Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Талғамай тамақтандырудан не табамыз?

Талғамай тамақтандырудан не табамыз?

Кішкентайыңыз тамақ жей ме? Оны үйдегі тағамдармен тамақтандыру дұрыс па әлде зерттеуден өткен дүкен сөрелеріндегі балаларға арналған азықты алып берген дұрыс па? Тақырыпқа орай кеңесті кімдер бере алады? Бұндай арнайы мамандар ма? Бұл сұрақ бүгінде кішкентай сәби өсіріп отырған әрбір ананың «бас ауыртатын» мәселесі.
Бала ағзасында ересектерге қарағанда біршама айырма болады.
Оларда асқазанның көлемі кішкентай болғандықтан, өңештің қарынға түсетін жері жабылмай ұдайы ашық тұрады. Жиі құсып қоюының себебі де осыған баланысты. Ал көп құспауы үшін оған тамақтың көлемін оның жасына сәйкес беру қажет. Ішектің шырышты қабатындағы қан тамырлары сәл ас қорыту бұзылса, уыт денеге тез жаятынымен қауіпті.
«Жұтқан бала жұтамас» деп үлкендер әдетте айлық сәбилерге еттің қамырын, картоп, нан үзігін ұстатып қойса, жастар жағы дайын езбелер мен тез әзірленетін ботқа, йогуртты жегізуге құмармыз. Таныс амалдың қайсысы дұрыстығын білу мақсатында «Қазалы теміржол ауруханасы» ЖШС емханасына бас сұқтық. Бізді онда бала дәрігері, емхана бөлімінің меңгерушісі Шара Байбазарова жас аналар мектебінің ресурстық орталығы жұмысымен таныстырды.
Мұндағы ұстанатын басты қағида – балаларға дұрыс күтім жасау талаптарымен ұштасады. Олар: тамақтануды дер кезінде енгізу, реттелігі бойынша жеткіліктілігін қадағалау, құнарлылық құндылығының талапқа сайлығы, қуатпен қамтамасыз ету, қауіпсіздік шаралары.
«Бала туғаннан бастап тек табиғи тамақтандырумен азықтанса, бес айдан асқан соң ана сүтімен бірге тамақ беру ұсынылады. Бұл кездеомырау сүті құрамындағы темір, өзге де дәрумендер баланың жетілуіне жеткіліксіздік етеді. Сондықтан алты айға толғанда оларға қосымша тамақ беру басталады. Тамақ арқылы ағза қажетті заттар мен өсуге керекті пластикалық материалдарды қабылдайды. Баланы рациональды тамақтандыру оның дұрыс дене құрылысын, психикалық дамуы мен жақсы қалыптасуын қамтамасыз етеді», – деп бастады әңгімесін Шара Кәрібайқызы.
Дәрігердің айтуынша, дер кезінде тамақтандырмаудың теріс салдары ана сүтін азайтып, бала иммунитетін төмендетіп, инфекцияға ұшырау және аллергиялық аурулардың болуын жоғарылатса, ал алты айға дейін қосымша тамақпен тамақтандыру, бала асқазанына ауырлық әкеледі екен. Бұл мерзімнен кеш енгізу дамумен бірге ішек, тыныс алу ауруларының, қаназдықты тудыруға әкелетін көрінеді.
Алғашқы тамақтандыру оңайға соқпағанымен, дер кезінде назар аудару балаңыздың дұрыс қалыптасуының негізгі кепілі саналатындықтан, оған әрбір ата-ана бейжай қарамауы керек. Алты айға толған бүлдіршінді бір тәулікте 6 рет ана сүтімен қоректендірумен бірге 3 рет қосымша тамақ берілуі тиіс. Бұл уақытта қарақұмық, күріштен дайындалған ботқа, картоп езбесі, айранды бір-бірімен кезектестіріп отыруға болады. Кей жағдайда бала ана сүтінен ерте шығып кетеді. Оған аналардағы сүт жеткіліксіздігі, денсаулығындағы кінәрат себеп болуы мүмкін. Мұндайда қосымша сүт алмастырғыштан бөлек күніне 5 рет қосымша тамақтандыру маңызды.
Бұл кезде сиыр, қой, жылқы, құстың майсыз етін екі қайтара еттартыштан, онан соң елек көзінен өткізіп езбесін беру ұсынылса, 7 айдан бастап аталған ет түрлеріне қосымша бауыр, тартылған балық еті, 9 айға толғанда еттің қайнатылып, майдалап тартылған түрі пайдаланылады. 7 айдан бастап жармаға тары, арпа, сұлы қосылады.
Бұл күні біз орталық жұмысымен танысып, олар даярлаған тағамнан дәм таттық. Байқағанымыз қосымша тамақ әзірлеуде асқа отбасы мәзірін пайдалану тиімді. Біздің көз алдымызда суға пісірілген тұзсыз, қантсыз күріш үккіштен үгітіліп, аз мөлшерде сүтке араластырылып, елек көзінен өткізіліп, одан шыққан қоймалжың массаның біріне аз мөлшерде алмұрт, екіншісіне алма мен суға піскен сәбіз қосылды. Естуімізше, асқабақ та пайдалануға болады екен. Дайын тәтті езбе кішкентайлар сүйсініп жейтін «Агуша» өнімінен бір мысқал кем түспеді. Бастысы, қолжетімді, сапалы, қауіпсіз. Ал дүкен сөрелеріндегі балалар тағамдарының сақталу мерзімін ұзартуға пайдаланылатын түрлі қоспалардың құрамын ешкім білмейді.
