Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шаттық шұғыласына бөленген

Шаттық шұғыласына бөленген

Отбасы – шағын мемлекет, адам баласының алтын діңгегі. Ең алғаш шыр етіп дүниеге келген әрбір шақалақ осында ер жетіп, тәрбие алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі саналды. Қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Анасына қарап, қызын ал», – деп бекер айтпайды. Әр шаңырақтың шаттығын келтіріп, ұл-қызының ұлағатты ұрпақ болып өсуі үшін әрбір ата-ана еңбек етіп, болашақтан зор үміт күтеді. Отбасының өзіндік құндылықтары мен жөн-жоралғысы да жоқ емес. Осы орайда отасқандарына ширек ғасыр толған жандармен жүздесіп, үй ішінің тыныштығы мен татулығы туралы сыр шерткен едік.

Балалардың шат күлкісі, үлкендердің қамқорлығы, кішілердің ізеттілігі бұл көңіл тебірентерлік көрініске Болатбек ақсақалдың шаңырағын аттағанда куә болдық. Бірін-бірі қуалап, мәре-сәре жүгірген немере-шөберені айналып-толғанып отырған Болатбек ата мен Мәриямкүл әже бізді жылы қарсы алды. Төрден орын ұсынып, жөн сұрасқан соң қария:
– Мен 1948 жылы Бозкөл ауылында туғанмын. Әке-шешеден төрт ағайындымын. Смағұл, Бекқожа есімді ағаларым, Ақзия атты апам болған. Бәрі де о дүниелік болды. Жиырма жасымда шаңырақ көтердім, әжең он тоғызда еді. Міне, елу екі жылға қарады, өмірдің ащы-тұщысын бірге көріп келеміз, – деп әңгімесін бастады.
Дүниеге төрт ұл, екі қыз әкеліп, немере-шөберенің қызығын көріп отырған Болатбек Бөлебай мен Мәриямкүл Сағымбаеваның жүріп өткен жолы, бала тәрбиесіндегі өнегесі көпке үлгі. 1987 жылы Әйтеке би кентіне қоныс аударған отбасы тоқырау жылдарының салқынын сезінді. Екеуі де жұмыстан қысқарған сәтте қол қусырып қарап қалмай, кәсіпкерлікке бет бұрды. Ауданда алғашқылардың бірі болып салы түйіп, күріш ақтаған жандар – осылар. Болатбек өз қолымен шағын аппарат жасады. Күн-түн демей еңбек етті. Отағасына отбасы мүшелерінің бәрі қолғабыс ететін. Бала күнінен іске епті, шаруға бейім ұлдары Өмірбек, Нұрбек, Райымбек бүгінде белді кәсіпкерлер. Үлкен ұлы Жұбандық та кәсіптен алыс болмады. Ол совхоздарды аралап, салы алып келетін. Алайда өмірден ерте озды. «Орнында бар оңалар» деген артында қалған жары Гүлшат пен балалары жеке кәсіпті жандандырып, халыққа қызмет көрсетіп отыр. Өмірбегі байырғы күріш ақтау кәсібін кеңейтсе, Нұрбек монша бизнесін жолға қойған. Ал Райымбек «Сарым-құрлыс» ЖШС директоры. Қыздары Нұргүл №170 мектепте мұғалім, білікті ұстаз, тәжірибелі маман, Ақтолқын «Арал-Сарбұлақ» топтық су тарату мекемесінде инженер. Жастайынан еңбекке араласып, сауда-саттықтың қыр-сырына қаныққан Мариямкүл апа балаларының «Мама демалыңыз» деген сөзіне қарамайды. Күнделікті жұмысқа баратын әдетін тоқтатпаған.
– Он тоғыз жасымда келін болып түстім. Білгенімнен білмегенім көп болды. Су да тасыдық, от та жақтық. Сиыр да саудық, диірмен де тарттық. Сөк түйіп, қазанға нан да жаптық. Қамыс орып жүріп, мұзға оңбай құлағаным әлі есімде. Заманыңа қарай елден қалмай өмір сүресің. Біздің уақыттарда қауырт түрлі жұмыстар болды, бәрін де істедік. Жолдасым «К-700» тракторын жүргізді. Қыстың күні оған сартылдатып, қайнатып су құятынбыз. Оталмай қалса, төгіп, қайта құямыз. Адамға ең бірінші қанағат керек. Еңбектенсең, жетесің. Қазір шүкір, бұның бәрі бізге маңдай терімізбен келді, – деді отанасы.
