«Бастау Бизнес» берекені арттырады
Елбасы биылғы дәстүрлі Жолдауында «Адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек», – деп басымдық берді. Бұл мәселе әрине нәтижесін беруде. Былтыр елімізде басталған «Бастау Бизнес» жобасы Қызылорда облысында пилоттық режимде 5 ауданда: Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандарында өткен болатын. Өткен жылы 937 ауыл азаматы оқытылып, 358 азаматтың жобасы қаржыландырылды. Соның ішінде Қазалы ауданының азаматтары 89 жобаға қаржы алды.
«2017 жылдың кәсіпкерлік саласындағы үздік жобасы ретінде «Нәтижелі жұмыспен қамту 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясындағы «Бастау Бизнес» жобасын айтуға болады. Жоба біздің азаматтарымызды жаппай кәсіпкерлікке тартуға айтарлықтай сеп болды. Ерекшелігі – кәсіпке икемі бар азаматтарды тест арқылы іріктеп алып, 1 ай оқыттық, содан кейін бизнес-тренерлерімен бірге бизнес-жоспарлары әзірленді. Дайын жобаларды жергілікті және облыстық комиссия алдында қорғап, сертификаттарын алады. Әрі қарай бұл жобалар қаржыландыру үшін қаржы институттарына жолданады. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша жобаларды қаржы институттары: «Қызылорда» инвестициялық орталығы мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Қызылорда облыстық филиалы қаржыландырды», – дейді Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.
Биыл да бұл жоба өңірде жалғасатын болды. Жоспар бойынша жобаға жоғарыда аталған 5 ауданнан өзге Жалағаш және Сырдария ауданының тұрғындары да қатыса алады. Кәсіпкерлер палатасы жыл ішінде 1600-ден астам қызылордалықты оқытуды көздеп отыр.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат.