Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көкірегі көмбе қария

Көкірегі көмбе қария

«Үйіңде қартың болса, жазулы тұрған хатпен тең» деген ежелден жеткен сөз бар. Мен кішкентайымнан көненің небір асыл өсиет әңгімелерін, шешендік сөздерді, сабақ алар ертегілердің нұсқаларын, қазақтың айтыс, эпос-жырларын көп есітіп, бірсыпырасын жатқа білетін әкемнің әлдилеп отырып айтқандарын тыңдап өстім. Сонан да болар есейе келе көпшілік ортада тәлімаларлық әңгімелер өрбітіп, оған жанындағыларды өзіне тарта білгендерге куә болсам, елең ете қалар әдетім бар.
Қазір тоқсаннан асса да, тұғырдан түспей, Құдай қосқан қосағы Тойғанмен бірге тең отырып, әулетінің асқар таудай басшысы, бақ та, бақыт та еңбекте деп есептейтін, сыр тартып, еркін сөйлесе қалсаң өзім деген адамға бүкпесіз әңгімелерін айтқанда көкірегі сайрап тұрған Әбілмәжін ағамызды осындай қазыналы қарттардың қатарында мақтанышпен атар едім.
Менің Әбілмәжін ағамызбен етене таныс болғаныма жарты ғасырдан асты. Қажырлы еңбек иесінің басқа да сырлары мен қырлары, ерекше қасиеттеріне таң қаламын. Кездескен сайын шұрқырасып, жүрекжарды сырын ақтарып бір жасап қалғандай болады. Батагөйлігі бір бөлек.
Өмірге көзі ашық. Жастайынан қалыптасқан қасиетінің бірі – қайда жүрсе де қолынан газет, журналы, кітабы түспейді. Жыл сайын қалағандарын арнайы жаздырып алып оқиды. Көңілінен шыққан ел аузындағы әңгімелер мен өсиет, шешендік сөздер, тарихи шежірелік туындылардың қиындыларын сақтап қояды. Радиодан, теледидардан түрлі жаңалықтарды әлі күнге қалт жібермей тыңдайды. Оқыған, әр жерден білгендерін есте сақтағыштығы да таң қалдырады.
Кездесе қалғанда қай салада әңгіме қозғалса да өзіндік ой-пікірі бар. Шеріңді тарқатып, рахаттанып, рухани нәр алғандай боласың. Көкірегі сырға тұнып, тереңге тарта береді.
– Мен өтірік айта алмаймын. Ертеде өрелі пікір айтатын, сөзге тұратын құймақұлақ, ел алдында естігенін ұмытпай, жүйелеп, мәніне келтіріп баяндайтын қариялар көп болды. Солардың айтқандарын қызыға тыңдап өстім. Онан кейін қолыма түскенді оқимын, содан түйгенімді ой елегінен өткіземін, – деп бастайды ол үнемі әңгімесін. – Бәрін білген, оны ретті жерінде басқаларға жеткізген дұрыс. Осыдан кейін есті ұрпағымыздың дүниетанымы кеңейе түседі.
Мәселен, өзіміз туып-өскен киелі жеріміздің тарихы терең, құпиясы көп. Арықбалық деген атау қайдан шыққан? Қазіргі Ақтан батыр ауылынан «Аташқа», кезінде арасында жабайы аңдарға дейін мекендеген қалың қамыстық болған, «Ащыкөлге» жыл сайын су құйып, тасығанда балыққа толады. Халықтың несібесі ғой. Сонан Арықбалық аталып кеткен.
Айта-айта жүрген Жанқожа батыр бастаған «Арықбалық көтерілісі» болған жер осы маңнан алыс емес. Әруақты әулие Қожаназар ишан дүниеге келіп, жанына топтасқан, одан сабақ алған талай көзіқарақты, атақты адамдар мешіт ұстап, медресе ашып, бала оқытқан, діни тәрбие берген.
