тіркелген жоқ. Десек те сақтық шараларын босаңсытуға болмайды. Алда тұмаудың өршитін күз бен қыс айлары келе жатыр. Бұл кезде қарап отырмай жедел алғашқы көмек көрсетуге дәрігерлер толық дайын.
Қазір жұқпалы аурулар ауруханасында қажетті төсек орны әзір тұр. Азаматтарға қызмет көрсету барысында қолданылатын барлық қорғаныш киімдері түгел. Керекті медициналық заттармен жабдықталған.
Бүгінде мамандар коронавирустың екінші толқыны біршама жеңіл өтетіндігін айтуда. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы директорының бірінші орынбасары, эпидемиолог Бауыржан Жүсіпов мәлім еткен болатын.
«Коронавирус індетінің негізгі толқынын өткіздік» деген пікірдегі адамдармен келісемін. Бізде негізгі толқын осы жылдың маусым-шілде айларында болды. Мұны бізге қолжетімді статистикаға, ауруханаға жатқызу деректеріне қарап айта аламыз. Дегенмен тіркелген статистикалық мәліметтер шынайы жағдайды көрсете алмайды. Мұндай жайт бүкіл әлемде орын алуда. Көктемде науқастарды тіркеген кезде жеңіл және симптомсыз формасына, орташа ауыр және ауыр формасына қатысты мүлде басқа ара –қатынасты байқаған едік. Бұған қоса орташа және ауыр формамен ауырғандардың саны басым болды. Коронавирусқа шалдығудың шырқау шегінен өткенімізді білдіретін тағы бір жайт өкпе қабынуының өте көп болуы. Оның үстіне қазір Денсаулық сақтау министрлігі өкпе қабынуларын “ковид” деп санап, тіркеуге қосып отыр. Яғни өкпе қабынулары ПТР-диагностикалау көмегімен анықталған еді», – деді ол.
Коронавирустың екінші толқынының жүру мүмкіндігін талқылауға арналған онлайн жиында аталғандай, қауіпті індеттің шырқау шегінен өтіп кетуіміз алдағы уақыттағы жағдайға оң әсерін тигізеді. «Енді иммунитеттің бар екендігін білеміз. Коронавирусты қайталап жұқтырып алу деректері бірен-саран ғана. Оның өзі де ағзаның ерекшелігіне, иммунитеттің қалыптасуына байланысты. Жалпы иммунитет бар. Осыны ескерер болсақ, коронавирустың екінші толқыны біршама жеңіл өтеді. Маусым-шілдедегідей күрт өршімейді. Біз де, Денсаулық сақтау министрлігі де, жалпы қоғам да дайын болады. Желтоқсанға қарай ол күрделене түседі. Қыркүйек пен қазан айлары біршама тыныш өтеді», – деді Бауыржан Жүсіпов.
“Сақтансаң – сақтаймын” деген бар. Сондықтан біздің тарапымыздан сақтық шараларын бұлжытпай орындап маска тағып, көпшілік шоғырланған жерлерден бойымызды аулақ ұстау ләзім.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА