Тәртіп пен талап қиындықтан құтқарады
Бүгінгі таңда әлемде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны миллионға жетіп, дүниежүзін дүрбелеңге салып қойды. Бұл жұқпалы індетпен күресте дамыған Еуропа елдерінің өзі дәрменсіздік танытып отыр.
Коронавирус инфекциясы біздің елге де қауіп төндіріп тұр. Күннен-күнге ушығып бара жатқан әлемдегі жағдайды ескере отырып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде төтенше жағдай жариялап, Үкіметке барлық қауіпсіздік шараларын қолға алуды тапсырды.
Өздеріңізге белгілі айналасы 2-3 күннің ішінде облыста аты жаман ауру жұқтырғандардың саны 26-ға жетті. Өйткені бұл вирус адамнан адамға тез тарайды.
Осыған орай тұрғындар арасында жұқпалы індеттің таралуын болдырмау үшін 2 сәуірден бастап 15 сәуірге дейін Қазалы ауданында карантиндік режим енгізілді. Ауданға кіреберіс жолдарға 3 блок пост қойылды. Азық-түлік және жанармай, тағы басқа тауар ғана тиісті құжатпен өте алады.
Осы кезеңде ауданның бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен тек қана азық-түлік сататын дүкендер санитарлық дезинфекциялық талаптарды сақтай отырып, сағат 8:00-ден 20.00-ге дейін, азық-түлік базарлары сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін, дәріханалар тәулік бойы жұмыс жасайды.
Ал мейрамханалардың, кафелердің, шайхана-асханалардың және басқа да қоғамдық тамақтану объектілеріне “Клиенттерге дейін жеткізу” қағидаты бойынша сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Қоғамдық көліктерден басқа жеке автокөліктерге жүруге тыйым салынады.
Елімізде төтенше жағдай жарияланған күннен бастап коронавирус инфекциясының алдын алуға байланысты арнайы штаб құрылды. Қазіргі таңда ауданда осы штабтың алгоритміне сәйкес көптеген жұмыстар атқарылуда. Алдымен ауданға басқа шетелдер мен басқа облыс, аудандардан келген азаматтар тексеріліп, 14 күнге оқшаулануға жіберілуде. Ол үшін Қазалы ауданаралық ауруханасының екінші ғимаратынан 50 орындық обсервациялық стационарлар ашылды.
Аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, полиция мен медицина қызметкерлеріне қажетті құрал-жабдықтар алынып берілді.
Ауданда көлемі 84 мың шаршы метр болатын 106 әлеуметтік нысандарға, қоғамдық көліктер мен қалааралық және ауданаралық автобустарға, автобекеттерге, аялдамаларға залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Жеке кәсіпкерлер мен басқа да ұйымдар өз қаражаттары есептерінен ғимараттарын дезинфекциялады.
Аудандағы азық-түлік қоры жеткілікті. Бірінші кезекте керек заттарды кәсіпкерлер Қостанай, Түркістан қалаларынан тасымалдауда. Базар бағасы өсіп жатыр. Оның да себебі бар. Алайда азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында ауданнан «Ажар сити» әлеуметтік дүкенін аштық. Облыстық тұрақтандыру қоры арқылы да көлік үстінде арзан бағада азық-түлік сатылды. Алдағы уақытта көлік үстінен азық-түлік сатуды жалғастыруды жоспарлап отырмыз.
Қасиетті Қазалы ауданы бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан мекен. Осындай елдің азаматтары жығылғанға демеу, сүрінгенге сүйеу болған. Төтенше жағдай кезінде жомарт жүректі жергілікті кәсіпкерлер көмекті қажет ететін отбасыларға қайырымдылық қолдау көрсетуде.Осы ретте мен аудан халқының атынан қайырымды азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін.
Қазіргі таңда біз тазалық шараларын қатаң сақтап,індет қаупі сейілмейінше үйде отыруымыз қажет. Өйткені бұл – тәжвируспен күрестің ең тиімді жолы. Сондықтан баршаңызды карантин кезінде енгізілген шаралар мен шектеулерді орындауға, тұрғын үйлерге үнемі санитарлық-дезинфекциялық тазалық жұмыстарын жүргізуге және медициналық маска тағуға, қолды үнемі жуып жүруге, антисептикалық құрылғыларды жиі пайдалануға шақырамын. Азық-түлік дүкендеріне және адам көп жиналатын жерде міндетті түрде арақашықтықты сақтап жүріңіздер. Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі елді дүрліктіретін түрлі жалған ақпараттарға сенбеу және таралуына жол бермеу, қалыптасқан жағдайға байланысты мәліметтерді тек ресми көздерден алу қажеттігін ескертемін.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің халыққа арнаған Үндеуінде талап пен тәртіпке бағынудың маңыздылығын айта келе, күрделі кезеңді тек бірлікпен ғана еңсеретінімізді атап өтті. Ол үшін Президенттің пәрменімен қабылданып жатқан шараларға әрбір қазақстандықтың түсіністікпен қарап, тазалықты мұқият сақтауы қажеттігіне назар аударды.
Халқымызда «Бірлік түбі – береке» деген дана сөз бар. Бәріміздің басты арманымыз – берекелі-баянды, тату-тәтті өмір сүру. Осы мақсатымыздың ойдағыдай жүзеге асуы үшін тәртіпке бағынып, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтайық, үйде болайық, ағайын!
Мұрат ЕРГЕШБАЕВ,
Қазалы ауданының әкімі