Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Абай-175: Абайды оқудың он себебі

Абай-175: Абайды оқудың он себебі

Әр қазақ Абайды оқуы керек. Бұл жаттанды болса да рас сөз. Ал, не үшін оқу керек? "Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе" деді Сұлтанмахмұд Торайғыров. Абайды әр оқыған сайын өзің үшін жаңалық ашасың, оқыған сайын түсінгендей боласың, парақтаған сайын дүниетанымың кеңейгендей күй кешесің. Өзіңді кінәлайсың, тіпті жек көресің. Дәл осы сөзді Абайды оқитындар жиі айтады.

Жалпы Абай ойлыға да, ойсызға да бірдей жұмбақ жан. Онысын өзі "Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла" деп ескертіп кетті. Тереңдігі бойлатпайды, биіктігі жеткізбейді. Арада ғасырдан астам уақыт өтсе де, әр сөзі бүгінгі қоғамға, бүгінгі қазаққа арналып айтылғандай әсер етеді. Негізі Абайды оқудың мыңдаған себебін айтуға болатын шығар. Біз соның шамамыз жеткенше он себебін тізіп шыққан болдық. Ал, не үшін оқу керектігіне хакім өзі жауап береді.
Әуелі, өз-өзіңді тану үшін
Үш-ақ нәрсе - адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.
Немесе:
Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың? (Абайдың он бесінші қара сөзінен үзінді)
Екінші, қазақты тану үшін
Осы мен өзім – қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді. Уә әрнешік бойларынан адам жақсы көрерлік, көңілге тиянақ қыларлық бір нәрсе тапсам керек еді. Соны не үміт үзбестікке, не онысы болмаса, мұнысы бар ғой деп, көңілге қуат қылуға жаратсам керек еді, ондайым жоқ. Егер жек көрсем, сөйлеспесем, мәжілістес, сырлас, кеңестес болмасам керек еді, тобына бармай, "не қылды, не болды?" демей жату керек еді, ол мүмкін болмаса, бұлардың ортасынан көшіп кету керек еді. Бұларды жөндеймін деуге, жөнделер, үйренер деген үмітім де жоқ. Бұлардың бірі де жоқ. Бұл қалай? Бұл айтқанның бірін тұтпай болмас еді. (Абайдың тоғызыншы қара сөзінен үзінді)
Үшінші, нәпсіңді тәрбиелеу үшін
Мен боламын демеңдер,
Аяқты алшаң басқанға.
Екі көзің алақтап,
Құр қарайсың аспанға.
Бір ғылымнан басқаның,
Бәрі де кесел асқанға.
Өйткен адам жолығар
Кешікпей-ақ, тосқанға.
 
Төртінші, бай болу үшін
Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады. (Абайдың отыз сегізінші қара сөзінен үзінді)
Немесе:
Адам бол – мал тап.
Бесінші, сабырға келу үшін
Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.
Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,
Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме.
 
Алтыншы, мінезіңді түзеу үшін
...ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын! Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып үйреніп те пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың? Қылам дегенін қыларлық, тұрам дегенінде тұрарлық мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын! Бұл беріктік бір ақыл, ар үшін болсын! (Абайдың отыз екінші қара сөзінен үзінді)
Жетінші, иманыңды күшейтіп, дінде адаспас үшін
Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз қол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі хаққа жол емес.
   Немесе:
Күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайды, ықыласыменен өзін-өзі аңдып, шын діни шыншылдап жаны ашып тұрмаса, салғырттың иманы бар деп болмайды. (Абайдың отыз екінші қара сөзінен үзінді)
Немесе:
Иман деген – Алла табарака уа тағаланың шәриксиз, ғайыпсыз бірлігіне, барлығына уа әр түрлі бізге пайғамбарымыз саллалаһу ғалайһи уәссәлләм арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын ұсынып, инанмақ. (Абайдың он үшінші қара сөзі)
Сегізінші, надандықтан безіну үшін
...надан ел қуанбас нәрсеге қуанады һәм және қуанғанда не айтып, не қойғанын, не қылғанын өзі білмей, есі шығып, бір түрлі мастыққа кез болып кетеді. Һәм ұялғандары ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды. Мұның бәрі – надандық, ақымақтықтың әсері. (Абайдың жиырма алтыншы қара сөзінен үзінді)
Тоғызыншы, талпыну үшін
Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйқтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, "ол немене?", "бұл немене?" деп, "ол неге үйтеді?" деп, "бұл неге бүйтеді?" деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген. (Абайдың жетінші қара сөзінен үзінді)
Оныншы, кемел адам болу үшін
Адамшылықтың алды – махаббат, ғадаләт, сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан тәңірінің ісі. Айғыр биеге ие болмақта да махаббат пен сезім бар. Бұл ғадаләт, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі – ғалым, сол – ғақил. Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп. (Абайдың қырық бесінші қара сөзінен үзінді)
29 қаңтар 2020 ж. 1 416 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 52

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930