Осы орайда ата-енесінің әр сөзін үнсіз мақұлдап, бас изеп отырған келіндерге қарай ойыстық. Бұл шаңырақта Гүлшат, Перуза, Майра, Жанна есімді келіндер тұрады. Алайда бір-бірін апалы-сіңлідей құрметтейтіндіктерін айтты. Алдымен үлкендері Гүлшат сөз бастады. Айтуынша, отбасына он сегіз жасында келген. Ол Жамбыл облысы, Жуалы ауданының Тоғызтарау ауылының тумасы. Бухгалтер-экономист мамандығында оқитын кезінде Әйтеке би кентіндегі поштаға іс-тәжірибеден өтуге келіпті. Бөлебаевтар әулетіне туыс болып келетін құрбысы Зәуре екеуі осы үйде тұрақтаған.
– Төрт ай осында тұрдым. Апам таңертең сиыр саууға шығады. Үй тірлігіне икемді болып өстім. Ата-анам да: «Балам, біреудің үйіне барғанда қарап отырма. Қолыңнан келетін іске көмегіңді бер» деп тәрбиеледі. Сондықтан болар анама көмектесіп жүретінмін. Мекемедегі өндірістік тәжірибем аяқталып, еліме қайттым. Апам артымнан хат жазып тұратын. Тағдырдың бұйырысы болар, кейін осы шаңырақтың үлкен ұлы Жұбандыққа жар атандым. Атам қай-қайсымызға да балам деп сөйлейді. Енемнен ұққанымның бәрін өзімнен кейін келген Перузаға үйретуге тырыстым. Ол да әрі қарай өз қызметін жалғады. Майра мен Жаннаға білмегенін айтып отырды.
Жас кездегі келеңсіз оқиғаларды қазір ұмытпай еске аламыз. Бірде самаурын қою керек болды. Томаршалармен тұтатқан самаурыным өшіп қалды. Содан үстінен май құйып үрлеп, шырпы жағып жібердім. Бірден лап ете қалған от зәремді ұшырды. Одан кейін самаурын жағудың шеберіне айналып кеттік, – деп күлімсіреген ол өткенді еске алды.
Бұл отбасының бір ерекшелігі – келіндердің төртеуі де сурет салуға икемді. Үй тірлігін дөңгелетіп отырған жандар осындай өнерден де алыс емес. Кезінде Болатбек ата сандық, жүк аяқ соққан ұсталығымен де көптің есінде қалған.
– Енемнің қызды қатты құрметтейтін қасиетіне тәнтімін. Ашуы шәлі орамал кепкенше, ақкөкірек жан. Біздің шаңырақтағы ер кісілердің мінезі мені қуантады. Үйдің тірлігіне, дастарқанға, ұсақ-түйек дүниелерге араласып, майдаланбайды. Тек қажет қаражатыңды беріп, түздің ісімен айналысқанды жөн санайды. Адам болған соң кейде түсініспеушілік те орын алады. Бірде енем ұрысып, соны жолдасыма айттым. Сонда күйеуім: «Сен осы отбасыға мені жақсы көріп келдің. Менің ата-анам, бауырларыммен тіл табысып, көңілін табуың керек. Маған бұдан былай мұндай сөздерді айтпа», дегенде қатты ұялғаным есімде, – дейді екінші келін Перуза.
Он жылдан астам уақыт бір емес бірнеше келінді бір шаңырақ астында ұстап, отбасы беріктігін сақтай білген қариялар бұның сыры ауызбіршілік пен сабырлылықтың арқасы екенін айтады. Қанша адам болса, сонша мінез бар. Бірнеше уақыт ішінде мен бір шаңырақта қамқор ата, ақылшы ананың тәлімді тәрбиесін көрген бауырмал аға-іні, ақылды абысын, кішіпейіл келін, қылықты қыз бен ұятты ұлдар өсіп келе жатқанына куә болдым.

