Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Даңқты старшина

Даңқты старшина

Ұлы Отан соғысының аяқталғанына қанша жыл өтсе де Отанды қорғау жолында өшпес ерлік көрсеткендер мен Ұлы Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосқан тыл еңбеккерлерінің есімдерін ешқашан ұмытпауға тиіспіз. Зұлмат жылдар алыстаған сайын, аяулы ардагерлер мәртебесі де биіктей түспек.
Ұлы Отан соғысы жылдарында үш дәрежелі «Даңқ» орденінің маңызы өте жоғары болды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1943 жылғы 8 қарашадағы жарлығымен бекітілген I, II және III дәрежелі «Даңқ» орденімен Қызыл Армияның қатардағы жауынгерлері, сержанттары мен страшиналары, ал авиацияда кіші лейтенант атағы бар әскери қызметшілер наградталатын болған. Марапаттау тәртібі үшінші дәрежеден бастап бірінші дәрежеге дейінгі ретпен қатаң белгіленді. Бұл орденнің үш дәрежесін толық алғандардың мәртебесі Кеңес Одағының Батыры атағына теңелуі де осындай құрметтен болса керек.
«Даңқ» орденіне ұсынылып, осы жоғары награданы алудан жолы болмаған жауынгердің бірі Зарлық Сапарбаев. Мақаламыздың атын «Даңқты старшина» деп қойғанымыздың себебі де сол олқылықтың орнын толықтыру болатын. Қазіргі ұрпақ үшін Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлердің бәрі даңқты, бәрі батыр.
1912 жылы дүниеге келген Зарлық Сапарбаев 1941 жылдың шілдесінде әскер қатарына шақырылады. Жасынан зерек болып өскен ол, жан-жақты білім алуға ұмтылып, шаруашылыққа тез араласады. Майданға келген соң да соғыс тәсілін тез меңгереді. Старшина дәрежесін алған соң атқыштар взводының командирі болып тағайындалады. Атақты 6-шы жалпы армияға қарасты 58-ші гвардиялық атқыштар дивизиясына қарайтын атқыштар полкінің құрамында страшина Сапарбаевтың взводы 1942 жылдың жазында Воронеж майданындағы қанды қырғында ерекше ерлік көрсетеді.
1942 жылдың жазы Ұлы Отан соғысындағы ең ауыр кезеңдердің біріне жататыны тарихымыздан белгілі. Воронеж бағыты фашист басқыншылары, кеңес әскерлері үшін де маңызы өте жоғары майдан шебі болды. Воронежді алса, Кеңес елінің астанасы – Мәскеу қаласына жол ашылатынын білетін жау барын салды. Олар күтпеген жерден солтүстіктен емес, ішкі жақтан келді. Фашистер Брянск және Оңтүстік-Батыс бағытынан бас салып, өздерінің 2-ші және венгрлердің 2-ші армиясы мен 4-ші танк армиясын қосып, жойқын шабуылға шықты. «Блау» деген жасырын атаумен жасалған операцияға генерал-фельдмаршал фон Вейхс қолбасшылық етті. Жау Воронежді аяусыз бомбылап, жақын маңдағы Липецк қаласына да шүйлікті. Бұл қаланы немістер жақсы білетін. 1920 жылдың аяғында Германия Кеңестер Одағымен жақсы қарым-қатынас жасап тұрған кездері, немістердің болашақ командирлері осы қалада Қызыл Армияның жалға алған аэродромында әскери авиация өнерін үйренген болатын. Сондықтан олар топографиялық картаның көмегінсіз-ақ Липецк қаласының маңызды аудандарының бәрін тас-талқан етіп қиратты.
Воронеж бағытына қарасты Чижовский бауырлас зиратында бір мезгілде жан тапсырған он бес мыңнан астам кеңес жауынгерлерінің жерленгені, бұл маңдағы шайқастың жойқын болғанын дәлелдейді. Сол 15 мың жауынгердің тек 3545-інің ғана аты-жөні анықталған, қалғандары белгісіз сарбаз ретінде қалған.
Аяусыз соғыста кек алу мен намыс бәрінен жоғары тұрады. 212 күнге созылған Воронеж қаласы үшін шайқаста кеңес әскерлері үлкен қиындықпен жеңіске жетті. Жау жағы 300 мың, ал Қызыл Армия 400 мыңнан астам сарбаздары мен офицерлерінен айырылды. Осы Воронеж бағытындағы майданда 75 мың жау басқыншылары тірілей тұтқынға түсті.
Міне, осындай қиян-кескі шайқастың бірінде ауыр жарақат алған старшина Сапарбаев госпитальда жатып, емделіп шыққасын қайтадан майданға сұранады. 1942 жылдың күзінде Ұлы Отан соғысында «Воронеж дугасы» деген атпен қалған шайқасқа қосылып, жорық жолын жалғастырған страшина Сапарбаевтың взводы алдында әлі талай жойқын ұрыстар күтіп тұрған.
«Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» дегендей, страшина Сапарбаевтың сарбаздары жоғарыда айтқан Воронеж, Липецк қалаларынан басқа Старый Оскол, Новый Оскол, Курск, Брянск, Харьков, Полтава, Белгород қалалары мен жүздеген елді мекендерді азат етуге қатысады. Белгород қаласы үшін болған шайқаста оң қолынан айырылып, екінші рет ауыр жарақат алған Сапарбаевтың майдан даласындағы жорығы 1944 жылы аяқталады. Әрбір операция, елді мекен үшін жан алысып, жан беріскен ерлігі өз алдына, Белгород қаласы маңындағы шайқастағы ерекше батылдығына орай ұсынылған «Даңқ» орденінің тағдырын білмеген күйі елге оралады.
Соғыстың тарихи фактілеріне жүгінсек, Белгород – Харьков бағытындағы «Румянцев» деп аталатын стратегиялық шабуыл ұлы Курск шайқасының алдындағы шешуші, соңғы операция болатын. Міне, осы кескілескен қырғында көп шығынға ұшыраған кеңес әскерлерінің қолбасшылары үшін наградаға ұсынылған қатардағы жауынгерлер мен страшиналардың саны мен тізімін түгендеу мүмкін де емес еді...
Соғыстан аман-есен келгеніне шүкіршілік қылған Зарлық Сапарбаев нағыз ерлікті өзінің тылдағы еңбегі арқылы да дәлелдеді. Ұлы Отан соғысының аяғына таман құрылған Қазалы асыл тұқымды ақ қой совхозын сол кездері басқарған, кейін Социалистік Еңбек Ері деген атаққа ие болған Дүйсенбай Маханов майдангер Зарлық Сапарбаевты өзінің орынбасары етіп алады. Совхоз директорының орынбасары ретінде соғыстан кейінгі қиын жылдары ауыл шаруашылығын өркендетуге зор үлес қосқан Зарлық өзінің Базар атты өмірлік жарына жолығып, бақытты ғұмыр кешті. Отбасылық жан-жары осы Базар екеуі Әбдіжәли, Келіс және Үрпатша атты екі ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірді.
Айтпақшы старшина Сапарбаевтың даңқты ерлік жолы атаусыз қалған жоқ. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1946 жылғы 6 тамыздағы жарлығымен ол II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен наградталды. Ұл-қыздары да ел қатарына қосылды. Майдангердің үлкен ұлы Әбдіжәли Ақтөбе медициналық институтын 1963 жылы бітіріп, дәрігер мамандығын алып шыққан сәттен ­бастап, 1985 жылға дейін Қазалы совхозындағы ауруханада дәрігер-терапевт болып еңбек етті. «Алдыңда үлгі көрсетер ағаң болсын, кейінгіге үлгіге жарар болсын» деп халқымыз бекер айтпаса керек, майдангер Зарлық Сапарбаевтың үлкен ұлы Әбдіжәли бастаған тәрбиелі жолды кішілері де жалғастырды.
Әбдіжәлиден кейінгі Келіс те әке аманатына адал болды. Туған жерден табан аудармай, зейнеткерлікке шыққанша совхоздың құрылыс саласында еңбек етті. Ал Үрпатша Зарлыққызы тұрмыс құрған соң Қармақшы ауданындағы медицина мекемесінде жұмыс істеді. Бұрынғы Қазалы совхозы, қазіргі Ақсуат ауылына келген сайын орталық саябаққа бір соқпай кете алмаймын. Бақтың қақ төрінде ауылдан шыққан соғыс ардагерлерінің суреттері ілініп, аты-жөндері жазылған. «Старшина Зарлық Сапарбаев. 1912-1972ж.ж.» деген жазудың астында майдангердің Ұлы Отан соғысы кезінде шайқасқа қатысқан, азат еткен қалалары мен елді мекендерінің аттары көрсетілген. Қысқа ғана қала атауларының артында қаншама ерлік шежіресі жатыр десеңізші! Ұлы Отан соғысы кезінде осы қалалар мен елді мекендерде болған қиян-кескі шайқастың барлығын жаза берсеңіз, мақала түгілі, бір кітапқа сыймайтыны сөзсіз... Осындайда Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен ардагерлер мен ауыл шаруашылығын өркендетуге зор үлес қосқан еңбеккерлердің есімдері тек Құрмет тақталарымен ғана шектеліп қалмаса екен деп ойлайсың. Өкінішке орай аудан орталықтарында ғана болмаса, ауылдық елді мекендердің көпшілігінде туған өлке тарихының шежіресін көрсететін мұражайлар жоқтың қасы. Мектеп дәліздері, тарихи мұра мен мектеп мақтаныштарына арналған бұрыштардың да жұтаңдығы байқалады. Туған ауылды түлету жолында ұрпақтардың өнегелі сабақтастығымен үлкен үлес қосқан соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің есімдері тек мерекелер қарсаңында ғана аталмаса екен дейсің...
Старшина Зарлық Сапарбаевтың сара жолы, даңқты дара жолы Ұлы Жеңіс жауынгеріне лайық. Майдангер ағаның ел болашағы үшін еңбек еткен ізгілікті жолын жалғастыратын бірнеше ұрпақ қалдырғанының өзі ұмытылмас ұлағат.
Сәдуақас ЖҰБАТОВ,
әскери журналист
09 маусым 2020 ж. 653 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031