Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тағамға талғам керек

Тағамға талғам керек

«Бұны пайдалану денсаулыққа зиян» деп айта отырып, шаурма, сэндвич, чебурек, пицца, чипсы, қуырылған картоп жеп, түрлі газдалған сусынды ішетіндер көп. Өкінішке орай олардың қатарында сіз де, біз де бармыз. «Анда-санда ауыз тигеннен ештеңе бола қоймас» деп өзімізді алдап қоятынымыз тағы бар. Денсаулыққа зиян екенін біле тұра бас тарта алмайтындай фаст-фудтың не құдіреті бар? Еріксіз тәбетіңді ашып, дәмі ауыздан кетпейтін тағамдардың сапасы мен құрамы қандай?
Жоғарыда аталған барлық тағамдар фаст-фуд қатарына кіреді. Олардың зиянды екенін көпшілік біледі, дегенмен осы тағамдармен қарын тойдырып, газды сусындармен шөл басады. Фаст-фудты біреулер күнде жеп, ішсе, кейбіреулері анда-санда тамақтанады. Тұтынушылардың басым көпшілігі: «Тамақты үйде дұрыстап дайындауға мүмкіндігіміз болмағанда, ол бізге қолайлы, тиімді тамақ ретінде көмекке келеді» деген ойын білдірді.
Дәрігерлердің айтуынша, фастфудпен тамақтануға болмайды. Осындай тағамдардың калориялары өте жоғары, майлар мен консерванттар құрамы өте көп болғандықтан, дәрумендер мүлдем жоқ. Фаст-фуд өнімдерінің тарихын біріміз білсек, біріміз білмейміз. Бұл туралы әлеуметтік желіде былай деп жазылады.
Фаст-фуд (ағылш. fast food – жылдам тамақ) – шапшаң тамақтану тағамы. 1920 жылдары ең бірінші фастфуд тағамы Америкада қолданысқа шықты. 1921 жылы Канзаста White Castle атты компания ашылып, алғашқылардың бірі болып гамбургер дайындаған. Бұл компания келушілерді гамбургердің бағасының тұрақтылығымен жаулап алады, бірақ тағамның сапасымен құндылығы жөнінде компания басшысы Билли Инграма ойламайды. 1940 жылдардың соңында White Castle компаниясының мықты бәсекелесі болып McDonald’s компаниясы бой түзеді. Сол жылдан бастап McDonald’s компаниясы алпауыт компаниялардың біріне айналды. Тоқсаныншы жылдары гамбургер кедейлерге арналған зиянды тағам болып есептелінетін. Оны қала көшелерінде үйсіз-күйсіз адамдарға сататын болған. Кейінірек бұл тағам ресторандарға жол тартты. Aмерикада әрбір 10 адамның тоғызы кем дегенде айына бір рет McDonald’s ресторанына барады. Америкалықтар 1970 жылы фаст-фудқа 6 миллиард доллар жұмсайтын еді. Бұл көрсеткіш 2011 жылы 142 миллирд долларға өсті. Солтүстік Кореяда Кока-Кола мен Пепси-Кола сатылымда жоқтың қасы. Гамбургер туралы БАҚ-тарда алғаш рет 1894 жылы «Los Angeles Times» газетінде сөз болды. АҚШ-тың өзінде фаст-фуд сататын 300 мың ресторан жұмыс істейді. Ричард және Морис Макдональдтар өздерінің алғашқы ресторанын 1949 жылы Калифорния штатындағы Сан Бернардинода ашты. McDonald’s Бразилиядағы халықты жұмыспен қамтып отырған ең үлкен компаниялардың бірі болып саналады. McDonald’s ресторандары ашылар тұста желі иелері сатып алушылардың ресторанда ұзақ уақыт отыруын қаламағандықтан, бөлмеге ыңғайсыз орындықтар қойып, ойын-сауық автоматтарының болмауына барынша көңіл бөлген. Фри картофельдерінің көпшілік арасында кең етек жайғандығы соншалық, оның сатылымының көлемі шикі картоптардан да асып түсті. Мысалы, тек 2010 жылы американдықтар 3 миллион тонна фри картофелін жеді.Рональд Макдональд америкалық балалар арасында Санта Клаустан соң ең танымал тұлға болып есептелді. Фаст-фуд тағамдарының кең етек алуы америкалықтардың күрт семіруіне әкелді. Америка ауруларды бақылау орталығының есептеуінше, семіздіктен жылына 248 мың америкалық көз жұмады екен.
Бұны дәрігерлер жоққа шығармайды. Тез әзірленетін тамақ атаулының салдарынан қатерлі ісік, диабет, бауыр, бүйрек және қан тамырлары ауруларымен ауыратындардың саны едәуір артқан. Өкініштісі, бұл тағамдарды тұтынудан Қазақстан да қалыс қалған жоқ. Оның нақты бір ағзаларды бүлдіріп қана қоймай, депрессияға да ұшырататынын біліп жатқандар аз. Фаст-фудтың ең басты кемшілігі – калорияның көп болуы. Ол семіздікке әкелетін басты себеп. Бұл тағамдарға натрий (тұз) көп мөлшерде қосылады. Натрий қан қысымын арттырып, жүрек-тамыр жүйесінің жұмысына жүктеме жасайды. Фаст-фуд өнімдерінде пайдалы компоненттер өте аз, оны жиі тұтынатын адамда витамин жетіспеушілігі кездеседі. Құрамындағы иіс және дәмді күшейтетін қоспа – глутамат натрийды шамадан тыс тұтыну, бүйрек және ас қорыту жүйесін зақымдайды.
Консервант – ең зиянды қоспалардың қатарына жатады. Өндірушілер оның көмегімен сақтау мерзімін ұзартады. Аллергияларға бейім адамдарға оны қолданбауға кеңес беріледі. Көмірсулар мен қант ауыздағы қышқылдықты жоғарлатып, тіс эмалінің бұзылуына және каристің пайда болуына әкеледі. Бұл тағамдарды тұрақты түрде пайдалану – гипертония ауруына, иммунитеттің төмендеуіне және созылмалы сырқаттың асқынуын тудырады. Зерттеуге сәйкес, фаст-фудты көп жейтін балалар астма ауруынан жиі зардап шегеді. Сондай-ақ олардың тері ауруларына бейімділігі артады.
Ас – адамның арқауы. Шындығында адам денсаулығының басты кепілі – уақтылы әрі дұрыс тамақтану. Әрбіріміз тағамға да талғам керектігін естен шығармағанымыз жөн.
Ұлболсын ЕРБОЛҚЫЗЫ
31 наурыз 2020 ж. 1 165 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031