«Арықбалық шаһидтерін» ардақтау мәселесі аяқсыз қалмаса екен
Ауданның айнасына айналған «Қазалы» газетінің 08.08.2020 жылғы №60 санында жерлес жазушы Молдахмет Қаназдың «Аудан әкімінің назарына» айдарымен жарияланған «Арықбалық шаһидтерін» ардақтау мәселесі алаңдатады» атты мақаласы мені ойлантты.
Бұл мәселе жалғыз мені ғана емес сол «Арықбалық шайқасына» қатысқан рулар мен ұлыстар шаһидтерінің қазіргі ұрпағын бейжай қалдырмай ойлантуға тиіс деп ойлаймын. Көтеріліп отырған мәселе өте орынды. Айтылған ескертпе мен ұсыныстар ескеруге тұрарлық.
Әсіресе «Халқымның туған бағына, батыр баба Жанқожа» атты эскиз-жобаның тым шикі екені әр тақтаға берілген атаулардан-ақ көрінеді. «Арықбалық шаһидтерін» ардақтау жалғыз батыр бабаны ардақтау емес, түсінген адамға «Елім, жерім, арым мен намысымды қорлатпаймын» деген ата-бабаның, шаһидтардың әрқайсысының бойындағы рухты ардақтау.
Қазіргі өсіп келе жатқан ұрпаққа ар мен намысты, ұлттық рухты қорғаудағы сол бір отаршылдық кездің өзінде бабалардың жалаңаш қолымен от көсеген әрекетін санаға сіңіру. Бұл арада баба бейнесі ұлтымыздың ар-намысының, рухының қорғаушысы.
Батыр баба жасанған жауға жаралы жолбарыстай ұмтылған жандардың өз дегендеріне жете алмасын да сезді. Бірақ, олардың бойындағы биік рухтың туын жыққысы келмеді.
Осының бәрін мақала авторы ұсынған жобадан анық көруге болады. Ал оның жай тақта емес, тастан қашалған мемориал болуы, қай заманда болмасын ақ пен қараның астасып жүретіні, сол бабалар қорғаған рухымыздың биік болуы өскелең ұрпақ санасына биік тұрған ақ мәрмәр тастай әсер етуі керек-ақ. Ол сынбауы, даттанбауы, мүжілмеуі керек.
Автор осы ойлармен қатар: «Осы жерде аттап өтуге болмайтын әлгі тақталарға байланысты бір маңызды шаруа бар.
Батырдың басынан кешкен тауқыметтер ұшан-теңіз. Олардың барлығы біз жоспарлап отырған бір ескерткішке сыюы мүмкін емес» – дей келе Әйтеке би кентіндегі Баба кесенесіне қара мәрмәрге жазылып қойылатын Баба өмірінің негізгі-негізгі даталарын ұсынған.
Осындай тақта керегін бұрын жазған мақаламда мен де қозғағанмын. Оған себеп алыс-жақыннан келген құда-жекжат, достарымды осы кесенеге, Баба атындағы мешітке, музейге апару әдетіме айналған. Келген қонақтар ұялы телефон мен фотоаппараттарын ыңғайлап, баба туралы мәлімет жазылған тақтаны кесенеден де, мешіттен де таппай маған сұраулы көзбен қарайтын.
Сондықтан бұл ұсыныс та орынды. Орындалуға тиісті шаруа.
«Арықбалық шайқасы туралы» алғаш мәселе көтергенде, жылда атап өтетін Батыр баба атындағы ауыл. Оны айналып өтуге, мектеп директоры, ауыл әкімі, ауыл түлегі Жұмабек бауырымыздың еңбектерін елеусіз қалдыруға болмас.
Басқа шаһидтердің ұрпақтары, ел азаматтары, батыр Баба ауылы азаматтары газетте жарияланған мақала айдан аса уақыт болса да үн қоспауы, пікір білдірмеуі ойлантады. Немқұрайлық па, әлде «Аудан әкімінің назарына» деген айдардан үрку ме?!
Шындығында бұл оңай шаруа емес. Ал шын ықыласпен, жанашырлықпен қолға алынса бітпейтінде шаруа жоқ.
Автор меңзегендей: «Бұл түптің-түбі Қазалы халқы тұрар болса, аяқсыз қалмай бүгін болмаса ертең орындалатын маңызды елдік шаруа. Алайда бастап қалған екенсіз абырой өзіңізде қалғаны жөн.
Тарихтың тегіршегі дөңгелене келе әруақтар алдындағы бұл аса қасиетті істің жауапкершілігі де, абыройы да Сізге бұйырып тұр, Мұрат Нәлқожаұлы!».
Бұл да автордың қолдауға тұрарлық орынды тілегі.
Ал шаһидтерді ардақтау бәрімізге, Қазалы халқына, Арықбалық шайқасы шаһидтері ұрпақтарына абырой екенін ұмытпайық, ағайын. Басталған істің аяқсыз қалмауы үшін атсалысайық.
Құдайберген ЕСЕКЕЙ