Діншілдерді қудалап жатқан кезде бүкіл халық өз еркімен жұмылып, дария беттен «Қожаназар ишанға» арнап, мешітті екі жылда салып бітірген. Сөйтіп Қожаназар ишан мешіті аталған. Ол осында өмір сүріп, өзінің адам таңғаларлық көріпкелдік кереметтерімен елге қызмет жасап, тұс-тұстан ағыла келген халыққа сәуесін тигізген. Жаяулап-жалпылап Меккеге үш рет барып қайтқан.
Тарихшы Мақаш Әбдікәрімов мектепте сабақ беріп жүріп, «Қожаназар ишан және ислам тағылымы» атты баспадан 2002 жылы кітап шығарды. Онда көп жаңсақтық бар. Кезінде өзіне айтқанмын, «жете білмегенді жазбау керек» деп. Бірақ оны да кінәлауға болмайды. Ишан ұрпақтары қуғын-сүргінге ұшырап, бас қайттап, пана таппай, беті ауған жаққа кетті ғой. Соның бірі – осы Мақаш ініміз. Қарақалпақ еліне барып, сонда өмір сүрді. Елге, туған жеріне тек 1960 жылдан кейін оралды.
Қожаназар ишан 1917 жылы қайтыс болды. Онан кейін мешітке Сары Мақсым имам болды. Ол да қуғынға ұшырап, бірде бәйбішесімен біздің үйге келген. Оларды менің әкем Әбілқан атқа, түйеге мінгізіп, Сұлутам стансасы арқылы Ақтөбе жаққа қашып кетуіне көмектескен.
Осы ауылдан онша алыс емес, Сары Нысан ишанның мешіті болған. Мен көп жылдар бақша ектім. Бірде сол маңнан трактормен жер ашып, тегістегенде үй тамның ішінен найзаның ұңғысы, үйілген көп кітап шықты. Жинақтап, сахнаның ойылған жеріне көмдік. Сонан мұқабалы, алтындаған жазуы бар төрт-бес кітапты орамалға түйіп, үйге әкеліп, іліп қойғанмын. Алматыда тұратын, күйеу балам Ахметбектің туған ағасы оқымысты Қалас келгенде көре салып, қоймай қиыла сұрап, алып кеткен. Сонан ұшты-күйлі жоқ болды, неге бердім деп әлі өкінемін.
Жанқожа батыр біртуар, әруақты, әрі көріпкел әулие болған. Қанша жазылып, қатталса да ата-тегін, өмірінде болған тарихи оқиғаларды әркім өз білгенінше әртүрлі айтады.
Қаракесек Байыс батыр жиен екен. Үлкейіп, тоқсан төрт жасында он бес-он алты жасар Жанқожаға «бара-бара елге сен ие боласың», деп сауытын әкеліп беріпті.
«Арықбалық көтерілісінде» Жанқожаның атына оқ тиіп, жаяу қалғанда дереу келіп, құтқармақ болған Арынғазы батыр еңкейе бергенде омыртқасына оқ тиеді, соған қарамастан Жанқожаны алып шығып, сауытын шешкенде дарымаған оқтар саудырап төгіліп түскен.
Табындардың Жанқожаға өшігіп, ақыры өліміне себепші болуына менің есіткендерімнен есте қалғаны. Шынардың күйеуі өліп, жесір қалғанда Байқадам батыр онан ойы болып, барып, үйіне түсіпті. Шынар сыйлап, ат мінгізіп, шапан жауып жібереді. Ойын білгенде «ол мәселе әлі шешілмеген» деп қабыл алмайды.
Осыны іштей кек тұтқан Байқадам алдағы уақытта Шынардың ауылының көшіп барып қонатын жерін мегзеп, сол кезде шабуға Жауғашарды жұмсап, көндіреді. Осыған иланған Жауғашар он үш жігітпен баратын болып, Жанқожадан бата сұраған. Оның себебін білген Жанқожа «онда нең бар, табындар оны өздері шешсін» деп қарсы болады. Бірақ Жауғашар айтқанынан қайтпайды. Бұған баба қатты налып, ренжіген көрінеді.
