Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Алтын тәжге баланған асыл жапырақ

Алтын тәжге баланған асыл жапырақ

Ежелден адамдар табиғат тылсымын танып, оның өз өмірлерімен тұтастығы, ­байланысы сырына қанығуды мақсат тұтқан. Белгілі бір жүйе, ғылыми негіздеме шықпаған тұста да берік сеніммен алға адым басқан. Қоршаған ортадан ­жандарына дәру іздеп, сол арқылы ­аурудан айығатын амал тапқан. Осындай емдік өсімдіктер қатары көп. Бүгінгі әңгімеміз лавр жапырағы туралы болмақ.

Өсімдіктің бұл түрін білмейтін адам жоқтың-қасы. Сабағынан үзілмеген кезінде де, кепкен соң да қалпын жоғалтпайтын жапырақтың қасиеті қандай? Сыры неде?
Лавр жапырағы туралы сөз болғанда ойымызға екі бірдей аңызға тән мысал оралады. Оның біріншісі ежелгі Римнің саяси қайраткері, қолбасшы, жазушы Гай Юлий Цезарьдың басындағы гүлдестесі болса, екіншісі атақты Дельфи ойындары жарысы.

Жазба деректер тарихи тұлға Цезарьдың өсімдіктің бұл түрін қадір тұтуын түрлі мысалдармен өрбітеді. Алғашқы нұсқасы қолбасшының шашы ертерек түскенін айтса, тақырыпты зерттеушілер ресми түрде патша болмағандықтан, сенат оған гүлдестені тағып жүруге рұқсат бергенін алға тартады. Тарихта ежелгі Рим Құдайлары бірінің қолына осы жапырақты ұстаған бейнесі болғаны да айтылады.
Лавр – шыдамды, қалпынан айнымайтын ерекше өскін түрі. Ол ертеде мәңгілік өмірдің бейнесіне баланған.

1804 жылы 2 желтоқсанда Париждегі Богоматери соборында өткен Наполеонның таққа отыру рәсімінде император титулын қабылдау үшін зергер Мартин-Гийом Бьенне алтын лавр жапырақтарымен безендірілген арнайы тәж дайындаған.
Қалай десек те халық қалаған даңқты жорықшылардың жеңімпаз гүлдестесіне қасиетті жапырақты пайдаланып, өзінің батырлығының, тұрақтылықтың айбынына санап, үнемі тағынып жүруі кездейсоқтық емес.

Жоғарыда айтып кеткен Дельфийлік ойынның тарихы біздің эрамызға дейін, Овидия және Плутарха заманында басталған. Оны Пиф айдаһарын жеңу құрметіне Аполлонның өзі атаған. Кейіннен Аполлонның храмы орналасқан Дельфы қаласының құрметіне Пифилік ойындар Дельфилік деп аталатын болды. Жеңімпаздарға ойын басталған алғашқы жарыста медаль орнына лавр жапырағынан әзірленген десте сыйланған. Дәстүр әлі де жалғасын тауып келеді.

Тағы бір дерек сайыс жеңімпаздары аталатын «лауреат» сөзінің мәні «лавр жапырағымен дес­теленген» деген ұғымды береді екен. Бұлардың барлығы оның ертеден құнды затқа баланғанын білдіреді.
Өсімдіктің бұл түрінің денсаулыққа пайдалылығын адамдар ықылымнан ұғынған. Дайындалып жатқан тағамға қосылғанда ерекше дәм беріп, ауқаттанушының тәбетін оятады. Жер бетінің түкпір-түкпірінде лаврды ас үй ханшайымдары кеңінен қолданады.
Лавр жапырағының құрамында фитонцид сынды бізге қажетті микроэлементтер мол. Кептірілген лавр жапырағын халық медицинасында көп қолданған.

Оның тұнбасы бауырдағы тасты түсіру үшін, асқазан ауруын емдеп, адамның асқа тәбетін ашуға пайдаланған. Ал жүйке, миозит, артрит созылмалы ауруына шалдыққанда дәрігерлер теріні жас лавр жапырағы тұнбасына күнбағыс майын араластырып сүрту пайдалы десе, тағы бір емшара ретінде халық емшілері тұнбаға сірке қышқылы мен бал қосып ішуді ұсынады.
Тері ауруымен сырқаттанғандар үшін лавр тұнбасы таптырмас ем. Жапырақ субтропикалық климатта күн сәулесінен энергия алып өскендіктен, адам ағзасына берер пайдасы көп. Бұл пайдалы жапырақ төмендегідей аурулардың алдын алуға көмектеседі.
Диабет кезінде лавр жапырағының көмегімен қандағы қант мөлшерін төмендете аламыз. Ол үшін термосқа 10 жапырақ салып, 3 стақан қайнаған су құю керек. Тұнба 3 сағаттан кейін дайын болады. Бұл емдік сусынды күніне 3 рет тамақ жерден жарты сағат бұрын ішіңіз. Емделу курсы – 2 апта.

