Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жедел жәрдемдегі жүйелі іс

Жедел жәрдемдегі жүйелі іс

Өткен айдың аяғына жақын аудандағы ауру жұқтырушылар саны артып кеткені мәлім. Оған жауаптылардың бақылауының төмендігі мен тұрғындардың сақтық шараларын қатаң сақтамағаны себеп болды. Десек те қазіргі таңда ахуал біршама тұрақтағанға ұқсайды. Өйткені дәріханалар алдындағы кезек пен жедел жәрдем қызметін шақырғандар саны айтарлықтай кеміген. Осы тұста науқастарға алғашқы көмек көрсетушілерден сол тұстағы және бүгінгі ахуалды сұрап көрген едік.

Дәрігер-фельдшерлердің барлығы бұл сәттегі жағдайды көңілсіз еске алады. Әрине әлі де болса жалпы елде жағдай тұрақтала қоймағанымен, аудандағы жағдай көңіл қуантарлық. Бұл жайында Қызылқұм ауылдық округінде жас маман ретінде жұмыс істеп, аудандық жедел жәрдем орталығына ауысқан фельдшер-акушер Арыстан Сисен айтып берді. Өзі жұмыс істейтін мекемедегі 20 фельдшер, 1 дәрігер мен 5 диспетчер маман 2 жедел жәрдем көлігімен науқастардың жанына дауа болуға тырысқандарын айтады. Дей тұрғанмен коронавирус кейбір ақ халаттылардың себепсіз жұмыстан ақысыз күн алып кетуіне түрткі болған. Жағдай ушыққан тұста қызметке білек сыбана кіріспей, міндетін орындамағандарды айыптағанымызбен, бұл олардың азаматтық құқығы екенін де ескеру керек.
– Әдетте жұмысқа қосылардың алдында керек-жарақтарымызды әзірлеп аламыз. Сөмкемізді тазалап, залалсыздандырып береді. Таңғы 8:00-де қызметтік көлікке мініп, науқастарды аралаймыз. Әсіресе індет өршіген сәтте біз бұрын-соңды болмаған қиындықпен бетпе-бет ұшырастық. Оның үстіне біраз фельдшер жұмысқа келмей, қызметте 8 ақ халатты ғана қалды. Бізге аздаған үзіліспен немесе тіптен демалыссыз жұмыс істеуге тура келді. Тек түнгі сағат 3-4 тің шамасында шақыру саябырсыды. Кешкі асымызды ішуге ең ыңғайлы уақыт осы кез болды, – деп еске алады ол.

Негізінен облыстық жедел жәрдем орталығы өздеріне келіп түскен шақыртуларды ауданға қарасты ауруханаларға бөліп жолдайды. Осы тұста жергілікті алғашқы көмек көрсетушілер де үлгере алмағандықтарын білдіреді. Ең басты қиындық та осы болған. Бір науқасқа көмек көрсетіп, жедел жәрдемнің ­«боспыз» деген батырмасын басқан бойда олар келесі науқастың мекен жайына жіберіліп отырған.
– Жерлестеріміздің жағдайы ауырлағанда олардың барлығына уақытында баруға тырыстық. Бірақ көліктің аздығы кәдімгідей қолымызды ұстады. Шақырушы науқастардың барлығы 50-ден асқан, созылмалы ауруы бар, дене қызуы жоғары болатын. Одан бөлек ентігу, жөтел мен бас ауруы оларды қатты қинап жатты. Нақты есептегенім жоқ, дегенмен науқастардың 80 процентін ауруханаға жеткіздік. Ал онда орын саны шектеулі, кейбір күндерде мүлдем табылмайтын. Бірақ дәрігерлік тексерістен кейін өкпесі зақымданбаған азаматтарды сол мезетте үйлеріне қайтарып жатты, – дейді Арыстан.
Фельдшерлер тек алғашқы көмек көрсетіп қана қоймай, жағдайлары күрт нашарлаған науқастардың көңілін демеуге тырысады. Осындайда бірнеше күн өтсе де, дәрігерлер көмегіне жүгінбегендер көп болған көрінеді. Оның себебін пациенттер ауруханаға барудан, өлімнен қатты қорқатындықтарымен түсіндіреді. Бірақ өз беттерінше емделген азаматтардың барлығы олай жасамай, жедел жәрдемге жүгінген күннің өзінде сол уақытта айтарлықтай оң өзгеріс боларына күмәнмен қарайды. Өйткені шақырушылар санында шек жоқ еді.
– Кейде сырқат адамға аурысынуды басастын дәрі салып, ауруханаға алып келеміз. Екпенің күші тарқағаннан кейінгі науқастың қиналысы жан шыдатпастай көрінетін. Індетке қарсы вакцина әлі дайын болмағандықтан, осындайда өзіміздің дәрменсіздігімізге қатты налитынбыз. Ол күндер қайта келмесе екен, – дейді жас маман.
Індет өршіп тұрған сәтте жедел жәрдем орталығы ауруханаға тәулігіне 20-дан аса адам таситын. Қазір бұл көрсеткіш күніне бір науқасқа тең. Кей күндері коронавирус симптомдары бар азаматтар мүлде болмайды. Бұл ауданда жағдайдың реттеліп келе жатқанының көрінісі. Алдағы ахуалдың қалай өзгеретіні жұмбақ. Десек те мұндай жағдайдың енді қайталанбағанын қалар едік.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
29 шілде 2020 ж. 415 0

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 20

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 41

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031