Сонымен Жауғашар жігіттерімен түнделетіп барып, ауылға шабуыл жасайды. Алайда бұл жолы айтылған қонысқа Шынардың емес, Байқадамның ауылы қонып отырғанын білмейді. «Біреуге жамандық ойлама, өзіңнің алдыңа келеді» дегендей, кезекті жорықтан қайтқан Байқадам осы қырғынның үстінен шығып, түн ішінде соғысқа кірісіп кетеді. Саржан дегенді найзамен шаншып, жоғары көтерген кезде оның ұшында жанталаса тырбаңдап, жантәсілім болады. Не деген білектің күші? Жеті қараңғы түнде Жауғашарды да найзамен түйреп өлтіреді. Осы кезде Жауғашардың жігіттерінің бірі Байқадамды шиті мылтықпен атып, жазым қылады. Оны ұстаған табындар «мына баланың қолынан не келеді, бұларды жұмсап отырған Жанқожа ғой» деп бабадан көреді. Осы өшігудің аяғы бірте-бірте ұлғайып, Жанқожа батырдың ажалына жетіпті.
Бір кездері осы біз отырған жерлерді қарақалпақтар мекендеген. Кейін бізді мұнда Киікбай батыр қырық жігітпен бастап, алып келіп, «Ақирекке» қоныстанған.
Шөмекей Көшербай болыс сексен бес жастағы Бұқарбай батырға сәлем беріп, батасын алуға барғанда әңгіме арасында Наурызбай батыр мен Жанқожа бабаның ерекше қасиеттерін сұраған екен. Сонда Бұқарбай:
– Наурызбай батыр құдірет берген алапат күш иесі еді. Ол жүректі де, білекті, ешкімнен сескеніп, қорыққан емес. Найзасын екі адам көтере алмайды. Қимылының шалттығы сондай, қан майданда, жаудың арасында шайқасып жүргенде садақтың оғын да найзасымен қағып үлгеретін болыпты.
Ал батыр әрі әулие Жанқожаның негізгі қаруы – айбалта болған. Кезенген найза мен шоқпарды айбалтамен қағып жібереді екен. Бұл айбалтаны жас кезінде нағашысы Есет батыр сыйлапты.
Жанқожаның мен білетін қасиеттері – әулие, көреген адам. Бір көргеннен танып, не істеп, не қойғанын болжап, алдын ала біліп отырады. Басы артық сөз айтпайды. Дау-дамайды туған-туысқа бұра тартпай, әділ шешеді, - депті.
Әбекең одан әрі Кенесары, Наурызбайдың қырғыздармен соғысуы, жауларының бір-біріне өшіктіріп, бұларға айдап салғанынан болған. Мұны кезінде жыраулар
«Күндердің күні болғанда,
Кенесары, Наурызбай.
Тортөбел атын ұрлатты.
Бас себебі сол болды,
Қырғызға қарап жол тартты» деп жырлаған.
Дұшпандарының азғыруымен қасына ерген басты батырлары майдан даласын тастап кеткендіктен қайғылы жеңіліспен аяқталған.
Армансыз пенде жоқ. Дүниені дүр сілкіндіріп, ата-баба намысын, ұлан-байтақ жерін қорғауға бүкіл өмірін сарп еткен Абылай хан қырық бес жыл жоңғарлармен, басқа жауларымызбен соғыста қаншама боздақтарымыз қан кешіп, жанын пида етті. Соларды ойлағанымдай атын шығара алмадым. Қазақ тек мал баққан жоқ, қала да салды. Бәрі жердің астында жатыр. Орнын тікейтіп, көрсетуім керек еді. Үш жүздің басын қоса алмадым деп өмірден өтіпті.
Әбекең тоқтар емес. Көп нәрседен хабардар. Өзім дегендермен орайы келіп кездескенде тыңдар құлақ болса, осылайша бар білетінін жүйелеп, әсерлі баяндап береді. Риза болып, бір құмарыңнан шыққандай боласың.
– Әбеке, рақмет! Енді ауыл жаққа келейікші. Ұлы Отан соғысында ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының батыры атағын алғандардың ішінде қазір алты қазалылық бар деп мақтанып жүрміз. Кейінгі кезде «білгіштер» көбейіп, осыған аракідік күмән келтірушілер бар. Жуырда біреулер Мақаш Балмағамбетов, Білісбай (Плис) Нұрпейісовты қарақалпақ жерінде туып-өскен деп өздерінше дәлелдепті. Бұлар жайлы не білесіз? – дедім мен.
