Аудан әкімі 9 мамыр - Жеңіс күнімен құттықтады
Қадірлі соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері!
Баршаңызды жасампаз ерліктің мерекесі – Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
Сұрапыл соғыстың соқпағынан өтіп, жанған от пен жауған оттың ортасына түсіп, кең-байтақ жерді қорғадыңыздар. Ерліктің ерен үлгісін танытып, бүгінгі бейбіт күн үшін жасаған өлшеусіз ерліктеріңіз мәңгі ұмытылмайды. Бұл Жеңіс – бүкіл соғысқа қатысушылар және тыл еңбеккерлерінің қажымас қайраты мен қайсар рухының жеңісі.
Отан соғысының оқ бораған даласында ерлігі мен батырлығын көрсеткен Қазалы ауданының 11 мыңға жуық азаматы Жеңісті жақындатуға аянбай үлес қосты. Сол бір ел басына күн туған жылдары Отан үшін отқа түсіп, кеуделерін оққа тосқан жерлестеріміздің есімдері мен ерліктері ешқашан ұмытылмайды.
Атап айтқанда, жерлестеріміз Ү.Түктібаев, Г.Шляпин, М.Балмағамбетов, В.Счастнов, Я.Михайлюк, Б.Нұрпейісов Кеңес Одағының батыры атанды. Біз бүгін аттары аңызға айналып, халқының сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленген басқа да батырларымыздың есімдерін мақтанышпен еске аламыз. Біз оларды әрдайым ардақтап, мақтан тұтамыз.
Құрметті ардагерлер!
Сіздердің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы өшпес ерліктеріңіз және бейбіт еңбектегі қалдырған іздеріңіз әрқашанда бізге өнеге. Уақыт алға жылжыған сайын бұл ерліктің шоқтығы биіктеп, бағасы артуда, мәні мейлінше тереңдеп, даралана түсуде. Бүгінгі ұрпақ оны одан әрі жалғастырып, тәуелсіз Қазақстанымыздың өсіп-өркендеуіне зор үлесін қоса береді.
Ерлікке толы тарихи күнде баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін!
"Қазалы" ақпарат