Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғыс алу – ғанибет

Алғыс алу – ғанибет

Біз өзіміз жиі айтатын волонтер сөзінің мағынасын бір сөзбен еріктілер деп атаймыз. Олар – қоғамдық жұмыстарды белсене атқарып, жүрек қалауымен өзгеге жақсылық жасауға ұмтылатындар. Ал оның үлкен, кішісі немесе ауыр, жеңілі болмайды.
Біздің ортамызда да қайырымды шараның басы-қасынан табылып, титтей де болса көмегім тисе екен деуші жандар жетерлік. Солардың бірі – Абубакир Бекболаев. Тәуелсіздіктің төл құрдасы Абубакир Қанапияұлы Әйтеке би кентіндегі сол кездегі В.Счастнов атындағы №249 мектепте білім алған. 9 сыныпты ойдағыдай бітіріп, Қызылорда қаласындағы гуманитарлық-заң колледжінен заңгер мамандығын да үздік дипломға аяқтады. Бұдан кейін «Болашақ» университетінен жоғары білім алып, информатика пәнінің мұғалімі дипломын алды. Қазір Ы.Алтынсарин атындағы №204 мектепте информатика пәнінен сабақ береді. Сонымен қоса Әйтеке би кенті бойынша жастар мәслихатының депутаттығына сайланып, жастармен етене араласа еңбек етуде.
Кейіпкерімізге алдымен «Ерікті болу үшін адамның бойында қандай қасиет болуы тиіс?» деген сауалымызды жолдадық.
– Аса бір күрделі нәрсені меңгеру шарт емес. Ерікті болуды қалағандардың бойынан, қоғамға, туған жерге деген сүйіспеншілік пен ыстық ықылас табылуы қажет, – деген белсенді жас еріктілікпен айналысудағы мақсатын да түсіндіріп өтті.
«Өзіңіз білетіндей 2020 жылды Президент «Еріктілер жылы» деп жариялады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында азаматтық қоғамды нығайтуда еріктілердің орны ерекше екеніне айрықша мән берді. Осы орайда мен де қоғамның ілгері жылжуына өз үлесімді қоспақ ниеттемін», – дейді Абубакир.
Бұған дейін хабардар болғанымыздай елде жарияланған төтенше жағдайға орай жұмысынан немесе табысынан айырылған азаматтарға 42500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек тағайындалғаны белгілі. Осы тұста бұл көмекті қайдан, қалай аламыз немесе қандай құжаттарды рәсімдеп, қайда өткіземіз деп көп тұрғынның санасын сан сұрақ мазалады. Осы ретте халық мемлекет көрсеткен көмектен құр қаламаса екен деген ерікті жас көпшілікке көмек қолын созуға кірісті.
– Әлеуметтік көмекке тапсырыс беру үшін аудан халқы көптеген қиыншылыққа жолықты десем де болады. Банк, Қазпошта және өзге де мекемелердің алдында толассыз кезекте тұрып, қалай өтініш берерін білмей жүрген халықты көріп, компьютер маманы болғаннан кейін қолымнан келгенше тегін көмек бердім. 42 500 теңге әлеуметтік көмекке өтініш жолдауға көмектесетіндігім туралы әлеуметтік желіге жариялап, қазіргі таңда 148 адамға әлеуметтік көмекке өтініш жіберуіне көмектестім. Оның ішінде 8 адам Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Қызылорда қалаларының тұрғындары. 148 адамның ішінен 128-іне әлеуметтік көмек тағайындалып өздерінің ізгі тілектерін айтып, баталарын берді. 7 адамға E.gov порталы арқылы өзге де қызметтерін алуға жәрдемдестім, – деген Абубакир Қанапияұлы бұдан бөлек те жасаған кішігірім көмектерін тізбелеп жатуды жөн санамады.
Қазір екінің бірі қит етсе, қолғабыс көрсеттік деп жарияға жар салатыны да рас. Осыған қарап «Ерікті атану арзан атақ жинаудың жеңіл жолы емес пе?» деген сауалдың кез келген жанды мазалары сөзсіз. Мен де ойымды іркіп қалмай, көптің көкейінде жүрген сұрақты ашық жеткіздім.
– Жалпы Еріктілікті өзге дүниелермен шатастырып алмасақ болғаны. Әрбір ерікті өз көмегін шынайы көңілімен жасаса, арзан атақ жинау деген пікір қалыптаспайды. Дегенмен өмірде әртүрлі жайт болуы да мүмкін. Бірақ адамдарға алғаусыз көмектесу жан-жүрегімізге ұнайтын болса, онда сол таңдаған жолдан айнымаған дұрыс.
Жалпы ерікті болу, қоғамға пайдалы жұмыс жасау, адамдардан риясыз алғыс алу көңілді серпілтеді, рухани қуаныш сыйлайды. Жақсы сөздер естіп, үлкеннің батасына бөлену ғанибет, – деп сөзін түйіндеді Абубакир Бекболаев.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
25 сәуір 2020 ж. 923 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031