– Менің естіп, білуімше, Мақаш Балмағамбетовтың ағасы Жанділда Жиделіде отырған, содан осы Арықбалық ауылына көшіп келді. Кейін көп ұзамай отбасымен көшіп кетіпті. Сұрастырсақ, ол кезде халыққа займ дегенді таратады. Сондайда анық білмедім, біреулер әкесі, енді бірі ағасы дейді. Ауқаттылар қатарындағы адам екен.
– Соны алып жатып, бізге бұның не керегі бар? Онсызда сұрағандарын беріп жатырмыз ғой, – деген көрінеді. Осы сөздерін біреулер жоғары жақтағыларға айтып, жеткізген. Ізінше органның адамдары келіп, ұстап, айдап әкетіпті. Ол отбасында қалып бара жатқандарға:
– Бұл арадан тез көтеріліп, көшіңдер, әйтпесе, сендерді де әурелеп, күн көрсетпейді, – депті. Содан бұлар бас сауғалап, қашып, Қарақалпақ жеріне барып тұрақтайды. Мақаш сол жақтан соғысқа аттанып, Батыр атағын алған. Одан кейін қайтып келіп, сонда өмір сүріп, қайтыс болған. Ал Білісбай батыр жайлы мен білмедім. Өтірік айта алмаймын.
Иә, бұл күндері тоқсан жасты артқа тастаған Әбілмәжін ағамыз осыдан алпыс екі жыл бұрын бас қосып, тұрмыс құрған Тойған жеңгеміз екеуі туып-өскен ауылда мәнді де, мағыналы өмір кешуде. Олар жеті бала өсіріп, тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған мәуелі бәйтеректей әулет. Құдай берген қуаттың арқасында өрісі кеңейіп, балаларының ортасында немере-шөбере сүйіп, олардың қызығын көруде. Ауыл арасындағы ағайын-туыс, құда-жекжаттардың шақырғандарынан мүмкіндігінше кемпірі екеуі қалмайды. Мұнан әрі Астана, Жезқазғандағы балаларына барып қайтады. Бәрін айналайындап, құшағына алып, батасын береді.
– Аққу да сыңарын тастамайды, мен де кемпірімді қалдырмаймын. Бірге жүреміз, – деп күлдіріп қоятыны бар.
Адал еңбек еттім. Қолымнан келгенше кісіге жақсылық жасадым. Өтірік айтқаным жоқ.
Жаратылыста әрбір адамның ерекше қасиеттері, бейқұт жағдайлардан қорғайтын періштесі болады. «Әйтеуір періштем қорғап, аман қалдым» деген бұрынғылар. «Батаменен ел көгереді» дегендей, менің де ақ көңіліме берген өз періштем бар. Бірде Ақтөбеде машина аударылып, еш жерім зақымданған жоқ. Енді бірде пойыз жүріп бара жатыр екен, асығыс асыла салдым. Басымдағы тақиям ұшып кетіп, дөңгелегінің астына түсіп, екі бөлініп қалыпты. Ал өзім аманмын...
Міне, Жанқожа батыр ауылының ардақты ардагері Әбілмәжін Балабаев ағамыз осындай жан.
Меніңше өмір осынысымен қызық. Өмір бойы өткендерің көз алдыңнан көлбеңдеп, еске түскенде ойланып, толғанасың. Уақыт өткен сайын кейінгі ұрпақтың тілекшісі, жан-жағына жалтақтамай, шындыққа жүгініп, айтары мол, өмірін үлгі-өнеге тұтарлық айналып-толғанар ағалар азайып барады, әттең!
Шамша АЙТУҒАНОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
21 шілде 2020 ж. 289 0

Бишімбаев ісі

13 мамыр 2024 ж. 63

Магниттік дауыл

12 мамыр 2024 ж. 92

Тәтті әлем

12 мамыр 2024 ж. 113

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031