Білім бөлімдері «бұғаудан» құтылады

Президент тапсырмасымен арнайы заң қабылданды. 2021 жылдан бастап аудандық және қалалық білім беру бөлімдерін қаржыландыру және басқару құзыреті облыстық білім беру басқармаларына өтеді. Бұл өзгеріс мектептер мен балабақшаларға қатысты. Сарапшылар шешімді дұрыс әрі маңызды деп бағалап отыр. Министр де халықаралық зерттеулер аймақтағы білім сапасының әртүрлі екенін көрсеткенін жазған-ды. Оның айтуынша, бірыңғай нормативтік құқықтық актілер, стандарттар мен талап бір болғанның өзінде өңірлердегі білім сапасындағы айырмашылық 2 жылдан асады.
Иә, өңірлердегі, ауыл мен қала арасындағы білім сапасында айырмашылық бар. Шешу жолдарын мұғалімдер мен сарапшылар сан мәрте айтты. Ал білім басқармаларын жергілікті әкімдіктерге бағынышты болудан құтқарып, тікелей министрлікке қарату мәселесін көтерген Өмір Шыныбекұлы еді. Ол 2015 жылы маусым айында сол кездегі Білім министрі А.Сәрінжіповке ашық хат жазған-ды. Одан кейін белсенді мұғалімдер бірігіп кейінгі министрлер Ерлан Сағадиев пен Күләш Ноғатайқызына арыз-шағымын жеткізген. «Әліппені» мектеп бағдарламасынан алып тастаған экс-министр бұған бас қатырсын ба, кейінге ысыра берген. Шәмшидинова құлық танытқанымен, нәтиже шығармаған. Ақыры Аймағамбетов белсенді мұғалімдер «съезін» 3 рет шақырып, білім бөлімдерінің жанайқайына құлақ түрген.
Аудандық білім бөлімі мұғалімге жылы шырай танытқанымен, әкімдік ықпалынан шықпайды. Мұғалім мен директор әкімдік бұйрығымен көше тазалайды, билет сатып алып, газет-журналға жазылады. Құтылғысы келсе де, ішінен тынып жүре береді. Мұның бәрі өзгерді. Өзіне қатысы жоқ қоғамдық істен босатты, қоғамда педагог мәртебесін көтеруді қолға алды. Бастысы, аудандық білім бөлімі тікелей облыстық білім басқармасына қарайды.