Мұғалім бақыты – шәкірт құрметі
Арман – адамның қанаты, қиялы мен қалауынан туған биік шың. Кім болса да соған жету жолында талаптанып, алдына мақсат қояды. Оңаша қалғанда келешегін көз алдына келтіреді. Біз тілге тиек еткелі отырған Гүлсім де бала күнінен биікке қол созды. Қатарлас қыз балалар қуыршақтың қызығына тоймай жүргенде, ол үйден табылған тақтайды тақта қылып, мектептен әкелген борымен шатпақтайтын. Артынан ерген төрт бауырын қаз-қатар отырғызып, өзін тақта алдындағы ұстазға ұқсататын. Бар білгенін айтып, тіпті дәптерге сынып журналын сызып, бауырларын бағалауды да ұмытпайтын.
Әкесі Боздан мен анасы Қарашаш тұңғыштарының «Мен өскенде ұстаз боламын» деген талабына дән риза. Таңдауына қуанып, болашағынан көп үміт күтті. Білімге құштар Гүлсім өнерден де алыс емес. Орта мектеппен қатар аудандық музыка мектебінде дәріс алды. Қазақтың бас аспабы домбырада шебер ойнайтын шәкірт білім және өнер ордасын үздік тәмамдады. Жүрек қалауын жүзеге асыруды мақсат тұтқан бойжеткен Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищеге оқуға түсіп, музыка бөлімін бітіріп шықты. 1991 жылы оқу орнын аяқтаған жас маман Қ.Сәтбаев атындағы №216 орта мектепке жұмысқа орналасты.
– Алғаш еңбек жолымды музыка пәнінің мұғалімі болып бастадым. 1993 жылы отбасын құрдым. Жолдасым Ишанбай Ниязов аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет етіп, зейнетке шықты. Айкелді, Айкерім атты ұл-қызымыз бар. Еңбектен қол үзбей жүріп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінен «Тарих және құқық» пәнінің мұғалімі мамандығын меңгердім. 2000 жылдан бастап тарих пәнінен сабақ бере бастадым. Кейін жұбайымның қызмет барысына орай Қызылорда қаласына қоныс аудардық. Алғашында осындағы кәсіптік училищеде, кейін Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясында жұмыс істедім. 2008 жылы Әйтеке би кентіне қайта оралып, алғаш еңбек жолымды бастаған білім шаңырағында қызметімді жалғастырдым, – дейді ұстаз.
Отыз жылдық тәжірибесі бар мұғалімнің де бір кездері шәкірт болғаны заңдылық. Оқушы Гүлсімнің көз алдынан сынып жетекшісі Тоты Жидебаеваның бейнесі кетпейді. Балаң шәкірт өзі еліктеген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін осы ұстазының тақырыпты түсіндіруіне тәнті болғанын айтады. Педучилищеде дәріс берген Мұхамедқали Әбілдаевтың әрбір пәні әсерлі өтетінін ерекше еске алды. Жас маман атанып, білім беру саласына қадам басқан сәтте үнемі қолдап, білгенін үйретуден жалықпаған ұлағатты ұстаздар Шұға Тілеумағанбетова, Бағдагүл Тұрымбетова, Гүлшара Әділбаева, Гүларша Хұсайнның білімі мен біліктілігі, педагогикаға деген сүйіспеншілігін сөзбен жеткізу мүмкін еместігі туралы да сыр ақтарды.
Мұғалімнің мерейін өсіріп, мәртебесін арттыратын шәкірт. Әр оқушының қас-қабағына қарап, жаңа сабақты игеріп кетуіне күш салатын Гүлсім Бозданқызы жас өскіндердің оқу-тәрбиесімен айналысуда бойына ерекше күш-қуат алатынын да жасырмады.
– Нағыз ұстаз үйдегі баладан, сыныптағы оқушының жай-күйіне жиі алаңдайды. Кейде оқушың әлдебір тапсырманы дұрыс орындай алмай қалса, «Мен дұрыс түсіндіре алмадым ба?» деп қынжыламын. Сол күні қошым болмай, өзімді жайсыз сезінетін сәттерім болады. Керісінше, шәкіртің сабақты жақсы айтып, белсенділік танытса, менен бақытты адам жоқ. 2008 жылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына оқушы дайындаймын. Ол бұрынғыдан екі есе жауапкершілікті талап етеді, – дейді.
Гүлсім Бозданқызының көптеген шәкірттері білім бәсекелерінде топ жарып, ұстаз үмітін ақтап келеді. Әр оқу жылында Қазақстан тарихы пәні бойынша аудандық олимпиадада Берекет Алмас бірінші, Мөлдір Есет екінші орын алды. Пәндік олимпиаданың бірінші кезеңінен бірінші орын иеленген Дәулетсейд Жарылқасын облыстық кезеңде үшінші орынға қол жеткізді. Дарынды шәкірт Д.Жарылқасын 2017 жылы Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Рухани келісім – тәуелсіздік тірегі» тақырыбындағы шығармалар сайысында екінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Бұдан бөлек бірнеше шәкірт жетістікке жетіп, мектеп абыройын асыруда. Әр оқушының шыққан шыңын ауыз толтыра айтқан мұғалім өзін дәріптеуді құп көрмейтінін аңғартты. Осы орайда әріптестерімен тілдесіп, кейіпкеріміз туралы сұрағанымызда:
– Гүлсім Ешпан кішіпейлділігімен баурайды. Өз ісінің маманы, талай талапкерді тестілеуге дайындады, әлде де білім беру саласында еселі еңбек ететініне сенеміз. Ол 2014 жылы «Үздік тарих пәнінің мұғалімі» атанды. Білім бөлімінің, аудан әкімінің Алғыс хаттарын алды. «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында мұғалімнің біліктілігі мен кәсіби шеберлігін арттырудың жаңа аспектілері» тақырыбындағы аудандық педагогикалық оқу кезінде бірінші орын иеленді. Сынып жетекшісі болған жылдары да жүйелі жұмыс атқарды. Қазір тарих пәні бірлестігінің жетекшісі ретінде де белсенділік танытуда, – деген жүрекжарды лебіздерін ақтарыла жеткізді
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА