Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жағдай қайталанар болса, ойланбастан сол қадамға барамын

Жағдай қайталанар болса, ойланбастан сол қадамға барамын

08.08.08 жыл. Бұл күн тарих қойнауында көпшілік асыға күткен жазғы олимпиада ойындарының басталуымен бірге, тағы бір ерекше оқиғаның орын алуымен есте қалды. Оңтүстік Осетия жеріне Грузия әскері шабуылдағанда, жауға жалғыз қалқан болған ресейлік әскери жайында шетелдік журналистер жарыса жазды. Өкініштісі, таңданыс тудырған бұл азамат туралы ақиқат арада он бір жыл өткен соң ғана анықталды. Ол Ресейде тұратын қазақ ұлтының өкілі Тасболат Абатұлы Ибрашев болатын. Аты аңызға айналған адам, халықаралық қарулы қақтығысқа қасқайып қарсы тұрған қандасымыз қазір қайда жүр? Қандай күй кешуде? Бұл сұрақтарға онымен сұхбаттасқан газет тілшісі жауап алды.

– Сәлеметсіз бе, аға! Әлем жұрты назарын аударған жауынгер жайлы естігенімізбен, Сіз туралы мағлұматқа қанығып, өзіңізді табу оңайға соқпады. Көп жыл дау болған сол бір жауапты сынның кейіпкері өзіңіз екенін аузыңыздан естісек...
– 2008 жылы грузин әскерінің Оңтүстік Осетияға басып кіргенінен барлығыңыз хабардарсыздар. Ол кезде Шешенстанда келісімшарт негізінде борышымды өтеп жүрген әскери қызметкер болатынмын. Жұртшылық жақсы білетін жағдай, расында, жос­парлы түрде жасалған жоқ. Біздің 70 мотоатқыштар полкі де 8 тамызда бейбіт халыққа көмек көрсету мақсатында соғыс оты тұтанған орынға жеткізілді. Бұл оқиға сол тұста орын алды.

– Еуропалық басылымдар Сіз туралы «Соғысқа 300 спарталықтың қажеті жоқ, бір ғана Ресей сарбазы болса жеткілікті» деген жағымды пікір қалдырған отты оқиға қалай өрбіген еді?
– Алдымен шекара арқылы Цхивал қаласына жеткенде ауыр жағдайға куә болдық. Есту, әңгімелеу бір басқа да, көзбен көру адамды үлкен әсерде қалдырады екен. Әлі күнге дейін ол сәт ойыма оралса, кеудемді үлкен күрсініс басады. Басталғанына санаулы уақыт өткеніне қарамай, барлық үйлер қираған. Жау жағы әскерилерді ғана емес, жас па, жасамыс па, әйел ме, бала ма, ажыратып қарамай, аяусыз қырып, қатал ұрысқа кірісіпті. Мұндайда аянып қалу мүмкін емес еді.
Жеткізілгенімізге көп уақыт өтпей, Ю.В.Штанденко есімді полковник келіп, біздің полктен бір пулеметші, пулеметші көмекшісі және атқыш жауынгер керектігін айтты. Үшеуміз грузин әскерінің жолымен белгіленген орынға келдік. Полковник қарсылас тараппен келісім жасауға кетіп бара жатқанын жедел жеткізіп, бізге аталмыш аумақты қорғауға бұйрық берді. Менің алдыңғы шепте тұруым – заңдылық. Өйткені ол жердегі жалғыз пулеметші болатынмын. Ал жанымдағы жауынгерлер ұзақта болатын. Әлде бір уақытта 3-4 ауыр соғыс техникасымен 40-50-дей грузиндік солдат түсіп, жолдарынан кетуімді талап етті. Мен «Шешінген судан тайынбас» деп соңына дейін барлығына дайын болуға бекініп, қаруымды оқтап тұрдым. Арада 40-45 минут өткенде, жау жағы кері шегінді. Артынша бізге көмекке қосымша күш келді. Бірақ бұл уақытта қарсы топ кетіп қалған болатын.

– Ажалмен бетпе-бет келгенде бойыңызды үрей билемеді ме?
– Бәрін қалыпты жағдай деп қабылдадым, ондай ойымда болмады десем, жалған айтқандық. Әрине, оқ пен оттың ортасында тұрып «Жақындарыммен енді қайта қауыша аламын ба?» деген үрей санамда қылаң берді. Алайда өз мүддемнен соңымда тұрған бейбітсүйгіш халықтың жайын жоғары қойып, намысымды одан әрі қайрай түстім. Себебі бір сәтке босауыма болмайтын еді.

– Айқас алаңында болған тілшілердің бірі сізге неге нысанада жалғыз тұрғаныңыз туралы сұрақ қойған екен...
– Бұл орында бірнеше бұқаралық ақпарат құралының тобы болды. Оқиға аяқталаған соң араларындағы орыс тілін білетін бір журналист жақын келіп, неге жалқы тұрғаным жайында сұрады. Мен: «Бұл – бұйрық. Бұйрықты бұлжытпай орындау – азаматтық парыз. Менің орнымда кім болса да солай етеді», – деп жауап бердім.

– Бұл ерлік тайға таңба басқандай таспаланса да, шындықтың бұрмаланып, оның буряттық азаматқа телінуінің сыры неде?
– Оған себеп – журналистердің жалған, жалаң ақпараты деп ойлаймын. Әлгінде айтқанымдай, менімен сөйлескен тілшілік топтың өкілі аты-жөнімді сұрамады. Мәселенің ақ-қарасын ажыратуға олардың мүмкіндіктері де, уақыттары да бар еді. Менің бейнеммен дайындалған сюжет астына аты-жөнімді Бато Дашидоржиев деп жазған.

– Езуіңізге күлкі үйірілгеніне қарағанда есіңізге әлдене түскен сияқты...
– Түсті. Айтудың өзі күлкілі. Бірде «Одноклассники» желісінде бейнесюжеттің соңына біреу: «Мәңгі жүрегіміздесің» деген сынды қимастықпен тебіреніске толы пікір қалдырыпты. Мені әлгі Бато есімді азамат деп ойласа керек. Оқып: «Неге олай жазасың, мен әлі араларыңдамын», – деген жазба қалдырғаннан соң: «Неге ерлікпен қаза тапқан адам туралы олай қалжыңдайсың?», «Біреудің атын жамылуға ұялмайсың ба?» деген сынды түрлі жауаптар қарша борады. «Мейлі, солай ойласаңдар еріктерің», – деп жылы жауып қоя салдым.

– Тасболат Ибрашев туралы тақырып қаузалғанда депутат Алдар Дамдиновтың аты айтылады. Ол кісімен қандай байланысыңыз бар?
– Ешқандай туыстық байланыста емеспіз. Бірақ қазір жақын қарым-қатынаста тілектес жандарға айналып үлгердік. Ол буряттардан шыққан Ресей мемлекеттік думасының депутаты. Әр іске бір нәрсе себепкер болатындай, шындықтың ашылуына бұл азаматтың қосқан үлесі зор. Алдар Валерийұлы бейнесюжетті көрген соң, өз ұлтынан шыққан Бато туралы іздеу жұмыстарын бастап кетеді. Іздеген адамын біздің әскери полктен таба алмаған. Тіпті ротада бірде-бір бурят ұлтының өкілі парызын өтемегеніне көз жеткісе де, бастаған ісін аяқсыз қалдырмай, мені тауып алып, соңына дейін кірісуге бекінген.
Дамдинов ұялы телефоныма өткен жылы хабарласты. Мен де еңбек демалысында едім. Мән-жайды толық түсіндірдім. Әлгі шепте бірге болған екі жауынгер досым бар. Солардың бірі армиян ұлтының өкілі, жақсы жігіт. Әлі араласып тұрамыз. Екіншісі қазақ еді. Оны әлі көрген жоқпын. Сол армиян әлеуметтік желідегін жазбадан соң бұл жайды дәлелдей алатынын айтып жүрген болатын. Алдар Валерийұлы оны куә етіп, құжаттарды қалпына келтіруге кірісті. Бұдан басқа да біршама тыңғылықты тірліктер атқарды. Пресс-конференция ұйымдастырып, халыққа мені жан-жақты таныстыруға бастамашы болды.

