Ассалаумағалейкум, АДЫРАСПАН!
Ислам ұғымында бір-біріне Алланың нұрын тілеген жамағаттың айтар «ассалаумағалейкум!» деген сөзінің сансыз өсімдіктің санатындағы адыраспанға да айрықша бағыттатуының сыры неде? Ол несімен қастерлі?
Наным-сенімнен бөлек ғылыми тұжырымадасы жасалған
емдік қасиеті бар ма? Біз бүгін соған тоқталмақпыз...
Көпжылдық өсімдік көп ауруға ем
Наным-сенімнен бөлек ғылыми тұжырымадасы жасалған
емдік қасиеті бар ма? Біз бүгін соған тоқталмақпыз...
Көпжылдық өсімдік көп ауруға ем
Адыраспан – Шығыс халқы кие тұтатын өсімдік. Дала шөбінің бұл түрін босағаға іліп қоятын, бәле-жәледен сақтайтыны сөзімізге дәлел. Деректерде: «Біздің арғы ата-бабаларымыз ұсақ жәндіктер жараланғанда адыраспанға аунап жазылатынын байқаған. «Адыраспан, адыраспан шыққан жерді, сірә, баспан» деп келетін магиялық формула-тіркес шөптің осындай айырықша қасиетіне байланысты қалыптасса керек» деген жолдар кездеседі.
«Сыйқырға» толы шөп деп санаған өскіннің сырын ертеден ұққан халық емшілері құяңға шалдыққанда, безгек ұстағанда, ісік, ревматизмнің салдарынан сүйектер сырқырап мазалағанда жапырағымен булауды ұсынады. Ежелгі Шығыс медицинасы өкпе ауруын өршітпеуге таптырмас құрал деп ұғынған. Бұдан өзге ентікпе, суық тию салдарынан дененің қалтырауын адыраспанның қайнатпасы жеңілдетеді. Тісті адыраспан шөбімен ыстаса, ауырғаны басылатынын біреу білсе, біреу білмейді.
Тер шығару мен несеп айдауда адыраспанның себі көп. Оның қабынуға қарсы қабілетін пайдаланып, ертеде бала көтермеген әйелдерді де емдеген. Тұнбасымен малярия, мерез ауруларын жазған, ірі қара малдарын қотырдан құтқарған. Көзі нашар көретін кісілерді адыраспанды бал мен шарапқа араластыратын амал дәстүрлі ем-шараларда әлі күнге дейін қолданылады.
Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баянында» біздің жерде өсетін өсімдіктер қасиеті ерекше аталады. Олардың қатарында адыраспан да бар. Тарихта Тарбағатай өңірінде ғұмыр кешкен Ырғызбай Досқанұлы емші бұл дәрілік өсімдік көмегімен Абайдың әкесі Құнанбайды ауыр дерттен жазып шығарған деген сөз бар.
Қап тауы жұрты адыраспанды ұйықтататын дәрі ретінде пайдаланған деседі. Ирак халқы оны «Уарау Аспанд» деп атайды екен. Бұл «барлық ауруға ем» деген ұғымға саяды.
Қазіргі медицинада пайдаланатын дәрі-дәрмектердің 40 проценті өсімдіктерден жасалады. Құрамында адыраспан қоспасы бар дәрілер қабыну, бас ауру, зәр айдауды жақсарту, іш ауруын алғашқы кезеңінде, тер шығару, ішек құрттарын өлтіру, орталық жүйке жүйесі жұмысын реттеп, жазуға жаратылады. Дәрігерлер эниефалит, эпилепсия, қалтырау салдарына ұсынады. Аталмыш шөптің емдік қасиеттері бұдан да көп.
Тұрмыста тұтынған
Ертеде адамдар адыраспанды бояу ретінде де қолданған. Мысалы, шөптің тұқымымен жүннен тоқылған бұйымдардың түрін қызыл түске бояп, тіпті заттың күн нұрына өңін бермейтін амалын тапқан. Түркияда ерте заманнан-ақ адыраспанмен фескан аталатын ұлттық бас киімін бояп киген. Ал халқымызда шөп тұқымымен қой, түйе жүнін бояп, алаша, текемет түріне көрік қосқан. Мәселен, ши тоқынғасында әлі күнге дейін адыраспаннан жасалған бояуды пайдаланады.
Адыраспан ерітіндісінің ауыл шаруашылығындағы зиянкестерімен күресте де орны ерекше. Ол өсіп тұрған маңайға шыбын-шіркей жоламайтын көрінеді. Белгілі жазушы әрі саяхатшы Темірхан Момбекұлы жазбасында: «Адыраспанның жерді азып-тозудан сақтайтынын көбіміз біле бермейміз. Мен оны өз көзіммен көрдім. Адыраспан айналасына шөптердің тұқымын жинап, олар өсіп-жетілген кезде өзі жойылып кетеді екен», – деп ерекше атап көрсеткен. Микробтарды жоятын қасиетін сезінсек, оның түтінімен жұқпалы сырқаты бар адамдардың бөлмесін ыстап қоюға таптырмас құрал екенін ұғынамыз.