* * *
Әйтеке би кентінің тұрғындары Қайратбек Ақшатаев пен Бисенкүл Күлбаеваның шаңырақ көтергеніне биыл елу жыл толады. Арал ауданының Қасқақұлан ауылдық кеңесіне қарасты «Тоқпан» учаскесінде дүниеге келген Қайратбек Ақшатаев Қаратерең ауылындағы 10 жылдық мектепті бітірген соң, әскер қатарына алынып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанды. Туған жерге келгесін Тараз қаласында «Газэлектрдәнекерлеуші» мамандығын алды. Осында жүріп, болашақ жары Шу қаласының тұрғыны Бисенкүл Күлбаеваны кезіктірді. 1970 жылы отау құрған екі жас бір жыл Тараз қаласында тұрақтап, тұңғыштары Ербол дүниеге келген соң Қаратереңге қайта оралды.
Қалада өскен небәрі 19 жастағы Бисенкүлге ауыл тірлігіне көндігіп кету қиынға соққаны шындық. Алайда жас келіннің жақсылығын асырып, жамандығын жасыра білген қайынжұрты үнемі қолдау көрсетіп отырды. Енесіне қолғанат бола жүріп, үй шаруасын дөңгелетіп әкеткен Бисенкүл инағашпен су тасып, сыпырық та жақты. Ол өткенді еске алғанда: «Су тапшы кезең еді. Енем мұз, қар таситын. Ауылдан алыс жатқан теңізден инағашпен су тасығаным есімде. Сыпырық, барқын жағатынбыз. Әр нәрсе өз заманында. Қазір шүкір, жағдай әлдеқайда жақсарған», – дейді.
Ербол, Ғалымжан, Айымжан есімді үш ұл, Баян, Айгүл, Гүлнұр атты қыз тәрбиелеп, оларды құтты орнына қондырған қос қария бүгінде жиырма бес немеренің, бір шөберенің ата-әжесі. Қолдағы ұлы Айымжан мен келіні Жақсыгүл ата-анасының жағдайын жасап, айтқандарын екі етпей орындайды. «Екі келінім бес жыл бойы бір шаңырақтың астында тұрды. Бір-бірімен әй-шәйдескенін көрген жоқпын. «Сен өйтпедің, бүйтпедің» деп келінге шүйліккен кезім болмады. Білмегенін айтып, жөн сілтеймін. «Келісіп пішкен тон келте болмас», – деген отанасы келіндеріне риза екендігін жеткізді.
– Қазалыға көшіп келген соң дәнекерлеуші, жүргізуші болып жұмыс істедім. Тоқырау жылдарының кезінде «КамАЗ» автокөлігін сатып алып, жеке жұмысқа шықтым. Денің сау, отбасың аман болып, қара шайды күліп ішкен ең үлкен байлық. Өзара түсіністік пен сыйластық шаңырақтың іргесін нығайтып, одан әрі бекіте түседі. Балаларға ақыл айту, үйрету – үлкеннің міндеті. Оны түсініп, әрі қарай өмірінде қолдану баланың санасы мен пайым-парасатына байланыс­ты. «Қолы қимылдағанның, аузы қимылдайды» еңбек ете біліңдер, «білімді мыңды жығады» оқуға ден қойыңдар деп балаларыма да, немерелеріме де айтып отырамын, – дейді Қайратбек ата.
Отбасы бақыты деген осы емес пе?!

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
04 ақпан 2020 ж. 1 677 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 59

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930