Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тосқауыл бекеті қойылды

Тосқауыл бекеті қойылды

Жақында ауданның бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен балабақша, сауда орындары мен азық-түлік өндірмейтін барлық кәсіпкерлік нысан жұмыстары тоқтатылған болатын. Бұл облыс көлемінде жұқпалы індет жұқтырушылардың күрт өсуіне байланысты қабылданған шара еді. Сонымен бірге коронавирустың таралуын алдын алу тосқауыл қою мақсатында "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық автодәлізінен кентке кіресберіс жолға тосқауыл бекеті қойылды. Жайбарақат күндері көлік арылмайтын аталған аймақтың қазіргі ахуалында өзгерістер мен орын алған мәселелер бар.
Негізінде Әйтеке би кенті кіргізетін басты жол біреу ғана. Қазіргі таңда оны аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қатаң бақылауда. Күніне 4 полицейден кезекшілік ұйымдастырылған. Арнаулы кезекші топ тәулігіне 12 сағат бойы тік тұрып қоршауды күзетеді. Барлық керек жарақпен жабдықталған бір қызметтік көлік бөлінген. Сонымен бірге аудан орталығына барғысы келген азаматтардың дене қызуын тексеріп, алғашқы медициналық бақылау жүргізетін маман қарастырылған. Өңірде індет өршіп тұрған осынау сәтте бұл қызметкерлердің жұмысы қауырт екені белгілі.
Аталған посттан көршілес аудандар мен басқа қалалардан келген азаматтар өте алмайды. Бірақ аса қажеттілікке байланысты бірқатар азаматтар рұқсатпен кіре алады. Бұл жайында аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Еркебұлан Жүрсінбаев айтып берді.
– Осы уақытта жергілікті басшылар халықты жоспардан тыс жолға шықпауға, мүмкіндік болса үйде отыруға үндеуде. Бұл төтенше жағдай уақытындағы қорғанудың ең тиімді жолы. Сонымен бірге жұқпалы індетті ауыздықтау үшін аурудан ада аумақты оқшаулау маңызды. Сол себепті аудандық полиция қызметкерлері кентке кіре беріс жолға арнайы блокпост қойып, келушілерді тізімге алуда. Бірақ тосқауыл бекеті арқылы кез келген азаматты өткізе алмаймыз.
Арал және Қазалы ауданы әкімдігінен берілген куәлігі бар адамдар, кентке жақын орналасқан Арал ауданына қарасты ауыл тұрғындары немесе Қазалы ауданының ауылдық округ тұрғындары азық-түлік сатып алу мақсатында келген болса қалаға кіре алады. Бұдан басқа Арал ауданынан Қазалыға жеткізетін төте жолдар мен өткелдердің барлығына тосқауыл қойылды.
Рұқсат қағазсыз келіп, кері қайтатындардың қатарына азық-түлік тасымалдаушы кәсіпкерлердің жүк көліктері кірмейді. Бұл кеңшілік жергілікті сауда орындарында тапшылық болдырмау мақсатында берілген. Сондай-ақ жұмыс барысымен жүрген полиция көліктері мен төтенше жағдайға байланысты жергілікті әкімшіліктен құрылған топқа шектеу қойылмайды, – дейді ол.
Басты жолға тосқауыл қойылғанымен кентке кіргізетін төте жолдар бар екені белгілі. Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желі қолданушылары осы мәселені де назарда ұстау керектігін еске салған. Қазіргі таңда полицейлер бұл олқылықты болдырмау жолдарын қарастырғанын көріп отырмыз. Үлкен жолдан Қазалыға апаратын құм жолдың алдына блок қойып, одан бергі аймақты техника күшімен қаздырып тастаған. Бұл кентке алып келетін басқа жолдар уақытша жарамсыз деген сөз. Адамнан айла артылмайтынын ескеріп, полицейлер аталған аймаққа мобильді кезекші патруль бөлген. Ол Алтай жақтағы құмды жолмен астыртын кіруі мүмкін жолаушылардың жолын бөгейтін болады.
Полицейлер үшін қиындық тудырып отырған тағы бір мәселе – ұлы жол бойындағы "Арзан" кешеніндегі автотұрақ. Ауданның бас санитарлық дәргерінің қаулысында басқа жақтан келген көлік қалаға кіргізілмейтіні көрсетілген. Аталған кешен аудан аумағына жататындықтан нысан жұмысы тоқтатылуы тиіс. Олай болған жағдайда өзге өңірлерге азық-түлік тасыған жүк көліктерінің жүргізушілері жолда демалыссыз қалады. Шаршаған жүргізуші жол көлік оқиғасының орын алуына себеп болып, біріншіден қайғылы оқиғаға, екіншіден оны күтіп отырған жұрт азықсыз қалуы мүмкін. Полицейлерді алаңдатып отырған да осы. Қазіргі таңда "Арзан" кешенінде күзетші мен автотұрақ жұмыс істеп тұр. Бұл түйіткілді шешу үшін жан-жақты талқылау жүріп жатқан көрінеді.
Бас санитарлық дәрігердің енгізген қаулысына сәйкес тәртіпке бағынбағандар да ауданда көптеп кездесуде. Еркебұлан Жүрсінбаев бүгінгі таңда 9 азаматқа 476 бап бойынша төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін шара көрілгенін айтты. "Жанқожа батыр ауылында жұқпалы ауру жұқтырған адам табылды" деп жарияға жар салған жалған ақпарат таратушы да анықталып, денсаулығына байланысты кепілхатпен үйіне жіберілген. Оған 274 баптың 4 бөлігі бойынша "Ауыр қылмыс" жасады деген айып тағылып отыр.
Айта кету керек, қалааралық жолаушылар тасымалымен айналысатындар да блокпост қойылуына байланысты жұмыссыз қалды. Олар енді төтенше жағдай режимінде төленетін үкімет тағайындаған жәрдемақыға құжат дайындауға мәжбүр.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
04 сәуір 2020 ж. 959 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 61

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930