Індет кезінде ірілік көрсетті
Жыл басында Қытайдан тараған коронавирус әлем халқын әбігерге салып, шарасыздықтың шырмауына тастап жібергені әлі күнге ұмыта қойған жоқпыз. Өйткені күні бүгінге дейін қазақ қазынаға балаған той тойланбай, індет арамыздан алған ағайынның жаназасына баруға шектеу қойылды. Бірақ пандемиямен күресу – елдің елеңсіз ертеңінің алғышарты болды.
Осы тұста аудан атқамінерлерімен қоса елжанды азаматтар індеттің таралуын тоқтатуға, оны жұқтырғандарды емдеуге қажетті құралды алуға жұдырықтай жұмыла білді. Жұртты сақтыққа шақырып, карантин ережелерінің сақталуына қоғамдық бақылау жасағандардың да еңбегі орасан. Жақында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев пандемия кезінде халық саулығы үшін алдыңғы шепте жүрген белсенді азаматтарға алғыс айтып, арнайы марапаттар табыстады.
– Биылғы жылы елімізде жарияланған төтенше жағдай мен карантиндік шектеу кезінде орын алған қиыншылықтарға қарамай коронавирус инфекциясының алдын алу шараларына жерлестеріміз де айтарлықтай үлес қосты. Қазалылықтардың амандығы, елдің ертеңі үшін жасаған жақсылықтары, белсенді іс-әрекеттерін жоғары бағалаймыз. Десек те әлі емі жоқ аурудан толығымен айыққан жоқпыз. Елде коронавирус жұқтырғандар әлі де бар. Сондықтан індетті біржолата жеңбейінше босаңсуға болмайды. Әлі де болса сақтық талаптарын қатаң сақтанып, жақындарымызға жанашыр болуымыз керек, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.
Қоғам белсенділерінен бөлек карантин ережерінің бұзылмауы үшін күштік құрылымдар жасақталды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес ауданның аумақтық қорғаныс батальонының жеке құрамы көше тәртібі мен нысандарды және блок посттарды күзету жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ халық арасында сақтық шараларын үнемі насихаттап, індет ушығып тұрған қалалардан Қазалыға келе жатқандар туралы дер кезінде жергілікті билікті хабардар етіп отырды. Бұл жергілікті жердегі ахуалды тұрақтандыруға, жаппай індеттің таралуын тоқтатуға көп септігін тигізді. Мұндай іс-әрекеттерді еліне, туған жеріне деген патриоттық іс деп бағалауға болады.
Осыған орай Аралбай Мәмбетжанов пен Амангелді Мешітбай Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына арналған төсбелгісімен, Марғұлан Ахметов, Көбей Дали, Бекжан Қажымұрат, Досжан Мақсат, Ақтілек Мәжібай мен Бауыржан Жаңаталапұлы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің «Төтенше жағдай кезінде міндеттерін адал орындағаны үшін» естелік белгісімен, тағы бірқатар азаматтар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