Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Індет ыстықта жойыла ма?

Індет ыстықта жойыла ма?

Бұған дейін елдегі бұқаралық ақпарат құралдарында Covid-19 жоғары температурада жойылатыны айтылған еді. Бірақ жақында Айс-Марсель университетінің француз ғалымдары зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, індеттің ыстыққа төзімді екенін дәлелдеп берді. Олар жағдайды ушықтырып алмас үшін жасаған тұжырымдарына сенуге шақырды.
Коронавирусқа байланысты жаңалық ашқан ғалымдар туралы ақпарат алдымен қытайлық South China Morning Post басылымы жариялаған. Онда Францияның оңтүстігіндегі Айс-Марсель университетінің профессоры Реми Чаррелл бастаған оқымыстылар тобы коронавирус 2 (SARS-CoV-2) ауыр жіті респираторлық синдромының қандай температурада өмір сүре алатындығын білуге тырысқаны айтылады. Олар баяу қыздыру үшін африкалық жасыл маймылдың бүйрегінен алынған жасушалардағы вирусты алды. Тәжірибеге қолданылатын вирустық штамм Берлин қаласында COVID-19 диагнозы қойылған науқастан алынған.
Нәтижесінде авторлар індет клеткасын 92 градусқа дейін 15 минут қыздырған жағдайда вирусты толығымен залалсыздандырады деп мәлімдеді. Көптеген зертханаларда қолданылатын стандартты залалсыздандырудың 60 минуттан 60 градусқа дейін, сондай-ақ 30 минут ішінде 56 градусқа дейін қыздыру сияқты протоколдары оны жойып жіберуде нәтиже бермеді. Десек те француз ғалымдарының бұл жаңалығы БАҚ-да көп қызығушылық тудырған жоқ. Есесіне ғаламторда коронавирусты 2 күнде емдейтін дәрі табылғаны туралы ақпар кең етек алды.
Журналистер Монаш Университеті мен Мельбурндегі Корольдік аурухана мамандарының болжамын жазған. Алайда “коронавирусты екі-ақ күнде емдейтін дәрі табылды” деп сүйіншілейтін ақпар емес, жай болжам ғана еді. Әлі клиникалық сынақ жасалмағандықтан бұлай жарияға жар салу жараса қоймас.
Монаш Университетіне қарасты биомедициналық зерттеулер институтының ғалымдары зерттеу нәтижесінде ивермектин препаратының бір реттік дозасы Covid-19 вирусының өсуін тоқтатуы мүмкін екендігін байқаған. Дәл осы зерттеуді басқаратын дәрігер Кайли Вагстаффтың айтуынша, ивермектин препараты Covid-19 вирусының көбеюін 48 сағат ішінде тоқтата алған. Тіпті 24 сағаттың өзінде вирустың айтарлықтай төмендегені белгілі болған.
Бірақ бұл тек сынамадағы нәтиже ғана. Сараптама мен тәжірибе әлі жалғасып жатыр, сондықтан індеттің емі табылыпты деуге әлі ерте. Емдеу ұзақтығы мен нәтижесі туралы клинкалық сынақсыз айту мүмкін емес. Институттың мәлімдеуінше, препараттың зертханалық жағдайларда тиімділігіне қарамастан, ивермектинді зерттеу толықтай аяқталмайынша Covid-19-бен ауыратын адамдарды емдеу үшін пайдалануға болмайды.
Әлі күнге дейін Аустралия денсаулық сақтау министрлігінде де, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында да коронавирусқа қарсы дәрі туралы ресми мәлімдеме жасалмады. Әзірге тек емдеу протоколы ғана бар. Ғалымдар вакцина жасап шығу үшін жылдан астам уақыт қажет екенін алға тартуда.
Аударған Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
21 сәуір 2020 ж. 692 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930