– Аталмыш азамат өзінің жеке парақшасында: «Бұл тарихқа әлі нүкте қойылған жоқ» деген жолдарды қалдырған болатын. Мұның бір сыры – сіздің дұрыс бағаланбауыңызға қатысты екенін бағамдау қиын емес. Ерлігіңіз лайықты ескерілді деп ойлайсыз ба?
– Білесіз бе, үнемі айтып жүремін. Мен өзім істеген істі ерлікке баламаймын. Әрбір ер адам атқаруға тиіс, міндетті парызға санаймын. Он бір жыл бұрын албырт жас болғаным рас. Қазіргідей өмір туралы терең ойламайтын шығармын. Кейде «осы расымен өзім бе?» деген ойда қаламын. Бірақ ер адам болса ештеңе емес, аналар мен бүлдіршіндердің жазықсыз жазалануына ешқашан жол бермеймін. Егер жағдай қайталанар болса, ойланбастан сол қадамға барар едім.
Қоржынымда Шешенстан операцияларына қатысқаным үшін, Кавказды азат етуде алған бірнеше наградам бар. Командирім Осетиядағы жағдайдан кейін Суворов орденіне ұсынған болатын, бірақ біздің полк тарап кетуіне байланысты ол маған жеткен жоқ.
Оңтүстік Осетия Президенті омырауыма «Әлем құтқарушысы» деген медаль тақты. Ресейдің Қорғаныс министрі «Ресей батыры» медаліне сұраныс беріп қойды. Егер Федерация Президенті тарапынан қолдау тапса, онымен табысар күн де алыс емес. Бірақ бұлардың барлығынан халықтың берген бағасы құнды.
Өткен жылы жауынгерлік жолыммен жүріп, Осетияға барғанымда ол жердің қалай қалпына келітіріліп, гүлденгенін көріп, жанарыма жас үйірілді. Қарулас достарыма қойылған белгіге барып, рухтарына тағзым еттім. Сол кездегі тебіренгенімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жергілікті тұрғындардың алғаусыз алғысынан адамзат үшін бір игілікті іске жарағаныма қуандым. Қайтар жолда шекарадан өткенде де кеденшілер төлқұжатымнан аты-жөнімді оқып, өздеріне таныстығын айтты. Мен айтқан адамы екенімді жеткізгенімде, құшақтарын ашып: «Отанымызды грузин армиясынан құтқарып қалған саған қарыздармыз», – деп құрмет көрсетті.
Бірде ұшақ ішінде бір әйел танып: «Еркексің!» – деп арқамнан қаққаны бар. Тіпті оқиғаның ақ-қарасы анықталғаннан кейін бірге жұмыс істейтін әріптестерімнің көзқарасы мен ықыласы арта түсті. Осылайша аз уақытта бірнеше ұлттың ұлы болып үлгердім.

– Сіздің батылдығыңызға алғашқы болып қуанғандардың бірі – бауырластарыңыз – қазақстандықтар. Олар туралы қандай пікірдесіз?
– Рас айтасыз. Маған жақындық танытып, тілектерін жеткізген қазақ туыстарым мен қазақстандықтар көп болды. Бірақ ол жақтан ең алғаш рет хабарласқан журналист өзіңіз болып отырсыз.
Қазақстан – менің төл Отаным, туған жерім. Маған тағдыр осынау елдің Атырау облысы, Аққыстақ ауылында дүниеге келу бақытын бұйырғанымен, отбасылық жағдайларға байланысты Ресейдің Астрахань өлкесінде өсуді жазыпты. Небәрі екі жасымда туған топырағымнан жырақтасам да, ондағы жақсы жаңалықтар жанымды жадыратып, көңілімді алаңдатады. Жақында президент ауысты. Басқа да жаңалықтарға ғаламор арқылы қанығып отырамын.
Менің онда туыстарым бар. Атыраулық кәсіпкер, спортшы жігіттер демеушілік жасап, арнайы көлік жіберіп, өздерінде қонақ болуды қолқалады. Мен де қуана қабылдадым. Алла жазса, жақында жол тартамын деп отырмын. Сондай-ақ Мәскеуде танысқан қарағандылық кәсіпкер бауырым да меймандос көңіл танытып отыр. Жол түссе, ол жақ арқылы ел астанасы Нұр-Сұлтанды көріп қайтуды мақсат тұтып отырмын. Сол кезде Сіздің әріптестеріңізбен кездесу өткізу ойымда бар.

– Бір кезде әлем чаттарын шулатқан жауынгердің қазіргі жағдайы қалай?
– Аллаға шүкір,жаман емес. 2010 жылы келісімшарт мерзімі аяқталып, Астраханьға қайтып келіп, жұмысқа орналастым. Қазір қатардағы өзге адамдар сияқты қарапайым күй кешіп жатқан жағдайым бар. Жарым екеуіміз екі перзент тәрбиелеп отырмыз. Анам, бауырларым, отбасым Астрахань облысында тұрып жатыр. Өзімнің Мәскеу қаласы маңындағы «Магнитка» деген кәсіпорынға жұмыс ауыстырғаныма көп болған жоқ.

– Уақыт бөліп, әсерлі әңгіме өрбіткеніңіз үшін алғысымыз шексіз. Аман болыңыз!
– Сіздерге де рахмет! Қазақ еліне менің жалынды сәлемімді жеткізіңіздер.
Әңгімелескен
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА


14 қаңтар 2020 ж. 1 144 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 100

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930