Орталық мамандары ата-аналарға тамақты 6 айда езбе, 7 айда кішкене түйіршік, 8 айда үлкен түйіршік, 9 айда майда кесілген бөліктер түрінде берілуін қадағалау керектігін айтып өтті. Олар баланың жақ қызметінің жақсарып, асқазан, іш құрылысының дұрыс қалыптасуына да оң әсерін тиігізетінін мысалдармен жеткізді.
Біз бұл орында аналар жіберетін бірнеше қателікке жауап таптық.
Көбіне тісі жоқ балаға жұту оңай деп ұнтақ жармасын (манный) дайындап береміз. Тәжірибелі бала дәрігері жарманы балғынға бір жастан асқан кезде беру керектігін ескертті. Оның құрамындағы глютень зиянды қоспа нәрсіз, ұннан ғана тұратындықтан, ол асқазанға ауырлық салады.
Тамақ пен шайды бірге ішу зиянды екенін білсек те, көбіміз оған назар аудара бермейміз. Оның құрамындағы танин тағамдағы темірді тұтып қалады да, қаназдық ауруының туындауына әкеліп соғады. Қазақстандағы анемияның ұлттық аурулардың біріне айналуының себебі осымен байланысты.
«Маш, бұршақ дегенді біз мүлде жемейміз. Ал еттің орнын алмастыратын дәруменге мол үрмебұршақты көбі білмейді. Тауық еті, бұқтырылған еттен гөрі пайдалы асты әрбір үй рационына енгізсе, дұрыс болар еді. Өкінішке орай, балалар тұрмақ, ересектер де жемейді. Бірде танысымыздың бірі үйге келіп: «Сендер асбұршақ сорпасын ішесіңдер ме? Ол аурухананың тамағы емес пе?» – дегені бар», – деді Шара Байбазарова.
Дәрігер өз сөзінде қарақұмықты жегізу балаға қиындық тудыратынын ата-аналар жиі айтатынына тоқталды.
Піскен қарақұмық қабықтары өзінен ажырап қалады. Бұл тікенді қабық баланың жұмсақ тіліне тиген кезде бойына тітіркеніш сезімін туғызып, тәбетін қашырады. Ондайда асылған қарақұмықты електен өткізу арқылы қабығынан ажыратып, баланың кедергісіз жұтынуына көмектесе аламыз. Ал асылған жұмыртқа кішкентайларға 7 айдан бастап берілуге болатынын білдік.
Бізбен қоштасарда Ш.Байбазарова: «Егер осы жайтты учаскелік дәрігерлер қадағалауынан шығармай, әрбір ата-ана білсе, бізде ауру балалар болмас еді», – деді.
Тақырыпты талдау барысында ірі сауда орнының біріндегі балалар тағамдарын сататын орынға бардық.
Алғашында тамақтар құрамы туралы мағлұмат беріп тұрған сатушы тілшілік куәлікті көрген соң айтылған сөздерінің бәрінен бас тартып шыға келді. Әлгіндегі пікірінің бәрін жоққа шығара отырып, айтқандары баспасөз бетінде жарық көрсе, өзінің жұмыстан қуылатын қаупін де жасырып қалмады. Аз уақыттағы жедел сұхбаттан ұғынғанымыз, ата-ана сұранысына орай сатушылар кеңес беру арқылы тауарларын жарнамалайды. Кей жағдайда балаларға өнімдер жақпай қалып жатқаны болмаса, оларды бақылаушы, тексерушілер жоқ. Тек шығарылу мерзімі өтіп кетпеуін қадағалап тұру жеткілікті.
Ал ана ретінде кеңес сұраған бізге кәнігі бала дәрігері сынды сатылатын өнімінің құрамын, оның бала денсаулығына пайдалылығын дәйекті түрде талдап тұрған жас дәріханашы қыз заттары аллергиялық әсер туғызса не сақталу мерзімі асып кетсе де      жауап бермейтінін ашып айтты. Себебін сұрағанымызда, касса жанында тұрған «Дәріханадан сатып алынған дәрі-дәрмектер қайта алынбайды» деген жазуы бар тақтайшадағы бір ауыз сөзді нұсқады.
Тағам құрамын зерттейтін эпидемиологиялық орталық мамандары бұл бағытта өз беттерінше жұмыс істей алмайтынын, егер мәселе туындаса, жекелеген азаматтардың ақылы негізде шағымдануы арқылы зерттеп-зерделеу жүзеге асатынын жеткізді.
«Ас – адамның арқауы» екенін айта отырып, бар аурудың басы – астан басталатынын соңындағыларға айтып кеткен бабалар тағылымы талғамсыз тамақтанудан келетін қауіптен сақтандыруды мұрат еткен. Ертеңгі болашағымыз дұрыс болсын десек, бесіктегі баланың талғамымен бірге тамағын қадағалауды естен шығармайық.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
29 қазан 2019 ж. 681 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 100

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930