Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегімен елге сыйлы

Еңбегімен елге сыйлы

Жақында кіндік кескен туған жерде болғанымда ауыл тұрғындарының бірі: «Ересектерден гөрі балалар денсаулығын сақтаудың ауыртпашылығы зіл батпан. Осы салада ерінбей еңбек етіп жүрген ауыл фельдшері Қуаныш ағай туралы неге жазбайсыздар?» деген базынасын білдірді. Жақсы лебіз көңілге жылы шуақ ұялатып, жүрек төрінде сақталған шәкірттік шақтың бал күндері көз алдыма оралды.

Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезіміз. Таңертеңмен Қуаныш, Абылай және Төрехан үшеуі қаздай тізіліп, жолшыбай біздің үйге соғады. Топталып ауыл орталығындағы мектепке қарай бет аламыз. Сабақтан да жұбымыз жазылмастан тай-құлындай тебісіп бірге қайтамыз.
Сол жылдары аудан орталығына күн сайын жолаушылар таситын «АН–2» самолеті үздіксіз қатынайтын. Айналаны құлақ тұндырар гүрілге бөлеп, ауылдың дәл орта тұсындағы көлтабандағы алаңқайға қанатын «қомдап», қонуға ыңғайланып келе жатқан ұшақты қол ұшымен көрсеткен Қуаныштың кейде: «Сендер білесіңдер ме? Мен де ертең өскенде анау ағалар сияқты ұшқыш боламын»,– деп кеудесін мақтаныш сезімі билейді. Біз тұс-тұстан жабырлап: «Сонда самолетіңе ақысыз отырғызатын шығарсың, ә?» – дейміз жалынышты кейіппен. «Әрине сендерді мінгізбегенде қайтемін», – дейді ол біздің көңілімізді аулаған болып.
Мұның бәрі де балалық қиялдан туған арман екен. Жоғарғы сыныптарға келіп, оң-солымызды тани бастаған мезгілде оның бүйрегі басқа салаға бұра бастады.

Бірде әдебиет пәнінен сабақ беретін марқұм Бақыткүл апай: «Балалар, ертең «Менің сүйікті мамандығым» деген тақырыпта шығарма жазып келіңдер», – деп тапсырма берді. Мен сабақтан шыққан соң Қуанышқа: «Сен шығармаңды не жөнінде жазғалы жатырсың? Мүмкін ұшқыш болатыныңды айтатын шығарсың», – дедім сыр тартып. Сәл-пәл ойланып қалған құрдасым: «Соңғы кездері ұшқыштықты ұнатыңқырамай жүрмін»,– деді. «Енді кім болғың келеді?» – деймін мен. «Адамдардың басы ауырып, балтыры сыздағанда қол ұшын беріп, ем-домын жасайтын дәрігерлікті меңгергім келеді»,– дейді ол салмақты жауап қатып.

Шынымен сол жолы әдебиеттен жазған шығармасында дәрігерлік мамандықты қалайтынын айтып, мектепте өткізілген мамандық таңдау кешінде «Дәрігер боламын» деп сөз сөйледі.
Тізгін бермес уақыт алға жылжып, 1974 жылдың жадыраған жаз айында білім шаңырағы – мектебімізбен қимай қоштастық. «Тарыдай болып келіп, таудай болып шыққан» әрқайсысымыз қолымызға кәмелеттік аттестат алдық. Ыстық ұядан түлеп ұшқан сарыауыз балапандай біздің бәріміздің алдымызда сан тарау өмір жолы тұрды. Қайсысына түсеміз өз еркімізде.

Біразымыз арман қанатына мініп, жоғары оқу орнына аттандық. Қуаныш та ауыл орталығындағы Ү.Түктібаев атындағы №24 орта мектепті бітірісімен Алматы қаласындағы мемлекеттік медицина институтына үкілі үмітті жанына серік етіп, құжаттарын тапсырды. Ерте тұрып, кеш жатып емтихан сынақтарына ұқыпты дайындалуға күш салды.
Алайда сәтсіздік дегенді қойсаңшы! Қаншама күн көз майын тауысып, шаршап-шалдығып кітап ақтарғанымен дәрігерлік институттың студенттері қатарына іліге алмады. Мемлекеттік емтиханның соңғы сынағынан сүрінді.

Алып ұшқан көңілі су сепкендей басылып, өскен ортаға қайтып оралған бозбала екі қалтасына қолын салып, босқа уақыт өткізбеді. Көп ұзамай құрылысшылар бригадасына жұмысқа тұрып, туған жер экономикасының өсіп өркендеуіне үлес қосуға ынта-ықыласымен кірісті. Өндіріс саласында еңбек ете жүріп, емтихан сабақтарына дайындалуды естен шығармады. Сөйтіп келер жылы Қызылорда қаласындағы медициналық училищенің фельдшерлер даярлайтын бөліміне оқуға барды. Жолы болып студент атанды.
1978 жылдың наурыз айында медициналық училищені ойдағыдай бітірген Қуаныш фельдшер мамандығымен Майдакөл ауылындағы фельдшерлік пункт меңгерушілігін атқарды. Көп ұзамай Бекарыстан би ауылындағы селолық-учаскелік ауруханасына өз мамандығы бойынша қызметке орналасты.

Бұл күндері Бекарыстан би ауылындағы селолық-учаскелік аурухананың балалар бөлімінің фельдшері Қуаныш Рысбай ұжымдағы байырғы медицина қызметкерлері қатарында. Өміріміздің келешегі сәбилер денсаулығын сақтауға сүбелі үлес қосып жүрген оған ауылдағы барлық аналардың айтар алғысы шексіз. Олармен тілдесе қалсаң «Сәбилер денсаулығының жақсы болып, ауырмай-сырқамай өсіп жатқаны осы бір елгезек те, білікті фельдшер азаматтың арқасы. Бала-шағасының рахатын көрсін!» – деген жүрекжарды тілектерін жаудырады.

Қуаныш Ашықбайұлы оқушылық кезінен ынтызарлық танытып, жүрек қалауына айналған кәсібінің ыстығы мен суығына төзіп, халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуден жалыққан емес. Гиппократ антына сай ақ халатты абзал жан жедел шақыру келген жағдайда ауа райының қолайсыздығына қарамай сырқаттанған сәбилерге қол ұшын созуға асығады. Осындай қажырлы еңбегіне сай аудандық, облыстық денсаулық сақтау саласы басшылары тарапынан бірнеше Алғыс хат пен Құрмет грамотасын иемденген. Жуырда оның қатары тағы да толықты. Ауыл фельдшері Қ.Рысбай Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісін кеудесіне тағып, мерейі тасыды. Ол бұл жоғары марапатты ҚР Тәуелсіздік күні мерекесінде облыс орталығында аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақовтың қолынан алды.

– Жасөспірімдер денсаулығын нығайту жолындағы үлкен іске аянбай тер төге беремін. Берілген төсбелгінің өтеуін қайткенде қайтару – басты міндетім, – дейді өзіне бұрынғыдан да жауапкершілік арта сөйлеген Қуекең.
Сахи ҚАПАР

25 желтоқсан 2019 ж. 1 006 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930