YouTube-тың көптілді дубляж функциясы енді барлық авторларға қолжетімді
YouTube барлық авторлар үшін бейнелерді әртүрлі тілдерге дубляж жасайтын жасанды интеллектке негізделген жаңа функцияны іске қосты. Бұл туралы АЗЕРТАДЖ шетелдік БАҚ-тарға сілтеме жасап хабарлады.

Жаңа функция бейненің дыбыстық жолын көрерменнің ана тіліне аудару үшін Google-дың Gemini атты жасанды интеллект технологиясын пайдаланады.
– Енді, мысалы, АҚШ-тағы автор YouTube-қа жаңа видео жүктегенде, бірнеше сәттен кейін Корея, Бразилия немесе Үндістандағы жанкүйерлер оны өз ана тілінде көре алады, – делінген YouTube мәлімдемесінде.
Компанияның мәліметінше, видеоларына көптілді аудио жолақ жүктеген авторлар көрілімдердің 25%-дан астамы негізгі тілден басқа тілдерде жүзеге асатынын байқаған. Мәселен, әйгілі аспазшы Джейми Оливердің видеолары дубляж функциясын қолданғаннан кейін үш есе көп көрілім жинаған.
Бұл функция соңғы екі жыл бойы әзірленіп, тек MrBeast, Mark Rober және жоғарыда аталған Джейми Оливер сияқты таңдаулы авторларға ғана қолжетімді болған. Енді бұл мүмкіндік барша авторларға ашық.
Сонымен қатар, YouTube жасанды интеллект негізінде бейнежапсырмаларды (thumbnail) көрерменнің ана тіліне аудару функциясын да сынақтан өткізіп жатыр.