Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауқымды істер атқарылады

Ауқымды істер атқарылады

Биыл Қазалы ауданында бірнеше ғимарат бой көтеріп, ел игілігіне пайдалануға берілмек. Бұл туралы аудан әкімі Мұрат Ергешбаев әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап, қуанышты жаңалықпен бөлісті. Аудан басшысының мәлімдеуінше, облыстық мәслихаттың шешімімен Қазалы ауданына 3 млрд 622 млн теңге қаржы бөлінген. Бұған дейін ауданға 1 млрд 318 млн теңге қаржы берілгендігін де атап өткен. Енді көптен бері шешімін таппай келе жатқан кейбір мәселелердің күрмеуі шешілмек.
Бұл қаржының 900 миллионнан астамы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы Сырдарияның арғы бетінде орын тепкен іргелі ауылдардың бірі – Бекарыстан биге бөлініп отыр. Жуырда ауыл халқы үйді-үйге кіргізілген ауызсуды пайдаланады. Сондай-ақ осындағы №24 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Одан бөлек 7 көше жөнделіп, 8 көшеге жарықшамдар орнатылады.
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа Әйтеке би кентінен 1 қабатты 4 пәтерлі 10 тұрғын үй салынатындығы жарияланған еді. Жуырда тұрғын үйдің құрылысы басталады. Бұдан бөлек Ақсуатта 150 орындық клуб салынып, Ғ.Мұратбаев ауылында көгілдір отын желісі тартылады. Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаев саябағы абаттандырылып, кенттегі былтыр асфальтталған Жалаңтөс батыр көшесіне жарықшамдар орнатылады. Аудан орталығындағы тозығы жеткен кәріз жүйесіне жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қ.Пірімов пен Ү.Түктібаев ауылдарында спорт ойындарына арналған алаңдар салынады. Мұнда балалар ойын алаңы, тренажер және жүгіруге арналған жолақ болады.
Қала, кент және ауылдардағы жолдарды жөндеу де өз жалғасын таппақ. Қала мен кенттегі жөнделетін 16 көшеге қосымша тағы да 13 көше қосылды. Майдакөлде 3, Басықарада 3, Жалаңтөс батырда 2, Жанқожа батырда 2, Ақсуатта 1, Кәукейде 2, Бозкөлде 1, Өркендеуде 1, Абайда 2, Ғ.Мұратбаев ауылында 6 көше жөнделеді.
– Тағы да бір қуанышты жаңалық – қаланың 8, Бекарыстан би ауылының 1 көшесіне жүргіншілер жолы жүргізіледі. Білім саласына да көңіл бөлуді ұмытқан жоқпыз. Көптен бері күтімді қажет етіп тұрған №226 мектеп-гимназияны биыл күрделі жөндеуден өткіземіз. Ал №165 мектептің есік-терезелері ауыстырылып, жылу жүйесі жаңаланады. Сонымен бірге кенттегі №70, қаладағы №17, Ү.Түктібаев ауылындағы №88, Бозкөлдегі №96, Ақтан батырдағы №190, Ақсуаттағы №100 мектепке, кенттегі «Ақбота», Ғ.Мұратбаев ауылындағы «Балдәурен», Қожабақыдағы «Айгүл» балабақшасы мен «Шағала» лагеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылады. Бірқатар ауылдардағы мәдениет үйлері мен клубтар да жаңғырылады, – дейді аудан басшысы.
Кенттің «Аймақаш» аймағынан жер беру үшін дайындалған жобаның қаржысы да шешілген. Енді бұл жерге электр жарығы, газ және ауыз су тарту ісі басталады. Бұл аяқталған соң 115 адамға жер учаскесі беріледі деп жоспарлануда.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті төлеуге 237,3 млн, NEET санатындағы жастарға және табысы төмен көпбалалы отбасыларға, табысы аз еңбекке қабілетті мүгедектерге жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін гранттарға 103,4 млн, қоғамдық жұмысқа 333,2 млн теңге қаралған.
Алда ауқымды істер атқарылмақ. Кент көшелері көркейіп, ауылдардың да ажары артпақ.
Ұ.ТАЛАПБАЕВА
01 мамыр 2020 ж. 733 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 32

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930