Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Атқарылған жұмыс көп, ауқымды істер алда тұр

Атқарылған жұмыс көп, ауқымды істер алда тұр

Өткен жыл аудан экономикасы үшін табысты қорытындыланғанына ешкім дауласа қоймас. Себебі көптен қол жетпей келген жаңа құрылыс нысандары бой көтеріп, бұрын-соңды елде болмаған жаңа жобалар жүзеге асты. Уақыт өткен сайын жасампаздық пен дамуға бой түзеген тұрғындардың жағдайы түзелді. Бос жұмыс орны табылғанын күтіп жатпай, кәсіпкерлікке бет бұрған азаматтар саны күн сайын артып, мемлекет қолдауын сезінді. Осы және бұдан да басқа түрлі саладағы атқарылған істер мен алдағы міндеттер туралы бейсенбі күні аудан әкімі Мұрат Ергешбаев халық алдындағы есепті кездесуінде баяндады.

Жалпы аудан бюджетінің 70 проценті білім мен әлеуметтік салаға бағытталғаны белгілі. Соның есебінен қазіргі таңда апатты жағдайда тұрған мектеп жоқ. Сол сияқты көпбалалы аналар атаулы әлеуметтік көмекке ілігіп, ай сайын белгіленген мөлшерде тұрақты түрде жәрдемақы алып отыр.
Аудан басшысы жергілікті бюджетті ұлғайту үшін жаппай кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлініп келгенін айтты. Сәйкесінше өткен жыл ішінде өнеркәсіп орындары жоғары өнім өндірген. Қазіргі таңда Қазалыда тіркелген 4494 кәсіпкерлік субъектісі 8 мыңға жуық тұрғынды жұмыспен қамтып, аудан әлеуетін арттыруға үлес қосып келеді. Жыл көлемінде тағы 1016 кәсіпкер тіркеліп, істерін бастаған. Олардың басым бөлігі арнайы оқыту курсынан өтті. Мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржыландыру мәселесіне де баса назар аударылған. Соның нәтижесінде 506 адамға 2 362 миллион теңге көлемінде қолдау көрсетілді.
Бизнеспен айналысатындардың көбеюі ауданда жаңа ғимараттардың бой көтеруіне әкелетіні анық. 2019 жылы 18 жаңа кәсіпкерлік нысаны пайдалануға берілген. Әкім бастаған команда ағымдағы жылы бұл көрсеткішті 20-ға жеткізуді көздеп отыр. Өйткені осындай сауда орындарындағы бөлшек сауда айналымы 7,5 миллиард теңгені құраған.
Ауыл шаруашылығы саласында да бірқатар жұмыс атқарылды. Мол өнім алу үшін шаруашылық алқаптарына каналдар жүргізіліп, егін егу ісі жанданды. Оны суару мәселесі де шешілген. Сол сияқты мал санында да өткен жылға қарағанда айтарлықтай өсім бар. Төрт түліктің күтіп-баптауы келіскендіктен шет елдерден түскен сұраныс есебінен өткен жылы Өзбекстан мемлекетіне 250, Иранға 56 мүйізді ірі қара малы экспортталды. Соған сәйкес мал басын асылдандыру мақсатында өзге елдерден 580 мүйізді ірі қара сатып алынған. Олардың барлығына ветеринарлы-профилактикалық шаралар уақытылы жүргізу бақылауда.
Мұрат Нәлхожаұлы аудандық инженерлік-инфроқұрылымды дамыту жағдайын да ­басты назарда ұстап отырғанын жеткізді. Жыл өткен сайын жер кезегінде тұрған тұрғындар саны өсіп келе жатқандықтан бұл істі кейінге шегеруге болмайды. Бұл мәселе төңірегінде атқарылған кешенді жұмыстар нәтижесінде былтыр 347 адам жер учаскелерін иеленді. Қала мен кентті біріктіру мақсатында аралықтағы тұрғызылған үйлер қатары артып, су мен газ желісін жүргізу үшін қомақты қаржы бөлінді. Аталған жоба аяқталған тұста екі аралықтан тұрғын үй салу үшін 1500 адамға жер телімдері табысталады. Балабақша, емхана, мектеп сияқты мекемелер құрылысын бастап, кент пен қаланы қосу арқылы 50 мың халқы бар шаһарға айналдыру жоспарланған.
