Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерінің тегін еншілеу дұрыс па?

Ерінің тегін еншілеу дұрыс па?

Қазіргі таңда неке тойынан кейін өз тегінде қалатын немесе күйеуінің тегін алатындар бар. Алайда менің құрбыларымның басым көпшілігі тегін ауыстыруды мақұлдамайды. Оның бір себебі, құжаттарды ауыстырудағы қиындық десе, екіншісі әркім өзінің ата-тегінде қалғаны орынды дейді. Керсінше, бір текті иемдену – ер мен әйелді бір-біріне жақындастыра түседі дейтіндер де табылды.

Берік СҮЛЙЕМЕНОВ,
аудандық «Жанқожа батыр» мешітінің Бас имамы:
– Әйел адам тұрмыс құрған соң күйеуінің тегіне өтудің дұрыс, бұрыстығына байланысты екі түрлі пікір бар.
Бірінші: «Әйел адам ерінің тегіне өтуі күнә. Өйткені, өзін өзгенің ұрпағынан санауды тыйған Пайғамбар сөздері бар. Пайғамбарымыз (с.а.у) асыл сөзінің бірінде: «Кімде-кім өзін өз әкесіне емес, өзгеге қатысты етсе, Алланы, періштелердің және бүкіл адамдардың лағынеті соған болсын», – деген. Сонымен қоса «Бұл мұсылман қоғамына жат өзге діндегілерлің үрдісі», – деген пікірде.
Екінші: Әйел өз ерінің тегін алуына рұқсат. Өйткені Құран аяттарында «Нұхтың әйелі және Луттың әйелі...», – деген сияқты аяттар қайда тұрмысқа шыққанын танытып, білдіріп тұр. Қазіргі таңдағы өз ерінің тегімен жазылу үлгісі де таныту мақсатында жасалғандықтан шариғатқа теріс емес.
Екі пікірді қорыта келе айтарым, әйел кісі өз ерінің тегін алу міндетті емес, күйеуі оны мәжібүрлей алмайды. Ал біздің елде ерінің тегін алған әйел әкесінің атын емес, тек тегін өзгертумен шектелгендіктен күнә емес десек қателеспейміз. Дұрысын Алла біледі.

Қаракөз ЕРМЕКБАЕВА:
– Мен күйеуімнің тегіне өткенмін. Одан осындай зардап шектім дей алмаймын. Күйеуім өтінді, мен құп көрдім. Онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын.
Мен басқа ұлтқа тұрмысқа шығып немесе өзге дінді қабылдап жатқаным жоқ. Ерімнің тегіне өткендігімді әбес санамаймын. Жолдасым өз тегіне өту туралы ұсыныс айтқанда өз әке-анама хабарласып, ризашылықтарын алдым. Анам: «Ендігі жерде күйеуің не айтса, соны орында», – деді.

Дина ҚҰРМАНАЛИЕВА:
– Мен әр қыз бала өз тегінде қалғаны жөн деп ойлаймын. Болса да барған жеріміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрміз. Ең болмаса әкеміздің атын сақтап қалайық. Қайын жұртқа басқа қызметімізбен, құрметімізбен де сыйлы болуға болады. Ислам діні де бұны құптамайды деп оқығанмын. Екінші жағынан қарасақ, қазақта атасының атын атау ұят болады. Қажеттілік туындап фамилияңызды сұрай қалса, айта алмай қиналып қалғаннан не болмаса «дүрс» еткізіп айта салғаннан, өз ата тегіңізде қалғаныңыз дұрыс.

Ақнұр ӘШІРБЕКҚЫЗЫ:
– Әркімде әртүрлі себеп болады. Мәселен, кейбір еркектер әйелінің өз фамилиясына өтпегеніне ренжиді, ал біреулері үшін ол маңызды емес. Кейбір қыздар мұны мүлде қабылдай алмайды. Өзін басқа фамилиямен атаса, бөтен адам сезінетін жағдайлары да бар.
Сол себепті де әркім өз таңдауын, жүрек қалауын жасағаны дұрыс. Күйеуіңіздің тегін алу керек, не алмау керек деп кесіп-пішіп айтпаймын. Өзіме келер болсам, әлі тұрмыс құрмадым. Бұл мәселені келешекте ата-анам мен жолдасыммен бірлесе отырып шешемін деп ойлаймын.
P.S:Бұрын психология ғылымында әйелдің күйеуінің тегіне өтуі сол отбасының тіршілігіне сіңісуіне жеңіл болады деп оқығанмын. Әрі күйеуін сыйлап, кішірейіп тұратының белгісі іспетті екен. Бұл, әрине біржақты ғана пікір. Себебі тегін ауыстырып ажырасып кеткендер бар, ал әркім өз тегінде қалып бірге ғұмыр кешіп жатқандар да аз емес. Бұл жердегі нәтиже екеуінің түсініктеріне байланысты секілді. Ал Еуропа елдерінде тұрмысқа шыққан қыздың есіміне «Миссис» сөзі жалғанады. Яғни, басы бос емес екенінің айғағы. Мұндай жағдайда оларға құжатын ауыстыру қажет емес.
Таңдау әркімнің өз еркінде. Бұған сіз не дейсіз?
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

29 қазан 2019 ж. 732 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031