Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Перзенттік парызға адалдық

Перзенттік парызға адалдық

Тіршілік тінін байыпты болжайтын дана халқымызда «Ел алғысына бөленген, ен бақытқа кенелер» деген даналық сөз бар. Аталған тәлімді тұжырымды сауда саласының ардагері, бүгінде жеке кәсіпкер ретінде танылған Базарбай Нағымановтың атына теліп айтсақ әбден жарасады. Өйткені оның осы уақытқа дейінгі бар өмірі көпшілікке аянбай қызмет етуге арналған. Көңілдерге жылылық ұялатар жарқын да ілкімді ізгілікпен өрімделген.
Бекарыстан би ауылының орталығы – Майдакөл ауылдық кеңесінде 1950 жылдың мамыр айында дүниеге келген Базарбай мектептен кейін өндіріске араласты. Темір тұлпар – тракторды тізгіндеп, шаруашылықтағы маусымдық жұмыстың бел ортасынан табылды. Ынта-ықыласының арқасында Қызылорда қаласындағы орта арнаулы оқу орнының сырттай бөлімінен есепшілік мамандық алды. Жаңақазалы поселкелік тұтынушылар қоғамында қатардағы есепші, аға есепші болып істеді. Аудандық тұтынушылар одағын басқарған Т.Жүсіпов, Т.Тәжмағамбетов, есеп-қисапты жетік білетін Ж.Орынбеков, Ж.Жұмағазиев сияқты алдыңғы толқын ағалар ақыл-кеңесін алып, ширап-шыңдалды.
Қарағанды кооперативтік институтының есеп, экономика факультетінен сауда жүйесінің экономисі дипломын иемденіп, білім-тәжірибесі толысқасын 1983 жылы Карл Маркс атындағы жұмысшылар кооперациясының басқарма төрағалығына сайланды. Туған жеріне басшылық қызметке келген Базарбай ә, дегеннен «Жаңашылдық – жасқа тән» қағидатын берік ұстанды. Ауыл атқамінерлері және ардагерлер қауымының қолдауы, аудандық тұтынушылар одағының көмегімен сауда орталығын салуға кірісті. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық заттар, кітап, ет дүкені қатары пайдалануға берілді. Облыс бойынша елді мекендер арасында алғаш рет аталған сауда орталығында аймақтық семинар-кеңес ұйымдастырылып, қатысушылар тарапынан жоғары бағаланды.
Алғы шептен көріне жүріп, Коммунистік партия қатарына қабылданды. 1980-1982 жылдары аудандық кооперативтік сауда мекемесінің директорлығын атқарып, ұжым тірлігін өрге домалатты. Іскерлік қабілетімен көзге көрінген КПСС мүшесіне аудандық партия комитеті 1982 жылы аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинаты директорлығын сеніп тапсырды. Халықпен күн сайын қойын-қолтық араласа жұмыс жүргізетін мекемені үш жыл ойдағыдай басқарды.
1985 жылы сауда ісіне қайта оралып, Қармақшы аудандық тұтынушылар одағы басқармасының төрағалығына тағайындалды. Мұнда да аз мезгілдің ішінде аудан орталығында тауарлар қоймасы мен сауда орталығы тұтынушылар игіліне асты. Кәсіптік-техникалық училищесінің ескі оқу корпустары сауда үйіне бейімделіп, жаңғыртылды. Жаңақала, Қуаңдария шаруашылықтары мен Қармақшы, Жосалы, Октябрь ауылдарында сауда орталықтары мен жаңа дүкендердің ашылу салтанаты өткізілді.
Білікті де білімді маман қай тұста оралымсыздық орын алса, сонда жіберілді. Осыған байланысты Базекең 1992-1993 жылдары Жалағаш аудандық шикізат дайындау мекемесі, 1993-1996 жылдары Төретам кентіндегі Ақай сыра зауытының директоры қызметінде болды.