Қазір бас ауруға айналып отырған артық салмақтан арылу үшін 5-6 жапырақты ұсақтап турап, 1 стақан салқын су құйып, бір түнге қалдыру керек. Таңертең дайын суды 15 минуттай қайнатып, қақпақтың астында тағы 30 минут сақтап, қайнатпаны күніне 3 рет ішу керек. Бұл емделу курсына бір жеті. Жалғастырғыңыз келсе, міндетті түрде 2 аптадай үзіліс жасалуы керек. Сусын дәмді болу үшін бал, жаңғақ, даршын, жанжабіл, кардамон қосып ішуге болады.
Лавр жапырағы ауыз қуысы ауруларына қарсы. Егер адам аузынан жағымсыз иіс шықса, ол қызыл иегі ісініп, қанжел, стоматит, гингивит секілді ауруларға ұшырауы мүмкін. Мұндайда тамақ арасындағы үзілісте лавр жапырағын шайнаған дұрыс. Ерітіндісімен ауызды шаюдың да көмегі мол.

Егер ұйқысыздыққа ұшырасаңыз бұл жапырақтың иісі дәрілік шүйгіншөптен кем тыныштандырмайтынын ескеріңіз. Білетіндер жастықтың астына бірнеше лавр жапырағын салып жату, жаңа туған нәрестедей ұйқы сыйлайтынын айтады. Бұл әдіс балаларға да пайдалы. Мұндай хош иістен бала керемет қалың ұйқыға кетіп, түн ұйқысын мүлдем бөлмейтін көрінеді.
Ойламаған жерден денеңізді ара шағып алса, лаврдың бір талын зақымданған жерге қойып, байлап тастау қабынудан тез арада айықтырады.

Бұл өсімдік құрамында эфир майы болғандықтан, 10-15 жапырақты, қайнатып, бөлмеңізге қойып, үйіңізді залалсыздандыруға болады.
Гайморитпен ауырғанда мұрынға лавр жапырағынан алынған майдың бiр тамшысын тамызса, тыныс алу жақсарады. Сондай-ақ 10 дана жапырақты 1 литр суға салып, бiр қалыпты отта 5 минут қайнатып, буымен бес минуттай тыныс­тау да бұл ауруға жақсы көмектеседi.
Лавр туберкулездiң де алдын алады. Сондай-ақ оны рак, псориаз секiлдi дерттердi емдеу үшiн де пайдаланады. Ол үшiн 10 дана жапырақты жарты литр қайнаған суда ұстап, 2 сағат тұндырған соң, сүзiп алып тамақтанардан 20 минут бұрын iшу керек.
20 түйір лавр жапырағын 3 литр қайнап тұрған суға салып, кiшкене суытыңыз да, аяғыңызды буласаңыз, тершеңдіктен арыласыз.
Медицина өкiлдерi жүргiзген зерттеулер нәтижесiнде бұл өсiмдiктiң денсаулыққа берер пайдасы мен тигiзетiн залалдары анықталған.
Аллергиясы бар адамдар оны емделу үшiн немесе тағамға қосып пайдаланғанда абай болғаны жөн. Сондай-ақ емiзулi аналар да лавр жапырағына үйiр бола бермегенi абзал. Ал жүктiлiк кезеңiнде лавр жапырағын мүлде тұтынбағаны дұрыс. Себебi ол жатырдың белсендiлiгiн арттыратын қасиетке ие. Соның салдарынан жүктiлiк кезеңi уақытынан бұрын тоқтауы, яғни, түсiкке әкеп соқтыруы ықтимал. Бүйрек, бауыр мен жүрек ауруларына шалдыққанда да бұл өсiмдiк жапырағынан бас тартқан жөн.

Қазір дәріхана да, дәрілік қасиеті бар өнімді жарнамалайтын желілер де көп. Олардан шипасымен бірге залалын тартып жатқан жағдайлар да кездеседі. Тапқан қаражатымызды негізсіз шашып, ауруға ауру қосып алмай, көптеген дәрі-дәрмектің орнын баса алатын асүйдегі айықтырғыш, қарапайым жапырақтың пайдалылығын қаперге алғанымыз жөн.
ДайындағанАлтын ҚОСБАРМАҚОВА


26 қараша 2019 ж. 1 129 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930