Бір айға 2000 теңге: Оқушылар білім платформаларына ақша төлеуі керек пе?
Елімізде білім беретін онлайн платформаларға қатысты орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Bilim Media Group компаниясының директоры Санжар Кенжеханұлы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Санжар Кенжеханұлы оқушылар мен мұғалімдерге платформа қолжетімді болу үшін министрлік жауапты болатынын айтты. Арнайы орталық бұл мәселелермен айналысып, барлық қажеттіліктерді қамтамасыз ететін болады.
"Мұғалімдер мен оқушылардың онлайн платформаны қолдануына төйлейтін ақша мәселесін министрліктің "Оқулық" деген орталығы шешетін болады. Ол орталық мектепке ұсынатын сабақтарды арнайы тексеріледі. Сол орталықта материалдар сараптамадан өтіп, бұйрық негізінде келісім шарт жасалады", - дейді ол.
Сонымен қатар, ол платформалардың ақылы болатынын айтты. Алайда бұл қаражатты оқушылар мен ата-аналар төлемейді. Бұл арнайы келісім шарт арқылы басқармалардың бюджетінен төленетін болады.
"Біз төртінші тоқсанда мейлінше тегін қызмет көрсетуге тырыстық. Өйткені барлық әлем осындай форматта жұмыс істеді. Бірақ әрине қазір біздің ұжым тек қана бірінші тоқсан бойынша 5700 сабақ дайындады. Әрине мұның барлығын ұйымдастыру үшін қаражат қажет. Республикалық, облыстық, аудандық басқармалар платформаларды салыстырып, сапасы, ыңғайлылығын тексерді. Ал ата-аналар мен оқушылар қалтасынан ақша шығармайды. Бұл қызметтерді арнайы басқармалар ұсынып, оқушыларды қамтамасыз ететін болады", - дейді ол.
Daryn.online порталының негізін қалаушыларының бірі Ержан Оңалбаев қазіргі таңда жүйеде сабақтың бағасы шығып тұрғанын, алада оқушылар ол жүйеге тегін кіре алатынын айтты.
"Біздің платофрмамызға кірген болсаңыз, әр сабақтың бір айға 2000 теңге екенін көресіз. Алайда бұл жеке қолданушыларға арналған. Ал мелмекеттік мекемеде оқитын балалар ол сабақтарды тегін ала алады", - дейді Ержан Оңалбаев.