Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәрбиешілер тәжірбие алмасты

Тәрбиешілер тәжірбие алмасты

Өткен жұмада Жалаңтөс батыр ­ауылында облыстық оқу орталығы мен аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен №14 «Сәуле» бөбекжай балабақшасында «Дарынды балаларды анықтау және олармен жұмыс жүргізу ерекшеліктері» тақырыбында тәжірбие алаңы өтті.
Шара барысында бөбекжай тәрбиешілері кешке арнайы келген қонақтарды балабақшаның көрме ісімен таныстыра отырып, дарынды балалардың жұмыстарына тоқталды. Ұлттық киім киінген бүлдіршіндер «Ұлы дала еліне саяхат» атты сахналық қойылым қойып, ұстаздардың жүзіне жылылық ұялатты. Жиынның ашылуында Қарашеңгел ауылдық округінің әкімі Орысбек Жәмшейтов бала тәрбиесінің маңыздылығына тоқтала келе, үлгілі істер атқарып жатқан балабақша меңгерушісі Зағипа Әлімжанқызына алғыс білдірді.
Семинарға аудан көлемінде балабақша тәрбиешілері тегіс қатысты. Сонымен қатар облыстық оқу орталығы директорының орынбасары Гүлнар Батырбекқызы келіп, аймақтағы балалармен тиімді жұмыс жасау әдістерімен таныстырып, бүгінге дейін облыс көлеміндегі бөбекжайларға қатысты көтерілген мәселелерге тоқталды.
– Ата-ана балабақшаны тек тәрбиелеу орталығы деп қарамау керек. Себебі бүгінде осы салаға үлкен міндет жүктелген. Мақсатымыз – Қызылорда көлеміндегі жаны жайсаң, жүрегі жұмсақ, өзгенің баласын өз баласындай тәрбиелеуге қомақты күш салып жүрген әріптесіміздің озық тәжірбиелерін осында келген педагогтармен бөлісу.
Естеріңізге сала кетейін, қазіргі ұлағатты ұстаздар баланы тек жазу, сызуға үйретіп қана қоймай, оған қоса оларды креативті ойлау мен тілдерін дамытуға көмектеседі, – деді Гүлнар Диханбаева.
«Бала тілі – бал» демекші, ашық алаңда ән салып, би билеген балапандар жиналған қауымды қуанышқа бөлеп, тәтті қылықтарымен сүйсіндірді. Сондай-ақ, өзге бөбекжайлардан келген тәрбиешілер өзара тәжірбие алмасып, ойларын ортаға салды. Кеш соңында түрлі ұсыныстар тыңдалып, шығармашыл педагогтар Алғыс хатпен марапатталды.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
11 ақпан 2020 ж. 1 942 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031