Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Миллионер арбакеш

Миллионер арбакеш

Осыдан 40 жыл бұрын Қазан қаласындағы райПО-ның арбакеші Асхат Галимзяновқа: «саған тірі кезіңде ескерткіш орнатады» десе сенбес еді. Бірақ оған ескерткіш орнатылды. Асхат анда-санда өзінің қоладан құйылған мүсінің көру үшін келіп, аты мен арбасы толы балалар мүсіндерін қолмен сипап тұрып, жастық шағын еске алатын.
Асхат Галимзянов – Татарстандағы атақты адам. Сырт келбеті миллионер адамға мүлдем ұқсамайды. Ол жұмысшы адам, аяғында шаң басқан бәтеңке, басында жасанды теріден кепке. Өзіне киім алуға ақша жұмсағанды жақтырмайды, киімі жыртық болмаса болды дейді.
Есесіне қамқорлыққа зәру жетімдерге, қараусыз қалған қарттарға, интернаттарға алып берген телевизор, мұздатқыш, киімдер мен ойыншықтарға қанша мың сом жұмсағанын ешкім білмейді. Асхат ағайдың балалар үйіне әр жылдары 80 автобус сатып алып бергенін бүкіл Татарстан біледі. Әр машина 500 мың рубль тұрады. Сонда автобус паркін сатып алуға қанша қаржы кеткенін білу қиын емес. Сонда орта білімі де жоқ, райПо-нын арбакеші осыншама ақшаны қайдан алған? Кеңес өкіметі кезінде советтік қоғам қалпынан тыс бұл адамға КГБ-де күдікпен қарағанды.
Көп жыл бұрын жас милиционер Асхат Галимязановты қоғамдық тәртіп сақшысына жат ісі үшін органнан шығарып жіберген болатын. Неге? Көшеде кездескен мас адамды айықтырғышқа апарып құжат толтырудың орнына, мас адамның келеңсіздігін көрсетпеу үшін қолтығынан демеп, үйіне жеткізіп ­салатын.
Органнан шығып қалған Асхат райПО-ға арбакеш болып орналасып, азық-түлікті сауда нүктелеріне тасымалдады. Байлық көзін Асхат сауда орындарынан шығарып тастаған қарбыз-қауын, асқабақ пен картоп, т.б. шіри бастаған жеміс-жидектен тапты. Күнделікті осыларды жұмыстан соң тиеп алып үйіндегі талпақ танау торайларына жем ретінде берді. Тонналап қалатын қалдықтарды торайлар тауыса алмағасын, торайлардың санын көбейтті. Қомағай торайлар тез салмақ қосып, союға жарағасын мекемелерге және базарға өткізді. Ақшасын сол кезден ­бастап жетім балалар үйіне аударады. Алдымен көршілері «байып бара жатқан Галимзяновтың» үстінен арыз жазып, қырағылық танытты. «Еңбексіз дайын жеммен, қала ортасында шошқа бағып отырғанына» райкомға, СЭС-ке, ОБХСС-қа дейін домалақ арызды домалатып жөнелтіп отырды. Тексерушілер тексергенде ешқандай кінә таға алмады. Еңбекқор арбакеш шағын шошқа фермасын гараж астына жертөле қазып соған орналастырған болатын. Күнделікті түнде ел ұйықтап жатқанда шошқаның қиын арбаға тиеп қала сыртына төкті. СССР-дағы бейбітшілік қорына ақша аударғаны үшін, комитет төрайымы Валентина Терешковадан алған Құрмет грамотасын көрсеткен соң көршілерінің қырағылығы бәсеңдеді.
Адал еңбекті кәсіп еткен арбакеш Асхаттың еңбегі билікке М.С.Горбачев келіп, сауда-сатыққа жол ашылғанда бағаланды.
Теміржол бойындағы қаңырап қалған «шаруашылық қойманы» сатып алып, інісі мен баласы үшеуі ферма ашып, мал басын 300 өгізге жеткізіп, ет өндірумен айналысты. Малға шөпті кейде Қазан-Кремль іргесіндегі өсіп кеткен шөпті орып та алатын (қала әкімшілігінің рұқсатымен). Осы кезде көршілері тағы да күңкілдей бастады: «Бұл не деген сұмдық, астананың ортасын колхозға айналдырды» дегенмен, нарық заманында Асхаттай адамдарға ешәрсе істей алмайтының білді, кәсіпкерлікті қолдайтын заман туған еді.
СССР күйрегенде Асхаттың ақшасы «күйіп» кеткен жоқ, ол ақшасын ел қатарлы «Сберкнижкада» сақтаған жоқ. Ақшасы автобусқа жетсе сатып алып, балалар үйіне жіберіп отырды. Өзінің отбасына тамақ пен киімге ғана жаратып, қалған ақшасын кәсібіне жұмсады. Бала-шағасының айтқанын қылып, бірде су жаңа «Волга» автокөлігін алғанымен, кейін оны балалар үйіне өткізіп жіберді. Ал, «ГАЗ-53» машинасын шаруашылығына пайдаланды. Кейін келе Асхаттың інісі мен баласы қайтыс болып, сиыр мен шошқа фермасына бір өзі қарайды.
2010 жылдың өзінде Татарстандағы балалар үйіне екі «ГАЗель» шағын автобусын сатып алып берді. Қазір Асхаттың жасы 73-ке келсе де үшінші табыс көзін тапты, теміржол мен базар аралығындағы жерді арендаға алып, базарға келетін көліктер үшін автотұрақ ашты. «КАМАЗдағы» картоптың ұрланбауына шынжырлап қойған төрт неміс овчаркасы жауап береді.
Қайырымдылықпен атағы шыққан Асхатты Татарстанның бұрынғы Президенті Мінтемір Шәмиев ерекше құрмет тұтып, өзінің қаражатына 2008 жылдың 30 тамызында Қазан қаласындағы Кремль іргесіне Асхат шалға ескерткіш орнатты. Президенттің өзі құрметтеген адам таңғаларлық меценатты барлық адам жақсы көруі керек емес пе? Дегенмен олай болмай шықты. Асхат өзі дүниеге келген Бұлым ауылындағы жерлестерінің өтініші бойынша көшелерге асфальт төсеп, бітпей тұрған мешітті аяқтап, бірнеше скважина қазып ауыз су құдықтарын ашып берген еді.
Жергілікті билік басындағылар мұның астарында «Кімнің күшті екендігін көрсеткісі келді» деп түсінді. Белгісіз біреулер түнде құдыққа улы тыңайтқыш төгіп, суды жарамсыз етсе де, ешкімді кінәлаған жоқ. Себебі адамдардың мұндай пендешілігін ол талай рет басынан өткерген болатын.
Автордан: бұл мақала 2011 жылы жазылғандықтан, интернеттен меценат Асхат тірі ме екен деген оймен қарағанда, 2016 жылы қаңтарда қайтыс болыпты. Татарстан президенті сыйға берген жайлы пәтерін Қазақстаннан келген оралмандарға беріп, өзі ескі үйінде өмірінің соңғы күндерін өткізіпті, әлі кетіп кәсіпкерлікпен айналыса алмағасын ферма мен автотұрағын сатып, ақшасын Татарстан, Башқұртстан мен Чуваш елдеріндегі балалар үйіне аударыпты.
Бақытжан АБДУЛ-ТҮМЕНБАЕВ,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі

12 желтоқсан 2020 ж. 1 526 0

Тағдыр тудырған туынды

11 мамыр 2025 ж. 40

Тілегіміз – бейбіт күн

10 мамыр 2025 ж. 64

Ардагерлер ардақталды

10 мамыр 2025 ж. 69

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031