Бұдан бөлек аудан басшысы өткен жылы облыс бойынша тіректі және тіректі емес елді мекендер арасында ұйымдастырылған «Үлгілі ауыл» конкурсында ынталандыру сыйлығына ие болған Өркендеу және Қарашеңгел ауылдық округтерін абаттандыру жұмысына облыстық бюджеттен 4 миллион теңге бөлінгенін тілге тиек етті. Сонымен бірге халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету де күн тәртібінен түспегенін, өткен жылы Ү.Түктібаев ауылы мен “Жалпақ” елді мекені сервистік желіге қосылғанын айтты. Ендігі кезекте таза су желісі тартылмаған Жанқожа батыр, Майдакөл және Бекарыстан би ауылдары тұрғанын, қаржыландыру үшін бюджеттік өтінім тапсырылғанын мәлім етті.
Тиісті сала мамандары ауқымды істер атқарған елді мекендер арасында Ақтан батыр ауылы да бар. Былтыр мұнда 200 орындық стадион пайдалануға берілді. Сондай-ақ Бозкөл, Бірлік ауылдарына орталық саябақтар салынып, Шәкенде жасыл белдеу жасалды. Сарбұлақ ауылының кіреберісіне жаңадан паспорт орналастырылып, демалыс алаңы салынған.
Аудан әкімі ғасыр құрылысына айналған «Әлсейіт» көпірін де ұмыт қалдырмады. Сырдария өзенінің арғы бетінде қоныстанған тұрғындарға аса қажетті, көптен шешімін таппай жүрген көпірдің пайдалануға берілуі үлкен жетістік. Қазалы мен Аралдың 15 мыңға жуық халқының аудан орталығымен қатынасы реттелді. Алдағы уақытта «Қарлаң» учаскесіне темір-бетон көпірін салу үшін техникалық-экономикалық негіздемелер даярланып, сараптамадан өткізу ісі мәресіне жеткен. Осы тұста Қазалы қаласы мен Әлсейіт өткеліне, одан әрі Кәукей ауылына дейінгі жол жөнделіп жатқанын айта кеткен жөн.
Соңғы үш жыл ішінде алыс -жақын ауылдық округтерге апаратын жол жағдайы біршама жақсарғаны белгілі. Оны сол жолмен ауданға қатынайтын ауыл тұрғындары жақсы біледі. Қазалы қаласынан бастап Қожабақы ауылына дейінгі, Басықара ауылынан Абай ауылына жеткізетін жол орташа жөндеуден өткізілді. Қожабақы ауылынан Түктібаев ауылына дейінгі жол да назардан тыс қалмады. Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаев атындағы ауылдың 7, Қашақбай Пірімов ауылының 3 және Ақсуат ауылының 1 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жасалды. Ал Әйтеке би кенті аумағындағы 6 көше орташа жөндеуден өтсе, 12 көшеге ағымдағы жөндеу жүргізіліп, тағы 4-еуіне қиыршық тас төселді.
Қазіргі таңда елде баспанаға мұқтаждық жиі көтеріліп жүргені жасырын емес. Аудан бойынша 1000-нан аса адам кезекке тізіліп, осы сұраныс төңірегінде біршама игі істер атқарылып жатқаны рас. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Әйтеке би кентінің 5 квартал аумағынан 18 пәтерлік 6 жалдамалы көп қабатты тұрғын үй салынған. Сонымен бірге баспанасыз тұрғындардың мәселесін шешудің жаңа амалы үйлестіріліп, босаған көне мекеме ғимараттарын бұзбай, жатақхана ретінде беру жолға қойылды. 2019 жылы аудандық бюджеттен қаржы қаралып, Әйтеке би кентінде орналасқан №204 мектептің көне 5 қабатты ғимараты пәтерге бейімделіп, оған тұрғын үйге мұқтаж 39 отбасы орналастырылды. Бұған дейін тиісті органдар аудандық аурухананың көне ғимаратын жөндеп, 42 отбасын жайғастырған еді.
Аталған істер ауқымды болса да баспана мәселесі толығымен шешілу үшін жаңа жобалар жүзеге асуы керектігі айтпаса да түсінікті. Сол себепті аудан әкімі халық алдындағы есепті кездесуінде кент пен қала аралығынан жақында 2 қабатты 12 тұрғын үй құрылысы басталатынын қуанышпен хабарлады. Қазіргі таңда бұл үшін құжаттар әзірленіп, республикалық бюджетке қаржыландыруға ұсынылған. Сонымен бірге кенттің 5 квартал аумағынан 1 қабатты 4 пәтерлі 10 жалдамалы тұрғын үй салу жобасын әзірлеуге аудандық бюджеттен қаржы бөлініп қойылған. Осы сәтте оның жобасы әзірленіп жатқан көрінеді.
Өткен жылы бюджеттен 245 миллион теңге қаржы қаралып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы шеңберінде 67 маман тұрғын үй сатып алған. Бұл қазалылық өрендердің ауылға келіп, алаңсыз еңбек етуіне мол мүмкіндік тудырып отыр. Биыл да осы бағдарламаға сәйкес 330 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржы қазіргі таңда кезекте тұрған 95 жас маманның 83-ін баспаналы етуге жұмсалмақ.
