Сауда саласына бақылау қажет
Мен Кеңес Одағы тұсында сауда институтын бітірген жоғары білімді экономист-бухгалтермін. Сол тұстары халыққа сауда қызметін көрсететін мекемелер нашар болды деген пікірге қосылмаймын. Әрине жағымсыз жағы да кездескен шығар. Дегенмен тұтыну кооперациясында сауда дүкендері, көтерме базасы, қоғамдық тамақтану орындары, нан-сыра зауыттары, өндіріс цехтары, дайындау және шикізатты қайта өңдеу орындары, автопарктер және басқа да тікелей қызмет көрсететін орындар көп еді.
Райком, райисполком, профсоюз, комсомолдан бастап, БХСС, КРУ, ревкомиссия, отделцен, нарконтроль, рабочий контроль, санэпидстанция, пожарный, госторгинспекция, госбанка, статистика, баспасөз, тағы басқа органдар сауда саласын үнемі бақылауда ұстап, тексеріп, халыққа мәдениетті сауда қызметін көрсетуге қамқорлық жасады. Баға тұрақты, прейскурантқа, ГОСТ-қа сәйкес болатын. Қазір нарыққа байланысты сатушы бағаны өз ойынан шығарып қояды. Қаншама нарық дегенмен осы жерде әділетсіздік орын алып отыр. Себебі қолы ұзын, пысықай сатушылар арзан жерінен алып келіп, өткен бағасына сатып, халықты қанап отыр. Кейбіреулер 100-200 пайызға дейін үстеме баға қояды. Халық та ақшаны оңай жолмен таппайды. Олардың алатын азғантай айлығы мен зейнетақысы зәру бұйымын таңдауға жете бермейді.
Өз басым затты алып-сатушы кәсіпкерлерді кәсіпкер деп есептемеймін. Олардың зат шығаратын зауыты, фабрикасы, цехтары мен өндіріс орындары жоқ. Қазіргі кәсіпкерлер бұрынғы Кеңес Үкіметі уақытындағы алыпсатарлар мен саудагерлер. Бәрі де күнкөрістің құлы болып жүр. Кәсіпкер болу үшін өндіріс орны, сауданың материалдық-техникалық базасы, оған сәйкес мамандары болғаны дұрыс. Осы орайда, Үкімет бағаға шектеу қоюы керек. Оны бақылайтын тиісті органдар болуға тиіс. Қазіргі бар антимонополияға қарсы агенттіктердің құзыреттіліктері сауда орындарын тексеруге жетпейді. Олар тек шағым түскенде ғана тексереді. Қарапайым халық күнделікті ішім-жеміне, алып жүрген затының қайсыбіріне арыздана береді?
Кеңес Үкіметі кезінде сауданы білімді, сауатты басшылар басқарған. 19 жасымнан Қазалы ауданының тұтыну кооперациясында еңбек жолымды бастап, облыстың 4 ауданының сауда орындарында басшылық қызметтер атқардым. Сонда Қазақстан тұтынушылар одағына А.Илияшев, Е.Хасенов, С.Тәнекеев, Ө.Сәрсенов секілді білімді азаматтар басшылық жасады. Қызылорда облыстық тұтынушылар одағын Т.Оразов, Ә.Іскендіров, Ж.Орақбаев, Ж.Сарбалақов басқарып, тұтыну кооперациясына үлкен абырой алып берді.
Қазір бұрынғы сауда орындарының барлығы жеке меншікте. Бүгінгі сауда бұрынғыдан тіпті бөлек. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегендей әркім өз білгенін істеп жүр. Десе де, сауда қызметі халыққа ауадай қажет. Көптің мұң-мұқтажы талапқа сай өтелуі үшін бүгінгі заманда бұл жүйеге қатаң тәртіп орнату мәселесі туындап отыр. Бұл – өмір талабы.
Қазір елімізде ауыл шаруашылығын кооперативтерге біріктіріп жатқанда, сауда саласына да осындай тың жаңалық қажет. Сауда орындары біріккеннен халық ұтылмайды. Тұтынушыларға қолайлы жағдай жасалады. Тағы бір айта қаларлық жайт, қазір оқыған сауда мамандары жоқтың қасы. Машина айдауға жүргізуші куәлігін сатып алғандай, қазір кез келген адам сауда маманы болып жүр. Осындай құжатсыз саудагерлерден халық зардап шегіп отыр. Бұрын қысқа мерзімді сатушылар, есепшілер, товароведтер, аспаздар, дайындаушылар, тағы басқа да қажетті мамандарды дайындайтын арнаулы курстар жұмыс істейтін. Қазір ондай оқулардың бар екенін есітпейсің, болашақта бұл да ескерілсе. Айтайын дегенім, құзырлы органдар қазіргі саудаға, оның келешегіне мән беріп, тұтынушы талғамынан шығу жағын да естен шығармаса нұр үстіне нұр дер едік.
Базарбай НАҒЫМАНОВ,
Тұтыну кооперациясының үздігі,
сауда саласының ардагері.
Байқоңыр қаласы.