Кәсіпкерлерге қолдау күшейтіледі
Өңір экономикасының өркендеуінде кәсіпкерліктің орны айрықша. Бизнеске қолайлы жағдай жасау, инвестиция тарту, жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы жұмыс орындарын көбейту – елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды бағыттар. Сондықтан кәсіпкерлердің бастамаларын қолдап, олардың алдында тұрған мәселелерді дер кезінде шешу үнемі назарда. Осы бағыттағы өзекті мәселелер жуырда өткен мәжілісте кеңінен талқыланды.Аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен өткен жиынға Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ділмұхамед Абизов бастаған палата өкілдері, салалық мекеме басшылары, ауылдық округтердің жауапты мамандары және жергілікті кәсіпкерлер қатысты.
Алқалы басқосуда аудан басшысы кәсіпкерлік саласында атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталып, алдағы міндеттерді айқындады. Бүгінде Қазалы ауданында 5 мыңға жуық кәсіпкер тіркеліп, өз ісін дөңгелетіп келеді. Кәсіпкерлік бастамаларды барынша қолдау мақсатында «Агробизнес», «Ауыл аманаты», «Іскер», сондай-ақ «Өңдеу өнеркәсібін дамыту» бағдарламалары аясында жүйелі шаралар жүзеге асырылуда.
Мәселен, биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша аталған мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 4,5 миллиард теңгені құрайтын 273 жоба қаржыландырылды. Инвестиция тарту бағытында да бірқатар оң көрсеткіштер бар.
Биыл аудан экономикасына 31,8 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланған. 2024-2025 жылдар аралығында жалпы құны 2,3 миллиард теңгені құрайтын 4 ірі инвестициялық жоба толықтай іске қосылды. Алдағы кезеңге арналған жоспарлар да ауқымды.
2026-2029 жылдары жалпы құны 6 миллиард теңге болатын тағы 4 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Ол өз кезегінде 60-қа жуық жаңа жұмыс орнын ашып, аудан тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді деген үміт мол.
Мәжіліс барысында бизнес өкілдерінің құқықтарын қорғау, кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіретін әкімшілік кедергілерді азайту, инвестициялық жобаларды тиісті деңгейде сүйемелдеу және мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану мәселелері қызу талқыланып, ұсыныстар айтылды.
Маңызды отырыста Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ділмұхамед Абизов Палата тарапынан кәсіпкерлерді қолдау, инвестициялық жобаларды әдістемелік және практикалық тұрғыдан сүйемелдеу, сондай-ақ бизнес бастамаларды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар хақында баяндады. Ол Қазалы ауданының кәсіпкерлік әлеуеті өте жоғары екенін жеткізіп, оны одан әрі арттырудың маңыздылығына мән берді.
Сонымен бірге кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Болат Нұрхожаев кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру, бизнестің жүруіне кедергі келтіретін әкімшілік мәселелерді болдырмау және олардың түйткілді сұрақтарын жедел шешу бағытында атқарылып жатқан шараларға айрықша көңіл бөлді. Сондай-ақ кәсіпкерлердің өз құқықтарын жақсы білуі және қандай да бір мәселе туындаған жағдайда құзырлы органдарға уақытылы жүгінуі аса маңызды екенін жеткізді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы кәсіпкерлікті дамыту және өңірге инвестиция тарту – аудан экономикасының тұрақты әрі қарқынды өсуіне тікелей ықпал ететін негізгі бағыттың бірі екенін алға тартты. Осыған байланысты тиісті мекеме басшыларына кәсіпкерлердің көтерген мәселелерін оңтайлы шешуге және жаңа жобалардың жүзеге асуына жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды. Кәсіпкерлікке қолайлы бизнес орта қалыптастыру, инвестициялық белсенділікті арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатыны атап өтілді.
А.ЖИЫЛЫСҚЫЗЫ