Ол ердің жасы елудан асып, алпыстың асқарына жақындағанда отбасы жағдайымен Төретам стансасына қоныс аударды. Сөйтіп 1997 жылдың сәуір айынан ҚР Транспорт сақтандыру қоғамы филиалының, 1999 жылдың шілдесінен Қазақстан Жүргізушілер одағы Байқоңыр аймақтық филиалының директоры, кейін Төретам стансасы вокзалының бастығы міндетін абыройлы атқарып, көптің алғаусыз алғысына бөленді.
Жасампаздық пен ізденімпаздықты жанына серік еткен Базарбай бұл күндері нарық талабына бейімделіп, өзі негізін қалаған «Нағыман и К» ЖШС-ін оңтайлы жолға қойған. Теретам стансасындағы әке-шешесінің құрметіне «Нағжамұл» деп атаған мейрамханасы мен «Жамал» қонақ үйі тұтынушылар сұранасын өтейтін іргелі де, сәулетті нысан есебінде көше келбетін келтіре алыстан менмұндалайды.
Қайда жүрсе де, қандай қызметтің тұтқасын ұстаса да елжанды азамат кіндік кесіп, жөргек жуған жерін естен шығармайды. Ағайындардың қуанышына ортақтасып, ренішін бөліседі. Сондай сапарында мешіт үйінің ескі ғимаратқа орналасқанын көріп, кеудесін көңілсіздік биледі. Ойы онға, санасы санға бөліне жүріп, ауыл орталығынан имандылық үйін салуға бел байлады. Жоба құны 110,5 миллион тұратын құрылыстың жартысынан астамын өз серіктестігі есебінен төлесе, қалған бөлігі жергілікті тұрғындар арқылы жиналды. Осыған орай арнайы комиссия мен «Аманбай ахун» қоғамдық қоры құрылып, банктен есепшот ашылды. Көпшілік арасында үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Шаршап-шалдығуға тура келді. Ақырында 2008 жылдың тамызында ­Бекарыстан би ауылы орталығынан бой көтерген, жергілікті діндар «Аманбай ахун» есімін иемденген жаңа мешіт жамағатты қуанышқа кенелтіп, баба рухына ас берілді.
Базекеңнің бұдан басқа да халық қамы үшін тындырған тағылымдық шаруалары аз емес. Мәселен, 2013 жылы ауыл ақсақалдарымен ақылдаса жүріп, аталған елді мекендегі «Боташ болыс» қорымын қоршатса, 2017 жылы «Жетім Толыбай» учаскесіндегі «Асандар» қорымына Қожамберлі аталығынан жерленген марқұмдардың тізімі жазылған мәрмәр тақта орнатты. Осы жылы ескі «Аманбай ахун» мешітінің орнына ескерткіш-белгі қойғызды. Сондай-ақ өткен жылы Бекарыстан би ауылының іргесінде 1946-1960 жылдары болып, талайлардың алтын бесігіне айналған бұрынғы «Борқы» елді мекеніне айшықты белгі тұрғызып, әруақтарға Құран бағышталды .
Қазалы, Қармақшы аудандық кеңесі мен аудандық мәслихатқа бірнеше мәрте депутаттыққа сайланған оның жергілікті басшылықтан бөлек, Елбасы мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінен алған Алғыс хаты бар. Сонымен бірге омырауында «Кеңес Одағы тұтынушылар кооперациясының үздігі» төсбелгісі жарқырайды.
Еңбекқор жан уақыт ағымына ілесіп, күнделікті газет-журналдар мен әдеби кітапты үзбей оқуды әдетке айналдырған. Кейде қолға қалам алып, аудандық, аймақтық басылымға көкейкесті толғаныстарын жолдап отырады. Әр жылдары «Аманбай ахун мешіті», «Борқы» – құт мекен» кітаптарын баспадан шығарды.
Байсалды болмысы, өнегелі ғұмырымен ата-ана, ел-жұрт алдындағы перзенттік парызына адалдық танытқан Базарбай аға биыл жетпіс жастың жотасына шықты. Біз оған денсаулығыңыз мықты, күш-қуатыңыз берік болып, халық алдындағы абырой-беделіңіз арта түссін дейміз.
Сахи ҚАПАР,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
19 мамыр 2020 ж. 986 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031