Аудандағы медицина саласында да алға ілгерілеушілік байқалады. 2019 жылдың наурыз айынан бастап мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде республиканың ешбір ауданында болмаған «Ангиограф» медициналық аппараты іске қосылды. Бұл артықшылық Қазалы, Арал, Қармақшы тұрғындарының денсаулық сапасын арттыруға үлесін қосуда. Аппаратты басқару үшін тиісті мамандар оқытылып, облыстық медицина орталығынан тәжірибеден өтті. Қазірдің өзінде заманауи аппарат іске қосылғалы бері жүзге жуық адамға ота жасалды.
Бұдан кейін аудан басшысы өзге де салалар бойынша қолға алынған істер туралы сөз қозғады. Осы және өзге де атқарылған жұмыстар жайын қысқаша баяндап, аудан көлемінде жасалауы тиіс шаруалардың мұнымен толық аяқталмайтынын мәлімдеді. Ағымдағы жылы күрмеуі қиын істер жоспарға алынып, тиісті бөлімдерге тапсырма берілгенін ашып айтты. Бұдан соң тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Бекарыстанбилік еңбек ардагері Кітабия Құрманбай “Әлсейіт” көпірі пайдалануға берілгеніне Қазалы халқы атынан алғысын білдірді. Оның айтуынша, ауданға Мұрат Нәлхожаұлы әкім болып келіп, нақты шаралар жасалғаннан кейін ғана құрылыс өз мәресіне жеткен. Аудан басшысы бұған өзі де шын қуанатынын, тіпті келешек немересіне Әлсейіт есімін бергісі келетіні туралы әзіл-шыны аралас ойын білдірді.
Бұдан бөлек аудандағы медицина саласында орын алған келеңсіз оқиғалар қозғалды. Бұл мәселе бойынша аудандық полиция бөлімінің бастығы Сәбитбек Арынов жауап беріп, сараптама нәтижесін күтіп отырғандарын жеткізді. Осы сарындағы жеке мәселелер бойынша шағымданған тұрғындарды аудан әкімі есепті кездесуден кейін жеке қабылдады. Ал медицина саласының ардагері Әсия Ізтілеуова Бозкөл мен Кәукей ауылдарына дәрігерлік амбулатория салу туралы ұсынысын айтты. Бұл сұрақ бойынша Мұрат Нәлхожаұлы мемлекеттік сатып алу конкурсын күтіп отырғандарын баяндады. Одан кейін бұл іске қызығушылық танытқан жергілікті кәсіпкерлермен келісіп, мемлекеттік жекеменшік келісім аясында амбулатория құрылысы басталмақ. Аудан басшысы әлеуметтік нысандардың құрылыс көлемін арттыруға күш салатынын, ұсыныстың орындалатынын жеткізді.
Сондай-ақ жаңа жалдамалы көпқабатты үйге ие болған тұрғындар сөз алып, көпбалалы ана, мүмкіндігі шектеулі жандар мен ата-ана қамқорлығынан ерте айырылған азаматтарды ­баспанамен қамтуға мұрындық болған аудан басшысына шынайы ризашылықтарын жеткізді. Бірнеше ақсақал көпшілік атынан әкімнің жылдық жұмысына оң бағасын берді. Алдағы уақытта да ауқымды жобаларды іске қосуға еңбек ететіндеріне сенім білдіріп, мақсаттарына сәттілік тіледі.
Халықты аудан дамуына белсене атсалысуға шақырған Мұрат Ергешбаев сөз кезегін облыс әкімінің орынбасары Мұрат Имандосовқа берді. Ол жақында жыл қорытындысы бойынша өткен Үкімет отырысы жайында әңгімеледі.
– Премьер-министр Асқар Мамин Сыр өңірін экономикалық дамудың 7 көрсеткіші бойынша үздік облыстар қатарына қосты. Бұған қазалылықтардың да қосқан үлесі зор. Облыс бойынша негізгі макроэкономиканың 6 көрсеткіші бойынша бұл ауданнан оң тенденция байқалып отыр. Мәселен, үй беру бойынша аймақ аудандары арасында 30 процентке жуық өсім алған Қазалы көш бастап тұр. Басқа да салалар бойынша даму бағыты мақтауға лайық. Мұны қазалылықтардың еңбексүйгіштігі мен туған жерге деген жанашырлығының көрінісі деп білемін, – деді Мұрат Самұратұлы.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
01 ақпан 2020 ж. 520 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 43

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930