Жаңа трансформатор орнатылды

Жуырда 5-ші кварталдағы Абай тұйығы көшесінің тұрғындары көше бойына жаңадан трансформатор орнатылғанына мәре-сәре болды. Негізі бұған дейін аталған тұйықтағылар жарықты жанында жағалай жатқан Жетес би көшесі арқылы алып отырған. Көптің айтуынша, сол сәттерде көше бойында тұрғын саны аз болып, электр қуаты толыққанды жеткен. Артынша халық саны артып, салынған үйлердің қатары көбейген. Осыдан кейін көшенің соңында орналасқандар жарықты жеткілікті пайдалана алмаған. Әлсін-әлі өшіп қалып, әбігерге түсірген деседі. Қыстың күнгі жағдайды ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Одан қалды үй ішінде теледидар және мұздатқыш сынды тұрмыстық техникаларды пайдалануға мүмкіндік болмаған. Енді көше тұрғындары үшін ондай қиын күндер артта қалды. 15 күнге жуық уақыт ішінде «ҚЭТТК» АҚ АЭТ бастығы Ерболат Сартайұлы басшы, мекеменің бас инженері Бақыт Әбдікәрім мен №1 тарату торабының шебері Жеңіс Рахметов қосшы болып мәселені бір жақты етті.
Қажырлы еңбекті бағалауды құп көрген 14 үйдің тұрғыны көшеге жаңадан трансформатор орнатқандарға алғыс айтуды ұмыт қалдырмады.
– «Көптен күткен ұлы той» демекші, көшеге келген жарық барлығымыздың жүзімізге күлкі ұялатты. Үйіміз жарқырап, көңіліміз көтеріліп қалды. Жарықсыз отырған күндердің артта қалатынына сендік. Осы істің жүзеге асуына атсалысқан азаматтардың еңбектері жанып, абыройлары арта берсін, – дейді көше тұрғындары.
Абзал ЖОЛТЕРЕК