Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәнсіз марапат

Мәнсіз марапат

Жуырда ұстаздар арасында болдым. Нақтыласам, белгілі бір байқауға байланысты комиссия отырысы өтті. Жанымдағы мұғалімдердің барлығы өз пәндері бойынша сен тұр, мен атайындар. Салаларының жілігін шағып, майын ішкен деуге болады. Осы отырыста алдымыздағы мұғалім құжаттарының қалыңдығы қос еліден. Әрине ішінде өмірбаяны мен шәкірттерінің жетістіктері, өз біліктіліктерін арттыруға байланысты алған сертификаттары һәм мақтау қағаздар. Сонда бір байқағанымыз, кейбір мұғалімдердің «сатып алынатын» атаққа шамадан тыс құмарлығы. Ол жалғыз мені емес, білім саласынан ардагерлікке шыққан жандарды да қынжылтты.
Иә, қағыс естімедіңіз, бүгінде сатылатын марапат көп. «Сауда сақал сипағанша» деп оларға неше түрлі атты таңып, қызықтырып қоятын саудагерлер де жетеді. Тек ақысын берсеңіз болды, әп-сәтте рейхстагқа ту тіккен батырға айналып шыға келесіз.
Бұл «байдың асын байғұс қызғанады» деген емес. Шынында да солай. Жас шыбықтың бойына өнеге нәрін себетін ұлағатты жандардың екінің бірі ашып жатқан қоғамдық бірлестіктерден арзан марапаттарды сатып алуында не сыр бар?! Оларды кімдер, қаншаға сатады?
Осыларға байланысты зерттеу жасап көргенбіз. Мәселе былай екен.
Ой, шіркін-ай, «Ғасыр ұстазы», «Ұлт ұстазы», «Алаш ұстазы» деген дақпырттың барлығының құны бар екен. Мысалы сіз 13 мың теңге берсеңіз «Ғасыр ұстазы» атанып, 10 мың теңгеге «Алаш ұстазын» иеленуіңізге болады. Қалтаңызда 5 мың теңгеңіз болса «Ұлт ұстазын» кеудеңізге тағуыңызға мархабат!
Міне, сұмдық! Кезінде атақты ақын Мағжан Жұмабаев Алаштың ақылшысы болған Ахмет Байтұрсыновқа «Ұлт ұстазы» деген теңеу айтқан. Бірақ ол – қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шыққан Ахмет еді ғой...
Жалпы бұл жайында «Мұғалімдердің сүйікті министрі» атанған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов:
– Соңғы кездері әртүрлі ақылы марапаттардың тарағаны байқалады. Ол ешкімге жасырын емес. Олардың дизайны да, аты да ресми бекітілген марапаттарға ұқсатылып жасалған. Кейбір мұғалім білмегендіктен, енді бірі біле тұра күмәнді ақылы жарыстарға қатысады. Сатып алынған марапат – марапат емес. Егер бұл қоғамдық марапат болса, ол ақылы болмауы тиіс. Сондықтан осы ақпаратты көпшілікке жеткізу керек. Мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет, – дегенді білдірді.
Иә, бүгінгі таңда мұнымен қоса оқушыларды ақы төлеп қатыстыратын онлайн ­олимпиадаларда өте көп. Бір мектептен 15-20 оқушының шашасына шаң жұқтырмай, барлығы бірдей бірінші орын алып жатқаны күлкілі һәм қасіретті.
Күлкілі дегеніміз – олардың басым көпшілігінің жанында ұстаздарының тұрып, дұрыс нұсқаларын белгілеп беруі және қоғамдық ұйымдардың соларды шімірікпестен барлығына бірдей тегін үйлестіруінде.
Ал қасіретті болатын себебі – жас буынның бойына кей педагогтардың қолымен жалғандық уының таралуында.
Бұл жайында жуырда ғана ауданның білім бөліміне басшы болып тағайындалған Әділхан Жөлекешовке қоңырау шалған болатынбыз.
– Аталмыш үрдіс жалғыз ұстаздар емес, басқа салаларда да бар. Өздеріңіз білетіндей түрлі кәсіподақ ұйымының да қисынды, қисынсыз атақтары жеткілікті. Әйтсе де елдің болашағын тәрбиелейтін ұстаздар қауымы болғандықтан осындай жалтырақ дүниеден майталман мұғалімдердің алыстау жүргенін қалаймын. Ұстаздың нағыз жетістігі – алдындағы шәкіртінің саналы азамат болып өскені.
Министрлік бекіткен марапаттар қатарында «Ы.Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері», Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттар кіреді. Бұл ресми наградалар арнайы комиссияның шешімі бойынша жүреді.
Сондай-ақ мұғалімдер мен оқушыларға арналған ақылы байқаулар ресми емес. Жалған атақтар – педагог пен шәкіртке шын абырой әпермейді дегенді алға тартты.
Еңбектің еленгені жақсы. Біз айтылған мәселені бір жақты қараудан аулақпыз. Себебі, әрбір мектепте қаншама мұғалім бар. Олардың барлығына бірдей мемлекеттік награда мен марапат беріле бермейтіні тағы рас. Десе де мұғалім алдында отырған шәкірттің ұстазынан жан-жақты тұлға болып жетіліп, «ағай, апай!» деп иіліп тұрғанынан артық не марапат бар?!

Е.ТАБЫНБАЕВ
26 желтоқсан 2020 ж. 2 535 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930