Немқұрайлылық танытпайық
Қазіргі таңда бұғау бермес эпидемияға байланысты ахуалды және екінші кезеңіне дайындық барысын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатаң сақтауды тапсырды. Осыған орай кент әкімшілігі тарапынан мобильдік топ құрылған. Алдағы уақытта рейдтік жұмыс жүргізілетінін назарларыңызға саламын. Көпшілік орындарда жағдай біршама тұрақталғанымен әсте босаңсуға болмайды. Біз оған толықтай дайын болуымыз қажет. Елдің береке-бірлігі мен амандығы бәрінен де қымбат.
Қоғам карантин жағдайына бейімделіп, әрдайым қатаң сақтық шараларын ұстануы қажет. Жарты әлемді жайлаған кеселдің бірінші толқынын аман-есен өткердік. Денсаулық мәселесі бірінші кезекте тұрғандықтан кім-кімнің де жаппай карантин талаптарына мойынсұнғаны абзал. Індеттің алдын алу үшін мемлекеттің қатаң шара қабылдағаны баршаға аян.
Аудан көлемінде де бақылау күшейтіліп, сырттан келген азаматтар карантинге жатқызылып, медицина мамандары әрбір емделушіні бақылауға алғанының арқасында ауру саны аз тіркелді. Алдағы уақытта да бұл жағдайға бейжай қарамаған дұрыс. Әлемде коронавирус жұқтыру деректері жөнінен алда тұрған мемлекеттердің тәжірибесінен ұққанымыз, вирустың өзі қандай қауіпті болса, оның айналасындағы дүрбелең мен салғырттық та соншалықты қатерлі.
Сондықтан қоғамдық орын мен базарда, адам көп шоғырланатын орталықтарда маскалық режимді сақтап, індеттің құрбаны мен тасымалдаушысы болудан сақтанайық. Отбасылық той, ас беру, қыз ұзату сынды жиындар, ойын-сауық орталықтары мен жолаушы тасымалы, автобекет пен теміржол вокзалы маңы карантин талаптарын күшейтуді қажет етеді. Дәрігерлердің кеңесін тыңдап, қатерді айрықша қаперге алайық. Әрбір тұрғыннан карантин талаптарын қатаң сақтауды сұраймын.
Қайрақбай ОРЫНБАСАРОВ,
Әйтеке би кентінің әкімі