Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мектептегі мұражай

Мектептегі мұражай

Кез келген мекеме-ұйым ғимаратына бас сұқсаң, жетістіктері мен шежірелі ­тарихы туралы толыққанды мәліметті ондағы мұражайдан оңай табуға болады. ­Осындай оқушылардың рухани ой-өрісін­ ­дамыту мен патриоттық, азаматтық ұстанымдарын қалыптастыруға үлкен септігін тигізетін үлгілі жұмыс аудан орталығындағы Жанқожа батыр атын ­иемденген №70 мектепте де бар.

«Мектеп мұражайы жұмысын көрсек деп едік», – деген өтінішімізді естіген білім шаңырағының басшысы Қымбат Сермаханова емен-жарқын қарсы алды.
««Болар істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, оқу ордасының 100 жылдық мерейтойын қарсы алғалы жатқан қарбалас сәтте келдіңіздер. Айтулы датаға байланысты жоспарлы шаралар белгіленіп қойылды», – деп сөз бастаған директор мұражай бөлмесімен таныстырды.
«Біздерде мынандай бар, мынандай бар» деп ауыз толтырып айтуға жеткілікті тарихи құндылықтарды баяндайтын құжаттар мен жәдігерлерді жинау, зерттеу, сақтау ісі жолға қойылғанын көзіміз көрді. Олай болуы заңдылық та, себебі ғасырлық тарихы бар орында осынша уақыт ішінде сан мыңдаған шәкірт білім зердесіне бойлап, туған елінің, жерінің гүлденуіне аянбай атсалысты.
Шағын бөлмеден мектептен тыс өлкетану тарихына қатысты да көптеген қызықты деректерге ұшырастық. Төрге 1997 жылы мектепке аты берілген Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан хандықтарының езгісіне және Ресей отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы, даңқты жерлесіміз Жанқожа Нұрмұхаммедұлының портреті қойылыпты. Халық батыры туралы мағлұматтар мен көркем шығармалар, жорықта жүріп өткен жолы картамен бейнеленген.
«Халық қаһарманы» Роза Бағланова, академик Сұлтан Сүлейменов, профессор Мұстафа Матаев, Сәдуақас Мұстафаев, қылқалам шебері Қайырбай Зәкіров сынды қазақтың атын әлемге әйгілеген даңқты шәкірттер «Мақтаныштар» тақтайшасына топтастырылса, мектептің қысқаша тарихы жазбалар мен фотосуреттер арқылы көркем берілген. Бұл экспозициядан хронологиялық ретпен қойылған, мұрағат деректерімен нақтыланған әр жылдарда басшылық тізгінін ұстаған мектеп директорлары мен орынбасарлары туралы толық мәлімет бар.
Шығармашыл мұғалімдер мен ізденімпаз оқушылардың ғылыми зерттеу нысанына айналған тақырыптары мен үйірме, түрлі сайыстарда қол жеткізген марапаттарының бірқатарын сөреден таптық. Бізді қызықтырғаны, жаңашыл ойлау қабілетіне ие оқушылардың «Болашақтағы смарт мектеп» жобасы болды.
Мұндағы ел шежіресіндей болған сырлы суреттер ойымызға көп нәрсені түйіндетті. Алайда санадан «әттеген-ай» деген ой да қылаң бергенін жасырып қала алмадық.
«Неге мәнді мұражай аядай бөлмеде тұр? Басқа мүмкіндік болмады ма, әлде талап осылай ма?» – деген сауалымызға Қымбат Кемалиқызы былайша жауап берді: «Сөзіңіз орынды. Экспонаттар мен экспозициялардың тиісті орыннан табылмауы келушілердің де қынжылысын тудырады. Музей жасақтау мектепте бұған дейін де қолға алынған. Бірақ бірнеше рет салғырттық салдарынан жәдігерлер мен жиналған дүниелер тарап кеткен. Бір себебі – білім ошағының ескі ғимараты бұзылғанымен ­байланысты. Қазір 1000-ға жуық бала қос ауысыммен оқитын орында оқу кабинеттерінің аздығы қиындық келтіреді. Бұл жайлы тиісті орындарға ұсыныс жолдағанбыз. Алла бұйыртса, келер оқу жылына мектеп үшін қаржы қаралып, қосымша корпус салынатыны туралы ақжолтай хабарды жақында естідік. Аудан әкімі тарапынан қолдау тапса, сол жерден музейге арналған жаңа, кең бөлме тиіп қалар деген ойдамыз», – деді. Ұйым шағын бөлме деп шектелмей, ізденіс жұмыстарын одан әрі арттыруға жүйелі жоспар түзген. Соның бірі – музей құндылықтарының электронды нұсқасы болса, тағы бір жүзеге асып жатқан жұмыс – түлектер базасының жасақталуы. Ал 100 жылдық қарсаңында қолға алынған мақтаулы шәкірттер туралы зерттеу жұмыстарына ұстаздар мен оқушылар ықыласпен кіріскен. Қазір олардың ұрпақтары, туыстарымен берік байланыс түзіліп, мұражайға тұтынған бұйымдарын жинауға бетбұрыс жасалуда.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
01 ақпан 2020 ж. 1 228 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930