Аңыздың айтары
Адыраспанды кез келген адам жұлмаған. Оған түрлі себеп бар. Біріншіден, қауызы толып, тұқымы толық піскен кезде ғана алынған. Екіншіден, ер адамның ғана үзуіне рұқсат етілген. Үшіншіден, сол адамның жаны ғана емес, үсті-басы таза, дәреті бар екеніне мән берілген. Төртіншіден міндетті түрде Аллаһқа құлшылық етіп:
«Бисмиллаһи-ир-рахман-ир-рахим!
Мен келдім әр нәрсеге, адыраспан,
Атыңды қойған екен Омар, Оспан», – деп барып, өсімдіктің сағағына қолын тигізген.
Бұл жердегі Омар мен Оспан – Пайғамбарымыз Мұхаммед ғалаһауи-с-саламның әйгілі сахабаларының есімі.
Киелі шөп туралы қаламгер Ырысбек Дәбей мынандай қызықты дерек айтады.
Әзіреті Оспан əскер бастап жорыққа аттанып бара жатып, жолда бір жерге түнейді. Түнде жаулары тыңшы жіберіп, байлаулы тұрған аттарын босатып, жан-жаққа қуалап, үркітіп жіберіпті. Түнімен аттарын іздеп шаршаған сахабалар Оспанның атының шылбыры бір өсімдіктің түбіне оратылып қалғанын көреді. Бұлар жақындай бергенде, оның кісінеген дауысын естіп, өзге жылқылардың бəрі сол араға жиналады. Оспан атына жақындап келсе, шылбыры беймəлім өсімдіктің сабағына ілініп қалыпты. Оспан оны дорбасына салып алады. Сол жорықта жолы болып, жеңіспен оралады. Елге келген соң, Мұхаммед (с.а.у) пайғамбарға болған жайды баяндайды.
Пайғамбар: «Бұл шөптің аты қалай?» – деп сұрайды. Оспан: «Мұны «адыраспан» деп атап едім», – дейді. Пайғамбар: «Жаратушы бұл шөпті себеп қылып, сендерді бір апаттан сақтапты. Жауларыңның алдында абыройларыңды түсірмепті. Бұдан кейін де осы адыраспан менің үмбетіме игілікті қызмет етсін. Бойына кие дарып, қасиет бітсін! – деп аят оқып, шөпке дем салған екен. Содан бері адыраспанға емдік қасиет дарыпты. Беріге дейін жұрт оны «Оспанның адыраспаны» деп атап келіпті.
Өсімдікті қалай қолдануға болады?
Оңтүстік өңіріне бара қалсақ, адыраспанды тұтатып, адамдарды аластап, кәсіп етіп жүрген жандарға көптеп кездесеміз. Оны өзіміз істеуге бола ма? Әрине, болады екен.
Ескере кететін жайт: адыраспан улы болғандықтан, пайдалану мөлшерін сақтап, абайлап қолданған жөн. Әдетте емшілер дәрілік шикізат ретінде шілде айында гүлдеген кезінде жинап алады. Ол кезде оның тамырдан жоғары жағынан ұқыпты кесіп, енді пісіп-жетілген бұтақшаларын, жапырағы мен гүлін бір қиқымын жерге түсірмей, көлдей орамалға түйеді. Кептірер кезде темір шатыр астындағы көлеңкелі, ауа өтіп тұратын жерге қойылады. Осылайша ол екі жыл сақталады. Ал тұқымын өскіннің қауашағы ашыла бастаған кезде теріп алады. Оны да төбесі жабық болғанымен, ауа өтіп тұратын бастырма астында кептіреді. Мата төсеп, тұқымын шөбі мен қауызынан ажыратады.
Олай етуге мүмкіндік болмаса, елді мекендерде тұратын адамдар арқылы оған қол жеткізуге болады. Немесе біз үшін ең тиімдісі – сауда қатарларынан сатып алу.
Егер үйдегі жас сәбиге біреудің сұқтанғанын көңілге алып қалсаңыз, кейде көңіліміз құлазып, ештеңеге зауқыңыз соқпаса, жыл мен тәуліктің кез келген уақытында дереу адыраспан түтетіп жіберіңіз.
Әр үйде адыраспан түтетуге арналған ыдыс болуы тиіс. Оны тамақ ішетін, киім жуатын, малға шөп беретін ыдыста түтетуге болмайды. Олай етсе, құрамындағы улы қоспалары кері әсер етуі мүмкін.
Түйін
Бірде Қытайдан келген оралман танысым өз еліндегі сотты болатындардың дені өсімдік ұрлығы, табиғатқа залал келтіргендер екенін айтқанда таң қалдым. Сондай бағалы өсімдіктер қатарында адыраспан да бар екен. Мұның себебін ол аспан асты еліндегі жойылып бара жатқан флора әлеміне деген әрекеттің алғышарты деп түсіндірді.
Бірер жыл бұрын қытайлықтардың біздің жаққа келіп, қызыл мия, қылша шөптерін теріп жүргенін жарыса жаздық. Ғалымдар адыраспанға да олардың қызығушылығы жоғары екендігін айтып, дабыл қағып отыр.
Адыраспанның Қазақстанда бір ғана түрі өседі. Қазір біздің бала күнгідей аула мен ауыл арасында қалың өсетін адыраспанды кезіктіру сирек. Оның сыры беймәлім. Бұл да көпті алаңдатуы тиіс. Енді бірер жылда ғаламатын ғылым түгел зерттеп бітпеген шипалы шөп шекара асып, табиғат берген тамаша тартудан тек қалмасақ болғаны.
Дайындаған
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА